Олар – бір мамандықты өмірлік кәсіп етіп, қоғам тыныштығын күзетіп жүрген жұбайлар. Отанмен бірге отбасының да бірлігі мен татулығын сақтап өмір сүру – жауапты іс. Полиция қызметінің бар ауыртпалығын бірге көтеріп, тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан тәртіп сақшыларының қатарында Жәнібек пен Әйгерімнің шаңырағын да ерекше айтуға болады.
Олар ішкі істер органдарына жүрек қалауларымен келді. Жәнібек Төлепов 2012 жылы, ал Әйгерім Санабаева 2015 жылы полиция қатарына қабылданған. Содан бері оқалы форма киіп, погон таққан жас жұбайлар бұл салаға келгендеріне өкінген емес. Екеуі де қазір Атырау облысының Жылыой аудандық полиция бөлімінде еңбек етеді.
– Мен осы қызметке алғаш келген кезде өзімнің болашақ жұбайымды кезіктірдім. Кейін отбасын құрдық. Ол кезде мен Жылыой аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандардың учаскелік полиция инспекторы едім. Ал Жәнібек учаскелік полиция инспекторы болатын, – дейді Әйгерім Санабаева.
Бүгінде ерлі-зайыптылардың екеуі де полиция капитаны. Өз қызметтеріне берілген олар қажырлы еңбектерімен көзге түсіп жүр. Бұл салада өз басын қатерге тігіп, адам өміріне араша болуда ерліктің хас үлгісін көрсеткен жандар аз емес. Солардың бірі – біздің кейіпкеріміз Жәнібек Төлепов. Ішкі істер органдары қызметкерлері жұмыс бабында небір шытырман оқиғаларды бастан кешіретіні белгілі. Өйткені тәртіп сақшылары үнемі қылмыс, құқық бұзушылық, төтенше жағдайлардың басы-қасында жүреді. Кейіпкеріміз сондай оқиғалардың бірімен бөлісті.
– 2021 жылы 11 сәуір күні таңғы сағат 04.17 шамасында Жылыой аудандық полиция бөліміне Құлсары қаласының көпқабатты үйлерінің бірінде өрт шыққандығы туралы хабар түсті. Төтенше жағдайлар қызметкерлеріне хабар берілгеніне қарамастан, олардың келуін күтпей жанымдағы әріптестерім, «Қайсар» түнгі тосқауыл тобының қызметкері, полиция аға лейтенанты Алмат Шахаев, патрульдік полиция взводының инспекторлары, полиция аға лейтенанты Марат Ансат және полиция кіші лейтенаты Ақжол Тойғұловпен бірге өрт шыққан үйдің тұрғындарына көмектесуге кірістік.
Оқиға орнына жеткенімізде, тілсіз жау күш алып, үйдің ішін қою түтін басқан. Түтін арасынан жол тауып, көпқабатты үй ішін тексеріп, көршілес пәтерлерден төрт және алты жас аралығындағы балалар мен ересек адамдарды сыртқа шығарып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырдық. Іштегі жандардың бәрі де сыртқа шығарылғанына көзіміз жеткенше үйге кіріп, түтінге оранған бөлмелерді қайта-қайта тексердік. Қандай жағдай болсын бірінші кезекте халыққа көмектесу – міндетіміз. Бұл әрекетімізді ерлік немесе батырлық деп санамаймыз. Бастысы, жедел әрекет етіп, шешім қабылдағанымыздың арқасында адамдар дін аман, – дейді учаскелік полиция инспекторы.
Сол күні полицейлер мен төтенше жағдай қызметкерлерінің батыл шешімі арқасында адам шығыны болған жоқ. Бастарын қатерге тіккен Жылыой аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері нағыз азаматтықтың үлгісін көрсеткен болатын. Кейін адам өмірін құтқаруда көрсеткен ерлігі үшін Жәнібек Төлепов Ішкі Істер министрлігінің «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.
Халықпен тіл табысу – учаскелік полиция инспекторлары үшін ең басты талап. Жәнібек пен Әйгерім халықтың сенімі полиция жұмысының басты көрсеткіші екенін айтады. Бүгінде қос бірдей полиция капитаны – ел тыныштығын қорғайтын сақшы ғана емес, сонымен қатар отбасының берекесін сақтап, Жансая мен Айзере атты екі қызды өсіріп отырған ата-ана. Қыстың ызғары мен жаздың аптабына қарамай, ел мүддесі, тұрғындардың тыныш ұйқысы мен жарқын болашағы жолында тынымсыз қызмет етіп жүрген тәртіп сақшыларының еңбегі қандай мақтауға да лайық.