• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Медицина 30 Маусым, 2023

Ұлттық нейрохирургия әлеуеті

227 рет
көрсетілді

Ұлттық нейрохирургия орталығының 15 жылдығы қарсаңында елдегі нейрохирургтердің V Конгресі өтті. Білікті дәрігерлер бас қосқан конгресте нейрохирургия саласын ілгерілетуге қатысты өзекті мәселелер қаралды. Соның ішінде жаңа технологиялар, нейрохирургиялық бөлімшелерді жарақтандыру стандарттарымен қоса кадр даярлау ісіне қатысты ұсыныс-пікірлер қамтылды.

Конгрестің ашылу салтанатын­да Премьер-министрдің орынбасары – Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, Парламент депутаттары және ғылыми-зерттеу институттары мен медициналық орталықтардың бірінші басшылары қатысып, ней­рохирургия орталығының 15 жылдық белесімен құттықтады. Атаулы іс-шараға ұзын-саны 250-ден астам адам қатысса, оның ішінде елдің түкпір-түкпірінен 150-ден астам нейрохирург келген. Салтанатты жиында Тамара Дүйсенова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық нейрохирургия орталығының 15 жылдығына арналған құттықта­уын оқып берді. Хабарламада Пре­зидент орталықтың же­міс­ті бастамаларына аз-кем тоқ­та­лып, Серік Ақшолақов бас­та­ған Нейрохирургия ғылыми орта­лы­ғының ұжымына ғылым мен медицина саласында жетістіктерге жете беруіне тілектестік білдірген.

Осыдан соң Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният медици­нада ауру-сырқаудың алдын алу, яғни науқастардың дертін ерте сатыда анықтау шараларына ба­сымдық берілетінін айтты.

– Конгресте елге алыс-жақын шетелдерден келіп емделіп жат­қан пациенттердің барын естідіңіз­дер. Бұл – Ұлттық нейрохирур­гия орталығының әлеуеті жоғары екенін білдіреді. Біз, бірінші кезекте жаңа технологияларға кө­ңіл аударудамыз. Қазір аудан орталықтарында, жаңа­дан қосылған облыстарда ней­ро­хирургияның деңгейін кө­те­ру жайы өзекті. Сонымен қа­тар реабилитациялық көмекті да­мытуға басымдық беріп отырмыз. Кадрларды шетелде оқытуға көңіл бөліп, шетелдің ең үздік деген мамандарын мейлінше елге шақыр­уға тырысамыз. Осылайша, маман­дар біліктілігін арттырады. Салада білімді де, білікті нейрохирургтер баршылық. Қазір ел бойынша 71 инсульттік орталық бар. Осы екі жылда 32 ауданның орталығында инсульт орталығы ашылды. Онда нейрохирургтермен қоса КТ, МРТ аппараттарын білетін мамандар болады. Біздің басты мақсатымыз – ауруларды барынша ерте сатыда анықтап, медициналық кө­мекті мейлінше жедел көрсету. Сон­дық­тан диагностикаға ең озық аппараттарды аламыз, дейді А. Ғиният.

Конгресте орталықтың басшысы, еліміздің бас нейрохирургі,  ҰҒА академигі Серік Ақшо­лақов Ұлттық нейрохирургия орта­лы­ғының 15 жылдағы белесі жайын­да баяндап, саладағы түйінді мә­селелерді айналып өтпеді.

«15 жыл ішінде елде алғаш рет нейрохирургияның жаңа ба­ғыт­тары енгізілді. Жалпы алған­да 70 инновациялық технология­ға жол аштық. Осы жылдар ішінде 40 мың­нан астам операция жүр­гізілді, оның ішінде III-V күрде­лілік санаты 90%-ды құрайды. Бұ­рын Орталық ашылғанға де­йін нейрохирургиялық патологиясы бар пациенттерге шамамен 80% елде жоғары технология­лық ем көрсетілмеген. Соңғы 15 жылда өңірлерге 64 технология трансферті жүзеге асырылды. Соның арқасында көптеген облыста жоғары технология­лық медициналық көмек көрсетіле­ді. Бүгінде жоғары технология­лық нейрохирургиялық емдеу барша азаматқа қолжетімді және оның барлығы орталықта сәтті қолданылуда. Бүгінде еліміз­дің нейрохирургиялық қызметі Ұлттық нейрохирургия орталығы мен 39 облыстық және қалалық ауруханалардың базасында орна­ласқан 51 нейрохирургиялық бө­лімшеден тұрады. Дегенмен әлі де болса, салада өзекті мәселелер бар. Бұл нейрохирургтермен, аймақтардағы нейрохирургия­лық төсектермен қамтамасыз ету­дің біркелкі еместігі және жа­рақтандыру проблемалары. Бала­лардың нейрохирургиялық тө­сектерінің саны аз, кейбір аймақ­тарда мүлдем жоқ. Осы мәсе­ле­­нің барлығын біз ертеңгі отырыста міндетті түрде талқылаймыз, мін­деттерді белгілейміз және ел ней­­рохирургиясын одан әрі жақ­­сарту және дамыту бойынша перспективалық жоспарлар құра­мыз», дейді С.Ақшолақов.

Конгрестің екінші күнінде саланың тәжірибелі мамандары, профессорлар нейрохирургиядағы нейроонкология, жұлын, тамыр, балалар нейрохирургиясы, кіші инвазиялық нейрохирургия және нейрооңалту бағытындағы өзекті мәселелерді талқылады.