Алматыда Орталық Азия елдері мен Ресей Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының бірінші кездесуі өтті. Жиында әлемдік қауіпсіздік мәселесінің маңызды тетіктері сараланып, тараптар өз ойларын ортаға салды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев форумға қатысушыларға арнаған құттықтау бейне-үндеуінде қазір аймақ үшін тұрақтылықты сақтау және қауіпсіздікті нығайту аса маңызды міндет екенін атап өтті. Ол үшін ықтимал қауіпке дұрыс болжам жасау, алдын ала әрекет ету шаралары және жаңа әрі сапалы ортақ әдістерді жедел әзірлеу маңызды.
Басқосуда қазіргі халықаралық жағдайды және аймақтағы елдердің ұлттық мүдделерін ескере отырып, ынтымақтастықтың нақты салаларын дамыту қарастырылды. Президент көмекшісі, Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов ынтымақтастықтың басым бағыттарын, оның ішінде Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға, көлік және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бірлесіп әрекет етуді ұсынды. Климаттың өзгеруі жағдайында ортақ экожүйені сақтау үшін су қауіпсіздігі мәселесі ерекше назар аударуды қажет ететін тақырып ретінде талқыланды.
Сонымен қатар Ғизат Нұрдәулетов пен Ресей Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушевтің төрағалығымен екіжақты кездесуде тараптар Орталық Азиядағы терроризм мен діни экстремизмге қарсы іс-қимыл бойынша ынтымақтастықты талқылап, қазіргі геосаяси жағдайға баға берді. Оған тиісті мемлекеттік органдардың басшылары мен қызметкерлері қатысты.
Жиын қорытындысына сәйкес Орталық Азия мемлекеттері арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар нығайып, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты дамыту жандана беретіні айтылды.
АЛМАТЫ