«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Алматы өндірістік филиалының қызметіне жүргізілген тексеру барысында үстем және монополиялық жағдайды теріс пайдалану фактілері анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Монополисттердің шарты бойынша кәсіпкерлер газдың пайдаланылмаған көлемі үшін газ құнының 10 пайызын заңсыз төлеп келген. Үстем және монополиялық жағдайын теріс пайдаланғаны үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ филиалы Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 159-бабы 3-1-бөлігі бойынша жауапқа тартылып, оған 497,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынды», деп хабарлады Алматы қаласы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Сонымен қатар 2022 жылы табиғи монополия субъектісі, көрсететін қызметтер көлемінің өсуіне қарамастан компания 2023 жылға арналған тарифті төмендеткен жоқ (көрсетілген қызметтердің көлемінің ұлғаюына байланысты тариф қайта қаралуы тиіс).
«Осыған орай, Табиғи монополияларды реттеу департаментінің қадағалау актісімен осы жылдың 1 сәуірінен бастап тауарлық газды тасымалдау тарифін 6 пайызға, 1000 м3 үшін 4 099,25 теңгеден 1000 м3 3 848,03 теңгеге дейін төмендету туралы бұйрық шығарылды», деп хабарлады ведомство.
Қабылданған шаралар Алматы қаласында 450 000 тұтынушының, оның ішінде 8 800 кәсіпкердің құқығын қорғады.