Астана қаласының 25 жылдық мерекесіне орайластырылған жоспарлы іс-шаралар легі басталып та кетті. Бірер күн бұрын елорда әкімдігі мен Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония ұжымы «Filarmonia fest-2023» музыкалық фестивалін ұйымдастырып, қала тұрғындарының ықыласына бөленді.
Фестивальде шығармашылық ұжым мен солистері бастаған 500-ге жуық әртіс филармония алдына жиылған қала тұрғындары мен қонақтарына және ерке Есілдің жағалауына серуенге шыққан қауымға есте қаларлық ерекше кеш өткізді. Сонымен қатар балалар шығармашылық ұйымдары мен білім беру студиялары, цирк әртістері балдырғандарды қуантты. Фестивальдің ашылу салтанатында төбе көрсеткен Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының бас директоры Ерлан Дәкенов елордалықтарды қала күнімен құттықтап, әріптестеріне толағай табыс тіледі. Көп ұзамай филармонияның көркемдік жетекшісі Гүлмира Құттыбадамова Астана күніне арналған фестивальдің бағдарламасы туралы айтып берді.
«Қала күніне арналған мерекелік іс-шаралардың ішінде «Filarmonia fest -2023» фестивалінің де ауқымы кең. Бағдарламаға сәйкес өнерпаздар ертеден кешке дейін қала тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлайды. Фестиваль өздеріңіз тамашалаған «Музыка балалар көзімен» атты сурет байқауымен басталды. Енді «Бормен сурет салу», «Мүсін», «Композиция» номинациялары бойынша үздік шыққан жастар анықталады», деді Гүлмира Құттыбадамова.
Түс ауа «Сарыарқа» халық музыкасы ансамблі мен үрмелі оркестрдің жас музыканттарға арналған «Музыкалық аспаптар әлеміне саяхат» атты шеберлік сағаты өтті. Кешке Қазақ оркестрі мен Халық әні бөлімінің дәстүрлі әншілері әкімдік алдындағы амфитеатрда өнер көрсетті. Осыдан соң елордалықтар Ғазиза Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспаптар квартетінің концертін тыңдады. Көп ұзамай сол маңда Астананың 25 жылдығына флешмоб ұйымдастырылып, «Филармония – елорданың музыкалық магниті» эссе байқауының қорытындысы шықты. Фестиваль филармония ұжымының гала-концертімен түйінделді.
Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның бай тарихы бар. Бүгінде филармония құрамындағы 13 шығармашылық ұжымды қоса алғанда ұзын-саны 606 адам еңбек етеді. Өнер майталмандары осы күнге дейін түрлі бағыттағы музыкалық шығармаларды насихаттай отырып, мәдениет саласына үлес қосудан танған емес. Мұны Астана күніне тарту болған «Filarmonia fest-2023» музыкалық фестивалінің ауқымына қарап бағамдай берсек болады.