Қызылордада ақын, жырау Жүсіп Қадірбергенұлының 150 жылдығына арналған «Қара өлеңнің шебері – қаңлы Жүсіп» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Сырдағы сөз сайысына Қызылжар, Алматы, Тараз, Шымкент, Түркістан, өңірлері мен облыс аудандарынан 12 ақын қатысты.
Аймақтағы ақындық мектептің көрнекті өкілін ұлықтауға арналған айтыста облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сөз шеберлерін құттықтап, сәттілік тіледі. Өңір мәдениетін дамыту бастамалары жайында айтып өтті.
– Биыл облыс орталығынан 1000 орындық Өнер орталығын ел игілігіне табыстаймыз. Бұл руханият сарайы талай таланттың жолын ашып, халық мұрасын жаңғыртатын өнерлі ұрпақтың жетілуіне қызмет етпек. Биылдан бері мәдениет және әдебиет өкілдеріне облыс әкімінің «Тұран» сыйлығын тапсыруды бастадық. Бұл сыйлық әдебиет пен өнер өкілдерінің шығармашылығын шыңдауға септігін тигізетініне сенімдімін, – деді аймақ басшысы.
Облыста қара өлеңнің шебері атанған шайыр рухын ұлықтау шаралары дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Осыдан 10 жыл бұрын тұғырлы тұлғаның туған жері Сырдария ауданында 140 жылдық мерейтойына арналған «Сайраған бақта бұлбұлдай» атты мәдени шара ұйымдастырылды.
Өз заманындағы саяси-әлеуметтік оқиғаларды, қоғамдағы болып жатқан өзгерістерді жырға қосқан ақынның мұрасын зерттеп, кейінгіге танытуда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Ғабит Тұяқбаевтың қосып келе жатқан үлесі үлкен.
Жалпы, Сыр бойында өнер өкілдерін қолдаудың үлгілі үрдісі бар. Алда жыл сайын тұрақты түрде бір мәрте республикалық аламан айтыс ұйымдастыру жолға қойылмақ. Көп ұзамай «Айтыс олимпиадасы» атты облыстық жасөспірімдер айтысы өткізіледі.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, республикалық және халықаралық ақындар айтысының жеңімпазы Аманжол Әлтаев жүргізген айтыста ақындар өнеріне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, түркі елдері Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, А.Байтұрсынұлы атындағы Алтын медаль иегері Ғабит Тұяқбаев, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Елубай Әуезов, айтыскер ақындар Бекарыс Шойбеков және Мамыр Байдәулетовтер баға берді.
Республикалық айтыстың бас жүлдесі шымкенттік ақын Нұрлан Есенқұловқа бұйырды. Бірінші орынды Мұхтар Ниязов алса, екінші орын шиелілік айтыскер ақын Иранғайып Күзенбаевқа, үшінші орын қызылордалық Нұрмат Мансұров пен аралдық Бексұлтан Орынбасаровқа бұйырды. Мұнан бөлек, павлордарлық Жігер Бөкенге, өскемендік Серік Қуанғанға, қармақшылық Сырым Әділбековке, алматылық Нұрзат Қаруға, шиелілік Ержігіт Бекжанға ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Қызылорда