Қазіргі балалар ештеңеден таршылық көрмей, емін-еркін жүр. Өсіп келе жатқан ұл-қызына өзегін жұлып берердей өбектеп, өмірін сарп ететін тағы да – сол әке-шеше. Дегенмен қазіргі ұрпақтың көріп отырған игілігі көп болғанымен, соның өтеуіндей – қауіп-қатері одан да асып түседі.
Мәселен, биыл 2023 жылдың басынан бері Алматының нарколог-дәрігерлеріне 4 600-ден астам адам жүгінген. Бұл деректерді Психикалық денсаулық орталығы директорының наркологиялық қызмет жөніндегі орынбасары Гүлмира Әбдібаева мәлімдеді. Соңғы жылдары есірткі нарығы айтарлықтай өзгерген, жаңадан талай адам синтетикалық есірткінің тұзағына ілініп жатыр.
«Жыл сайын синтетикалық есірткі қаупін айтудан, ескертуден жалықпаймыз, алайда есірткіге тәуелділікке тоқтам болмай тұр. Есепке алынып жатқан жасөспірімдер саны артты. Егер 2021 жылы есепте 8 кәмелетке толмаған жеткіншек болса, 2022 жылы – 18, ал 2023 жылдың бірінші тоқсанында 17 болды», дейді жоғары санаттағы психиатр-нарколог.
Әлбетте мамандар елді жаман әдеттерден тиюға барынша ұмтылады десек те, тек биылдың өзінде ішкілікке үйір болған тағы 1 152 адам, нашақорлыққа салынған 3 457 адам есепке алынған.
Дәрігер ең қауіпті синтетикалық препараттар мен олардың асқыну салдарлары туралы былай дейді: «Жастар көбінесе жаман әдетті жүрген ортасынан, айналасынан жұқтырады. Адам жақсыдан гөрі жаманды тез үйренеді. Адам есейгенде де құтыла алмайтын зиянды қылықтарды жас кезінде табады. Жаңаның дәмін сезіну үшін адам тыйым салынған дәрі-дәрмектерді «тек 1 рет қабылдаймын» деп ойлайды. Бірақ барлық айла осында жатыр. Өкінішке қарай, көбінесе осы «тек 1 рет қана» деген алдамшы сезім есірткіге деген құмарлыққа жетелеп әкеледі және мұны жеңу басқа адамдардың көмегінсіз мүмкін емес. Жаңадан есірткіге салынғандар көп жағдайда кез келген уақытта келесі дозадан бас тарта аламын дегенге сеніп, көмек сұрауға тырыспайды», дейді Гүлмира Әбдібаева.
Сарапшының айтуынша, бүгінде ең көп таралған синтетикалық препараттар-амфетамин (ЖИТС деп танылған, амф, жылдамдық, фен, тез), метамфетамин мен экстази (MDMA). Бұл препараттардың химиялық құрамы допаминнің бөлінуін жасанды түрде күшейтіп, көңіл күй біраз уақытқа көтеріледі де, күйзеліс пен уайымдар уақытша жойылғандай болады.
«Синтетикалық препаратты қолданғаннан кейін адамға күш бітіп, есіріп, елітіп, белсенділік пен энергияның жоғарылауы сияқты өзіне деген сенімділік әсерлері пайда болады, бұл ақырында адамға ұйқысыздық пен әлсіздік әкелетіні сөзсіз», дейді дәрігер.
Мамандар досыңыздың, яки жақын адамыңыздың есірткі қолданатынын аңғару оңай емес, алайда мүмкін дейді. Айқын белгілердің бірі – көз қарашығындағы өзгеріс. Есірткінің әсерінен көз қарашығы кеңейеді, не нүктедей тарылады, оған қоса жарықтың күрт өзгеруіне мүлдем жауап бермейді. Сондай-ақ көз ерекше жылтырап немесе қызарып тұрғанына назар аударыңыз дейді.
Есірткіге салынған адамның тағы бір айқын белгісі – терінің бозарып, сарғыш тартуы. Ұзақ уақыт жазылмайтын зақымдар, безеулер мен жаралар пайда болады. Есірткіні ұзақ уақыт қолданған сайын тері шаршап, сау еместігі білінеді.
Нашақордың жеке бұйымдары арасынан немесе бөлмесінен тәуелділікті көрсететін оғаш заттар байқалады. Мәселен, пакеттер, түтіктер мен бонгтар, түбі күйдірілген пластикалық бөтелкелер, күйген қасықтар...
Психикалық денсаулық орталығы директорының наркологиялық қызмет жөніндегі орынбасары, жоғары білікті санатты психиатр-нарколог дәрігер Гүлмира Әбдібаева ата-аналарды балаларымен сенімді қарым-қатынас орнатуға шақырды.
«Егер бала есірткі туралы бірдеңе білгісі келсе, қорықпаңыз, оны не үшін сұрап отырғанын, не көргенін, сезінгенін бірге түсінуге тырысыңыз. Жазалаудың қажеті жоқ. Кез келген бала үшін ата-анасының қолдауы, көмектесуі және сабырға салғаны маңызды. Ұрсудың орнына керісінше, қатты құшақтап, ең жанашыр екеніңізді, қандай жағдайға тап болса да сүйенетін адамы екеніңізді білдіріңіз», дейді дәрігер.