• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Футбол 26 Маусым, 2023

Бізден де бір сұрмерген шықса

256 рет
көрсетілді

Футболдан 2024 жылы өтетін Еуропа чемпио­натының іріктеу турнирінде Қазақ­стан Даниядан кейін Солтүстік Ирлан­дияны ұтып, қатарынан екі сенсация тір­кегені білгілі. Ал Исландия мен Порту­га­лия құрамалары Рейкьявиктегі «Лёй­гар­тальсвётлюр» ұлттық стадионында күш сынасып, бұл бәсеке 1:0 есебімен қонақ­тардың пайдасына шешілген еді.

Аталған матчта жеңіс голын 90-минутта Криш­тиану Роналду соқты. Осы күнге дейінгі төрт бәсекенің барлығын жеңіспен аяқтаған Португалия құрамасы 12 ұпай еншілеп, J тобының жарыс кестесінде жеке-дара көш бастап тұр. Осы кездесуден кейін Роналдуға өз елінің ұлттық командасының сапында 200 ойын өткізген ойыншы ретінде Гиннестің рекордтар кітабының арнайы сертификаты табыс етілді. Күні бүгінге дейін жер-жаһандағы бірде-бір футболшы дәл осындай көрсеткішке қол жеткізе алған жоқ еді.

Осы орайда Португалия құрамасы сапында Роналду өзінің алғашқы матчын Қазақстанға қарсы өткізгенін айта кеткен абзал. 2003 жылдың 20 тамызында Шавиш қаласында аталған екі команда жолдастық кездесу өткізді. Ойынның екінші таймында 18 жастағы Криштиану алаңға шықты. Бұл бәсеке 1:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді. Жалғыз голды 65-минутта Симау Саброза соқты. Ал Роналдудың өзі осы матчтың ең үздік ойын­шысы деп танылды.

Уақыт оза Криштиану әлемдік футболдың шоқ­жұлдызына айналды. Әр жылдары ол «Спортинг» (2002-2003), «Манчестер Юнайтед» (2003-2009, 2021-2022), «Реал Мадрид» (2009-2018), «Ювентус» (2018-2021) клубтары сапында өнер көр­сетті. Талай дүбірлі додада Португалияның намысын абыроймен қорғады. Өзінің өрелі өнері мен теңдессіз шеберлігінің арқасында көптеген атақты иеленді.

Португалия құрамасы сапындағы алғашқы голын Роналду 2004 жылы Еуропа чемпионатының топтық турнирінде соқты. Грекияға қарсы кездесудің екінші таймында жасыл алаңға шыққан болашақ жұлдыз қосымша уақытта нысананы дәл көздеді. Өз елінің бас командасы сапында жасындай жарқылдаған 20 жыл уақыт аралығында Криштиану 122 мәрте мергендік танытып, 43 рет нәтижелі пас берді.

Статистикаға жүгінсек, Португалия мен Қазақ­стан құрамалары өзара үш рет күш сынасқан екен. «Еуро-2008» додасының іріктеу турнирінде олар екі мәрте кездесті. Пиреней түбегінде өткен матчта алаң иелері 3:0 есебімен жеңіске жетсе, Алматыдағы Орталық стадиондағы бәсекеде жер­лестеріміз 1:2 есебімен жеңіліс тапты. Осы ойынның екеуінде де Криштиану Роналду гол соқты. Бізден Роналду сияқты сұрмерген қашан шығар екен?