Алматы облысының Балқаш ауданында орман өртеніп жатыр. Өрт ошағына өрт сөндірушілер, орман шаруашылығы мен Іле-Балқаш табиғи резерватының қызметкерлері жұмылдырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 26 маусымда өрт сөндірушілер өрт аумағын 150 гектардан 120 гектарға дейін қысқарта алған. Өрт аумағына жұмылдырылған 80 адам өртпен әлі де күресіп жатыр.
«Өртті сөндіруге 34 қызметкер, 3 техника, 1 жүзу құралы мен дрон жұмылдырылған. 26 маусымда қосымша 13 адам, 2 техника мен 2 мотопомпасы бар 1 жүзу құралы жіберілді. Сонымен қатар «Іле-Балқаш» РММ 25 адамы мен 10 техникасы, орман шаруашылығының 8 адамы мен 4 техникасы жұмылдырылды», делінген министрлік хабарламасында. Бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігі Іле-Балқаш табиғи резерватында ірі өрт шыққанын хабарлаған еді. Қызыл жалын 6200 гектар жерді қамтыған.