Заманауи медицина әлі де церебралды сал ауруымен дүниеге келген балаларды толық емдеп жазуға қауқарсыз. Әйтсе де, орталық жүйке жүйесіндегі кінәратты сапалы оңалту мен баланың өз бетінше жүріп-тұру қабілетін дамыту арқылы реттеуге болады.
Қалай десек те, балалар арасындағы мүгедектік мәселесі өзектілігін жоймақ емес. Нақты деректерге сүйенсек, қазір елімізде 98,2 мыңнан астам мүгедек бала болса, оның 19 мыңнан астамына церебралды сал ауруы диагнозы қойылған. Ал Алматыда осы дертке шалдыққан балаларды емдеу қалай жүріп жатыр?
Алдымен церебралды сал ауруына душар болған балаларды оңалту МӘМС пакетіне кіретінін айта кету керек. 2020 жылдан бері оңалту және денсаулықты қалпына келтіруге бағытталған ем-шаралар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы қаржыландырылады.
«Қазақстанда 18 жасқа дейінгі балалар медициналық көмекті тегін пайдаланады және мемлекет тарапынан сақтандырылған. Мысалы, осы жылдың 4 айында оңтүстік астанада балаларға 4,5 мыңнан астам реабилитациялық ем-шара жүргізілді. Оған қор тарапынан 915,7 млн теңгеге жуық қаржы төленді. Ал 2023 жыл соңына дейін қор тағы да осындай 15 мың ем-шараға 3,2 млрд теңге төлемек», деді МСҚ Алматы филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев.
Бір қуанарлығы, қаржы көлемі артқан соң реабилитация профилі бойынша мамандандырылған қызмет көрсететін клиникалар мен орталықтар да көбейді. Солардың арасында «АРДИ» мүгедек балалар ата-аналары қауымдастығы» да бар. Орталық церебралды сал ауруына шалдыққан балаларды, сондай-ақ жүйке жүйесі зақымданған кішкентай пациенттерді оңалтудың 3-кезеңі бойынша қабылдайды.
Мәселен, өткен жылы АРДИ орталығында 800-ден астам бала МӘМС арқылы медициналық оңалтудан өткен. Емделіп, аяққа тұрған балалардың ішінде 25-і жалпы білім беретін мектептер мен балабақшаларға барған.
«АРДИ» мүгедек балалар ата-аналары қауымдастығы 1991 жылы бір топ бастамашыл ата-аналар тарапынан құрылған. Содан бері қауымдастық мүмкіндігі шектеулі перзент тәрбиелеп отырған 745 отбасына тұрақты қолдау көрсетіп келеді. 2004 жылы дербес оңалту орталығы болып құрылған қауымдастық 19 жылдан бері церебралды сал ауруымен ауыратын балаларды кешенді оңалтудан өткізіп келеді.
«Біздің орталық мамандары ерекше күтімді қажет ететін балаларды физикалық реабилитациядан өткізіп қана қоймай, психологиялық-педагогикалық тұрғыдан дамытуды мақсат етеді. Мультидисциплинарлық команда құрамында невролог, педиатр, реабилитолог, психотерапевт, емдік дене шынықтыру маманы, массажист, ортопед, психолог, эрготерапевт, дефектолог, логопед, әлеуметтік қызметкер сынды мамандар еңбек етеді. Осындай мамандардың көмегімен балаларға да, ата-аналарға да көмек көрсетуге тырысамыз», дейді орталықтың бас дәрігері Айсұлу Қожанова.
Орталықта эрготерапия бөлімшесі, Монтессори кабинеті, қараңғы және жарық сенсорлық бөлме бар. Кинезиотерапия және механотерапия залдары баланың жүріп-тұру, қасық, қалам сынды ұсақ заттарды ұстау дағдысын қалыптастыруға арналған заманауи қондырғылармен жабдықталған.
«Басты мақсатымыз – балаларға мейлінше ерте жаста көмек көрсету. Науқасқа шалдыққан балдырғанды бізге 1 жасқа тола салысымен алып келуге болады. Өйткені ем-домды барынша ерте бастаса, кешенді іс-шаралар арқылы баланың жасына сай, үйлесімді дамуына шипалы болады», дейді маман.
«Біздің мамандар орталыққа емделуге келген балаға басымдық береді. Ең алдымен, қимыл-қозғалыс аппараты тиісінше дамымаған балаға ден қоямыз. Мамандар командасы науқасты кешенді дамыту үдерісін бастайды. Міндетті түрде оның отбасымен жұмыс істейміз. Оқытамыз, үйде баланы дамытуға қажетті жағдай жасау жолдарын үйретеміз. Сонымен қатар оның қоршаған ортасына көңіл бөлеміз, себебі бұл балаға, оның өмір сапасына әсер етпей қоймайтын факторлардың бірі», дейді орталық қызметкерлері.
Сол сияқты АРДИ қауымдастығы базасында арнайы оқу-ресурстық орталығы жұмыс істейді. Онда шетелдің білікті мамандары ерекше балаларды оңалту тақырыбында семинарлар мен тренингтер өткізіп тұрады.
Орайы келіп тұрғанда орталық әлеуметтік бағдар ұстанатынын, балаларды МӘМС пен қала әкімдігінің әлеуметтік қорғау бағдарламалары негізінде емдейтінін еске сала кетуге болады.
АЛМАТЫ