Қазақстанның ең үздік теннисшісі Елена Рыбакина Берлинде өтіп жатқан жүлде қоры 678 814 еуроны құрайтын халықаралық турнирдің екінші айналымынан аса алмады.
Тұсаукесер кездесуінде ресейлік Полина Кудерметованы ойсырата ұтқан жерлесіміз екінші кезеңде Донна Векичпен күш сынасты. 28 шілдеде 27 жасқа толғалы отырған Хорватияның өкілі әлемдік рейтингте 21-орынды иеленген. Кезінде ол WTA турнирлерін төрт рет ұтқан. Былтыр Аустралияның ашық біріншілігінің ширек финалына дейін жетті. Иә, Рыбакинаның табысы қарсыласынан әлдеқайда зор екені анық. Соған қарамастан, 2 сағат 14 минутке созылған бәсеке 6:7, 6:3, 6:4 есебімен Векичтің пайдасына шешілді. Дәл осы турнирде Анна Данилина табысты өнер көрсетіп жатыр. Қытайлық Сюй Ифаньмен жұп құрған ол германиялық Лаура Зигемунд пен ресейлік Вера Звонаревадан басым түсіп, ширек финалға шықты – 6:3, 6:1.
Германияның Галле қаласындағы АТР додасын Александр Бублик табысты бастады. Ол әлемнің 14-ракеткашысы, хорватиялық Борна Чоричті шаң қаптырды – 6:3, 6:1. Кеше кешкісін корт қожайыны Ян-Леннард Штруффпен шеберлік байқасты.