Бүгін Үкімет отырысында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев жылыту маусымына дайындық барысы туралы баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, биыл электр станцияларында 10 энергоблокты, 49 қазандықты және 54 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған.
«Қазіргі уақытта 3 энергоблокта, 19 қазандықта және 8 турбинада жұмыстар жүргізіліп жатыр. 3 қазандық пен 8 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. Жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде алдағы жылыту кезеңінде қауіпті аймаққа енгізілген энергетикалық кәсіпорындарға ерекше назар аударылады», деді министр.
Атап айтқанда, Риддер ЖЭО-ның барлық 6 қазандығын жөндеуді бастау үшін қажетті шаралар қабылданды. Аталған жұмыс Екібастұз, Жезқазған, Кентау және т. б. ЖЭО бойынша жүргізіліп жатыр.