• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 29 Маусым, 2023

«Аmanat» алаңындағы елдік сөз

259 рет
көрсетілді

Астанада «Аma­nat» партия­сы­нан сайланған Мәжіліс және мәс­лихаттар де­пу­тат­та­рының алғашқы республикалық форумы өтті. Саяси іс-шарада еліміздің барлық өңірінен 3 мыңға жуық фракция мүшесі бас қосты. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын жүзеге асыру аясында өңірлерді дамыту, сондай-ақ мәслихаттардың өкілеттігін кеңейту тетіктері жан-жақты талқыланды.

Форумның шымылдығы рес­публика­ның түкпір-түкпірі­нен жиылған барлық деңгейдегі депутаттардың көк байраққа құр­­мет көрсетіп, Әнұран орындауымен басталды. Жиналған қауымның алдында алғаш болып сөз тізгінін алған «Аmanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов алқалы отырыстың мақ­сат-міндетін айқындап, ха­лықты толғандырған көкейкесті түйткілдерді тізбектеді.

– Елімізде үш жарым мыңға жуық мәслихат депутаты болса, соның екі жарым мыңы, яғни 77 пайызы осы залда отыр. Мұндай басқосулар билік тар­мақтарының өзара байланысын нығайтып, ортақ конструктивті шешімдер қабылдауға жол ашады деп сенемін. Форумның бас­ты мақсаты – мемлекет пен қоғам алдында тұрған, халықты толғандырып отырған өзекті де өткір мәселелерді бірлесіп, ашық талқылау, олардың шешу жолдарын іздеу. Бұл – уақыт талабы. Әлемдегі күрделі геосаяси, геоэкономикалық ахуалды көріп-біліп отырсыздар. Осындай аумалы-төкпелі кезеңде ел Президенті бұрын-соңды болмаған түбегейлі институционалды өзгерістерді қолға алды. Бұл – бір жағынан орасан тәуекел болса, екінші жағынан мемлекеттік басқару жүйесі мен қоғамды сауықтырудың, жаңару мен жаңғырудың жалғыз әрі төте жолы. Халқымыз бұл өз­герістерге терең түсіністік танытып, қызу қолдап отыр. Ең бас­тысы, Мемлекет басшысының реформалары іс жүзінде нәти­жесін беріп те жатыр. Барлық салада ілгерілеушілік бар. Өт­кен бір жылдың ішінде бес бір­дей тағдыршешті саяси нау­қан өткіздік. Елдегі саяси өзгеріс­тер бүгінгі реформалардың те­мір­қазығына, болашақтағы ел дамуының кепіліне айналды. Түркістанда өткен Ұлттық құ­рыл­тайда, Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан» мен «Адал азамат» тұжырымдамаларын ұсын­ды. Әділет пен адалдық – ажы­­рамас ұғымдар. Ал осы ұғым­­дардың салтанат құруы үшін қоғамдық сана мен әлеу­мет­­­тік құндылықтар өзгеруі керек. Сонда ғана көздеген мақса­ты­мызға жетеміз. Осы жолда «Amanat» партиясы барлық игі істің алғы шебінде жүруге тиіс. Ха­­лық­­тың сенімі бізге күш береді. Бар­шамызды бір миссия – мемлекет пен халыққа адал, риясыз қызмет ету миссиясы біріктіреді. Өткен жылы, партия съезінде Мемлекет басшысы: «Мәслихат депутатының төс белгісі оны халық сайлағанын білдіреді және депутат тек халықтың мүддесі үшін қызмет етуі керек», деген еді. Сондықтан бізге қойылатын талап та аса жоғары болатынын естен шығармайық, – деді «Аmanat» төрағасы.

Бүгінде еліміз бойынша бар­­лық деңгейдегі мәслихатта 3415 депутат жұмыс істейді. Оның 76,9 пайызы – өңірлік фракцияның мүшелері. Форумға жиылған осы азаматтардың басты міндеті депутаттардың оң имид­жін қа­лып­тастыру, партиядағы ішкі өзге­рістерді бекіту, өзара қарым-қатынас пен сенімді нығайту. Сондай-ақ тәжірибе алмасып, орталық мемлекеттік орган басшыларымен тікелей диалог құру.

– Қазір қоғамның сұранысы күшейді. Алайда азаматтар біз­ден орындалмайтын нәрсені сұ­рап отырған жоқ. Олар берген уәделеріміздің уақытында әрі сапалы орындалуын, реформа­лардың нақты нәтижесін тағат­сыздана күтіп отыр. Олай болса, депутаттардың бел шешіп жұмысқа кірісетін шағы келді. Бұл, әсіресе, мәслихат депутат­тарына қатысты. Сіздер – пар­тияның жергілікті жердегі өкі­лісіздер. Бүкіл өңірлік саясат­қа ықпал етесіздер. Сіздердің мойын­дарыңыздағы жүк жеңіл емес. Бұ­рын халық әкімді іздей­тін, қазір депутат­тан сұрайды. Фракциялардың рөлі мен қыз­метін жаңаша қарастыру қажет. Мәжілісте біз осы жолдан өтіп жа­тырмыз. Мәслихаттармен бір­ге Парламенттің төменгі па­ла­­та­сы да 70% жаңарды. Сая­си бәсе­келестік күшейді. Элек­т­орал­ды алаң да, көңіл күй де өз­гер­ді. Бұл парламенттегі плю­ра­лизм­ді күшейтті. Мәжіліс пен мәс­лихаттар жұптасып, пәр­мен­ді жұмыс істеуге тиіс. Ол үшін өзара байланысты барынша ны­ғайтамыз. Біріншіден, Мәжіліс фракциясындағы заң жобалары міндетті түрде өңірлік фракция­ларда талқылануы қа­жет. Екін­ші­ден, өңірдегі депу­таттар өзек­ті мәселелерді жиі көтереді. Сон­дықтан біз мәс­лихат депутатта­рын Мәжі­ліс­тегі жұмыс топтарына, пар­тиялық алаңдар мен жоба­ларға белсенді түрде тартып жатырмыз. Бұл тәжірибе жалғасады. Үшіншіден, форум­ға дайындық кезінде арнайы сауал­дамалар жүргіздік. Он­да Мә­жілістің, Қоғамдық кеңес­тер мен фракциялардың қаты­суы­­мен Орталық аппаратта тағы­­лым­дамалар ұйымдастыру мәсе­­лесі жиі көтерілді. Бұл – жақ­сы үрдіс, мұны қолдаймын. Партия­лық менеджмент академиясына осы жұмысты жедел қолға алуды тапсырамын, – деді Ерлан Қошанов.

Бұдан бөлек, басқосуда «Ama­nat» партиясы мұнай ком­па­­нияларындағы вахталық ауы­сым­ның уақытын реттеу мә­се­­лесін қолға алынғанын айтып, сайлауалды бағдарламада ауыл­­ға баратын жас медицина қыз­меткерлеріне 10 миллион тең­ге көтермеақы төлеу мін­детін қойғандарын еске салды. Алқа­лы жиында сөз тізгінін жалға­ған Премьер-министр Әли­хан Смайы­­лов «Ауыл аманаты» жоба­сына 1 трлн теңге бөліне­тінін мәлімдеді.

– «Ауыл аманаты» жобасы­ның басты мақсаты – ауылды жер­лердегі халықтың табысын арттыру. 2023-2025 жылдарға арналған бағдарлама аясында халыққа жеңілдікпен несиелер беріледі. Бұл ретте өңдеу саласына қатысты жылыжайлар, сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы секілді жобалар, өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау және басқа бағыттағы бизнес жобаларды қаржыландыру көзделген. Шағын несие алу үшін өтінім беруші жеке кәсіпкер болып тіркелуі керек. Жоба 7 жыл ішінде 1 миллионнан астам ауыл тұрғынын қамтиды. Жалпы, агроөнеркәсіп кешенінде 536 млрд теңгені құрайтын 300-ге жуық жоба іске асырылып келеді. Биыл 4,4 млн адамды көтерілген әлеуметтік төлемдермен қамтуға 4,6 трлн теңге бөлінді. Халықтың табысын арттыру іс-шаралары аясында 3 миллионнан аса адамның табысы артты. Соның ішінде бюджет саласындағы 1,2 млн қызметкердің жалақысы 30 пайыз­ға дейін ұлғайтылды. 1 мил­­­лион­нан аса жұмысшының жала­қысы 10-нан 50 пайызға дейін көтерілді. Жәрдемақылар 900 мыңға жуық адамды қамти отырып, 23 пайыз көбейді. Сту­дент­тердің шәкіртақысы 20 пайыз­ға көтерілді. Жыл соңына дейін 1 миллионға жуық адам жұ­мыспен қамтылады, – деді Үкімет басшысы.

Ал Мемлекеттік кеңесші Ер­лан Қа­рин Президент Қасым-Жомарт То­қаев­­тың Түркістан­дағы ұлттық құ­рыл­тай­да көтерген бастамалары туралы ойын ортаға салды. Ол сөз арасында 2019 жылдан 2022 жылға дейін саяси рефор­малардың 4 пакеті жүзеге асқанын айтып өтті.

– Осы реформалардың аясында үш жыл ішінде 20 заң қабылданды. Президент был­тырғы наурыз айындағы Жол­дауында ауқымды саяси жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде бастама көтерді. Бұл бас­тамалар Конституциялық реформалардың негізін қала­ды. Өздеріңіз білетіндей, Консти­туциямыздағы 98 баптың 33-іне, 9 бөлімнің 8-іне түзету ен­гізілді. Ата заңымыздың үш­­тен бірі өзгерді. Бұдан кейін 7 Конституциялық заң­ға, 15 ко­декске және 29 заңға түзе­ту­­лер енгізілді. Мұның бә­рі билік тармақтары арасын­да тепе-теңдікті сақтайтын мемле­кеттік саясат құрудың жаңа моде­­лін қалыптастырды. Прези­дент ұлттың жаңа сапасын қа­лыптастыру үшін білім, мәде­ниет, ғылым салаларын дамыту қажеттігін атап өтті. Бұл қоғам­ның дамуындағы негізгі үш деңгейі болуға тиіс. Мемлекет басшысының Түркістандағы сөйлеген сөзінің басты ерекшелігі де осында. Әдетте біз мәдениет, ғылым, білім жайында екінші немесе үшінші кезекте ғана айтамыз. Президент керісінше бұл саларға ерекше басымдық беріп отыр. Ол аймақтардағы мәдениет ошақтарын, ауыл мектептерін, балалар кітапханаларын, кітап шығару ісін, театр мен киноны, музей жұмысын дамытуға баса назар аударды, – деді Ерлан Қарин.

Сондай-ақ партияның атқа­ру­шы хатшысы Елнұр Бейсен­баевтың модера­торлығымен өткен жиында да өзекті, өткір тақырыптар қаузалды. Бұдан бө­лек, форум барысында Алматы қаласы мәсли­ха­тының депутаты Әсия Ақанова, Жаңаөзен қалалық мәслихатының депутаты Асқар Ноғаев, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Евгений Бус­лаев, Абай облыстық мәслихатының депутаты Шағангүл Жанаева, Қызыл­орда облыстық мәслиха­тының депутаты Мұх­тар Ниязов, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров сөз сөйледі. Іс-шараның екінші бөлімі 11 панельдік сессиямен жалғасты.