Жезқазған қаласында «Жезказганский вестник» деп аталатын газет бар. Атауы орысша болғанмен қазақ, орыс тілдерінде жарық көреді. Аймақтағы аптасына екі мәрте шығатын бірден-бір газет. Бас редакторы – Эльвира Алпанбаева. Баспасөзді дүниеге алып келген де – өзі.
Оның отбасы Жезқазғанның іргесіндегі Кеңгір ауылында тұрады. Неге? Гәп міне, осында.
Ол көпбалалы отбасында өсіп, өнді. Әке-шешесі Кәдіржан мен Күләйша шаруақор жандар еді. Олар балаларын да кішкентайларынан еңбекке баулыды. Ауылда тұрғасын белгілі емес пе, қандай жұмыс бар, соның бәрін қолыңнан өткересің. Эльвираның да қолынан шелегі түспейтін, бірде сиыр, енді бірде бие сауып, анасының қасынан қалмайтын еді. Ана көрген қыз енді қазір тон пішіп жүр.
Қуаныш есімді азаматқа тұрмысқа шықты. Ауылдың малсақ баласы ғой, ол Эльвираның «мал ұстасақ қайтеді?» дегеніне қуанбаса, қабағын шытқан жоқ.
– Алғашында әкеден қалған азын-аулақ малымызды ауылдағы ағайынның біріне қосып қойдық. Бірақ әлдене жетіспейтін секілді сезімде болдық. Сосын... Жезқазғанның маңындағы Кеңгір ауылынан үй сатып алып, сонда көштік. Біз көшіп жатқанда көршілеріміз «Қаладан далаға қашқандарың қалай?» деп таңырқаған. Сөйтіп, мал шаруашылығымен тікелей өзіміз айналыса бастадық, – дейді журналист өзінің қалайша «фермерге» айналып кеткені жөнінде.
Қазақ «мал баққанға бітеді» деп бекер айтпайды. «Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің» деген айтуға оңай, бірақ ащы тердің тәтті дәмін сезіну үшін ерте тұрып, кеш жату, өзіңнен бұрын малдың бабын табуың керек. Өздеріне ауылдың жаттығы болмаса да, алғашында балалар жақтыра қоймады. Қалалы жердің тікбақайлары емес пе, біразға дейін бұртиыңқырап жүрді. Бірақ...
Эльвира ауылға келісімен қорасындағы сиырының сүтін, айранын, құрт-қаймағын, биесінің қымызын сатылымға шығарды. Алғашында қалай сатуды да білмеді. Базардағы, дүкендердегі «тәтелерге» апарып өткізіп жүрді. Бәріне бірдей өзі баратын уақыт қайда? Балаларды жұмсайды. Содан түскен табыстан оларға өздерінің «үлестерін» беріп отырады. Қалтаға тиын түскесін, олар да жіби бастады. Тіпті қолдарына шелек алып, аналарымен бірге сиыр, бие саууға шығатын болды.
– Құдай берген қыздарым – Аяулым, Аружан, Гүлім қазір қолымды ұзартып жүр. Ауылдың тірлігіне еттері үйренді. Сиырды да сауады, құртты да жасайды, сүтті де тартады, қыстың күндері малға шөп салып, қиын да тазалайды, ішекқарын да аршиды... Әу бастағы реніштерін ұмытты, – деп бір күліп қояды Эльвира.
«Осы біз сүт, айран, қымыз, құрт, ірімшік, қаймағымызды арзанға сатып жүрген жоқпыз ба? Таң атпай тұрамыз, сиыр, биені сауамыз, бәрін өз қолымызбен істейміз. Сосын біреулерге апарып өткізеді екенбіз. Ал олар жылы жерде тұрып, өздерінің бағасын қойып, сатады екен. Неге соларды өзіміз сатпасқа?». Қазіргі жастар кәсіпкерлікке ілкімді ғой. Аяулымның сөзі Қуаныш пен Эльвираға ой салды. «Шынында, неге солай жасамасқа?».
Сөйтіп, Жезқазған қаласындағы қараусыздау қалған ескі кафенің ғимаратын сатып алып, күрделі жөндеуден өткізді. Сөйтіп, Жезқазғандағы ең алғашқы этно-дәмхана ашты. Қазір «QYPSHFQ» этно-дәмханасының қызметіне көпшілік дән риза. Этно-дәмханаға келген қонақтар балқымыз ішіп, балқаймаққа ыстық бауырсақты батырып, таза табиғи сүт қосылған күрең шаймен шөлін басып, рахаттанып демалып қалады. Сонымен бірге қазақтың ұлттық тағамдарына тапсырыс қабылдайды. Астаулап ет, табақтап қуырдақ керек пе, мархабат!
Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі Эльвира Алпанбаеваның журналистік өтіліне жиырма жылдан асты. Ол – «ЖезМедиа-Пресс» ЖШС директоры, «Мейірімді жүрек» қоғамдық бірлестігінің, Ұлытау облысы Аналар кеңесінің төрағасы, Ұлытау облысы Іскер әйелдер қауымдастығының және облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі. Мұны тізбелеп жазып отырғанымыз, журналист әріптесіміздің негізгі мамандығына қоса әрі ауылдағы тірлігінен тыс облыстағы қоғамдық жұмыстардың да бел ортасынан табылатынын көрсету еді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғысхатымен марапатталған Эльвира Алпанбаева «Халық алғысы» медалінің, Қарағанды облысы Азаматтық қауымдастығының «Ұстаным», «Алтын жүрек», Қазақстанның Іскер әйелдер қауымдастығының «Enbegi jangan arylar» медальдарының иегері. Басқа да көптеген марапаты оның еңбегіне берілген шынайы баға мен құрметті айғақтайды.
Жезқазған