• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 27 Маусым, 2023

Білім жүйесіндегі сыбайластық

2007 рет
көрсетілді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі білім беру жүйесіндегі жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізіп, бюджет қаражатын жымқырудың тұрақты қылмыстық схемаларын ашты.

Кейінгі үш жылда мемлекет білім беру саласын дамытуға 12,1 трлн теңге бағыттаған. Бұл 2021-2023 жылдарға арналған мем­ле­кеттік бюджеттің барлық шығыс­ының 28 пайызын құрайды. «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, мұғалімдердің жалақысы екі есеге, ал ғылыми дәрежесі мен сабақтан тыс сабақтары болған жағдайда үш есеге арттыруға мүмкіндік берілді.

Әлеуметтік қолдау шараларына қарамастан білім беру саласы ең көп жемқорлық жайлаған салалардың бірі болып қалып отыр. 2020 жылдан бастап осы саладағы қылмыстық істер бойынша 143 адам сотталды. Мемлекетке келтірілген залал шамамен 11 млрд теңгені құрады, оның 5,2 млрд теңгесі өтелді. Тек Жетісу облысында қалалық білім бөлімінің қызметкерлері 2,5 жыл ішінде 4,4 млрд теңгені ұрлаған. Қылмыстық топқа басшы және екі білім беру бөлімінің бухгалтері, сондай-ақ 13 мектеп бухгалтері кірген. Мұндай қылмыстық схемалар елдің барлық аумағында анықталып отыр. Алматы, Шымкент қалаларында, Қызылорда, Ақтөбе және Алматы облыстарында ең ірі жымқыру фактілері тіркелді.

Жемқорлық тәуекелдеріне сырт­қы талдау нәтижелері бойынша бюджет ақшасын жымқырудың тұрақты тәсілдері анықталды. Мәселен, олардың қатарында қызметкерге оның лауазымына қарағанда әлде­қайда көп ақша аудару, мектепте мүл­дем жұмыс істемейтін адамдарға жалақы төлеу, қызметкердің карт-шот­тарына жалақы есептеліп, ал төлемдерде басқа адамның тегін көрсету, бір адамға ақшаны бірнеше рет аудару, ақшаны «өлі жандарға» – туыстары мен жақындарына аудару секілді қитұрқы жолдар бар.

Бұл жымқыру әдістері бір схема арқылы жүзеге асырылады. Алдымен бухгалтер төлем құжаттарын ведомстволық есеп жүйелерінен түсіреді. Әрі қарай қажетті түзетулер қолмен енгізіліп, бұрмаланған мәліметтері бар құжаттар кейін төлемге жіберіледі.