Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан Республикасына ірі көлемдегі есірткі заттарын кіргізудің кезекті әрекетіне тосқауыл қойды, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2023 жылғы 31 мамырда Жамбыл облысының Қордай ауданындағы «Қарасу» өткізу пунктінде шетелдік азамат тізгіндеген жүк көлігі тоқтатылды.
«Көлік құралын тексеру барысында өзге тауарлардың арасына жасырылған 800 келіге жуық каннабис шайыры табылды. Тәркіленген заттардың «қара нарықтағы» құны 6 млн АҚШ долларынан аса сомада бағаланды», делінген ҰҚК хабарламасында.
ҰҚК органдары есірткі заттарын заңсыз тасымалдау және өткізу фактісі бойынша Прокуратура органдарымен бірігіп, сотқа дейінгі тергеу әрекеттерін бастады.
Жедел-тергеу іс-шаралары барысында тәркіленген есірткі заттары Ресей Федерациясындағы қылмыстық топ мүшелеріне арналғаны анықталды.
Ресейдің құзыретті органдарымен бірлескен іс-шаралар барысында есірткі трафигінің ұйымдастырушылары ұсталды.