• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Мәдениет 29 Маусым, 2023

Қара өлеңнің шебері – қаңлы Жүсіп

409 рет
көрсетілді

Қызылордада ақын, жырау Жүсіп Қадірбергенұлының 150 жылдығына арналған «Қара өлеңнің шебері – қаңлы Жүсіп» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Сырдағы сөз сайысына Қызылжар, Алматы, Тараз, Шымкент, Түркістан, өңірлері мен облыс аудандарынан 12 ақын қатысты.

Аймақтағы ақындық мектептің көр­некті өкілін ұлықтауға арнал­ған айтыста облыс әкімі Нұрлыбек Нә­лі­­баев  сөз шеберлерін құттықтап, сәт­тілік тіледі.  Өңір мәдениетін да­мы­­ту бастамалары жайында айтып өтті.

– Биыл облыс орталығынан 1000 орындық Өнер орталығын ел игілігіне табыстаймыз. Бұл руханият сарайы талай талант­тың жолын ашып, халық мұра­сын жаңғыртатын өнерлі ұрпақ­тың жетілуіне қызмет етпек. Биылдан бері мәдениет және әдебиет өкілдеріне облыс әкімінің «Тұран» сыйлығын тапсыруды бастадық. Бұл сыйлық әдебиет пен өнер өкілдерінің шығармашылы­ғын шыңдауға септігін тигізетініне сенімдімін, – деді аймақ басшысы.

Облыста қара өлеңнің шебері атанған шайыр рухын ұлықтау шаралары дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Осыдан 10 жыл бұрын тұ­ғырлы тұлғаның туған жері Сыр­дария ауданында 140 жылдық мерейтойына арналған «Сайраған бақ­та бұлбұлдай» атты мәдени шара ұйымдастырылды.  

Өз заманындағы саяси-әлеу­мет­тік оқиғаларды, қоғамдағы бо­лып жатқан өзгерістерді жырға қос­қан ақынның мұрасын зерттеп, ке­йін­гіге танытуда Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда мемлекеттік уни­верситетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Ғабит Тұяқбаевтың қосып келе жатқан үлесі үлкен.  

Жалпы, Сыр бойында өнер өкіл­­дерін қолдаудың үлгілі үрдісі бар. Алда жыл сайын тұрақты түр­де­ бір мәрте республикалық аламан айтыс  ұйымдастыру жолға қойылмақ. Көп ұзамай «Айтыс олимпиадасы» атты облыстық жасөспірімдер айтысы өткізіледі.

Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, республикалық және халықаралық ақындар айтысының жеңімпазы Аманжол Әлтаев жүр­гізген айтыста ақындар өнеріне Қа­­зақ­станның еңбек сіңірген қай­рат­кері, түркі елдері Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Ес­дәулет, Қорқыт Ата атындағы Қызыл­орда университетінің про­­фес­соры, А.Байтұрсынұлы атын­дағы Алтын медаль иегері Ғабит Тұяқбаев, ақын, Қазақстан Жазу­шылар одағының мүшесі Елубай Әуезов, айтыскер ақындар Бек­арыс Шойбеков және Мамыр Бай­дәулетовтер баға берді.

Республикалық айтыстың бас жүлдесі шымкенттік ақын Нұрлан Есенқұловқа бұйыр­ды. Бірінші орынды Мұхтар Ниязов алса, екінші орын шиелілік айтыскер ақын Иран­ғайып Күзенбаевқа, үшінші орын қызылордалық Нұрмат Мансұров пен аралдық Бексұлтан Орынбасаровқа бұйырды. Мұнан бөлек, павлордарлық Жігер Бөкенге, өскемендік Серік Қуанғанға, қармақшылық Сырым Әділбековке, алматылық Нұрзат Қаруға, шиелілік Ержігіт Бекжанға ынталандыру сыйлықтары табыс­талды.

 

Қызылорда