«Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясы аясында Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің жас зерттеушілері Жетісу облысының ұлттық тарихы мен мәдениетін, флорасы мен фаунасын зерттеді.
Олардың алғашқы нысаны М.Тынышбаев атындағы Тарихи-өлкетану мұражайы болды. Мұнда келген әрбір адам Жетісу аймағының бүкіл тарихымен таныса алады. Одан кейін Текелі қаласындағы Қора шатқалының қақпасындағы «Будда» стелласы экспедицияның жас зерттеушілерін тәнті етті. Будда тасы жерден үш метрге көтеріліп тұр. Пирамида тәрізді стеллада буддистік нысандар айшықталған.
Одан әрі жас зерттеушілердің жолы Қора өзенінің оң жағалауында жалғасты. Онда зияткерлер флора, фауна және Алатау тауларының пайда болу тарихы бойынша зерттеу материалдарын жинаумен айналысты.
ГЭС-1, ГЭС-2 гидроэлектр стансаларына саяхат балалар үшін қызықты болды. 9-сынып оқушылары Кәрима Мақан және Ажар Ардақова Қора, Текелі өзендерінен ауыз су сынама материалдарын алды. Оқушылар алдағы уақытта моноқаладағы ауыз су сапасын зерттеуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар өлкетану-зерттеу экспедициясының қатысушылары кедергілерден өту негіздері бойынша туристік курсты өткерді.
«Бүгін мен үшін ерекше жарыс болды, өйткені ол табиғатта, нақты практика барысында өтті. Қауіпсіздік техникасымен жұмыс істеуді, арқан түйіндерін жасауды, карабиндерді қолдануды үйрендік. Қашықтық биіктік пен маршруттың қиындысы арасында жақсы үйлеседі. Көп әсер алдық», деді жас зерттеуші Мәди Амангелді.
Бұл ретте экспедиция мүшелері өңірдің әсем табиғатымен, бірегей флора мен фаунасымен таныса алды. Әрбір өсімдікті суретке түсіріп, зияны мен пайдасына үнілді.
«Біз экспедиция соңында ғылыми жобалар жазамыз. Менің жобамның тақырыбы – «Жетісудағы туризмді дамыту әлеуеті». Мені этноауылдар құру идеясы қызықтырады. Өңіріміздің ерекшеліктері туралы мәліметтер теориялық тұрғыдан талдауға көмектесетін ой қорытуға негіз болды», дейді 11-сынып оқушысы Әмір Қайнарбеков.
Жетісу облысы