• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Шілде, 2023

Тұқым өндірісіне жүйелі көзқарас қажет

282 рет
көрсетілді

Ғалымдар отандық тұқымды ой­лап тапқанымен оны өнді­ріс­­­ке енгізе алмай отыр. Фер­мер­­лер шетелдік сұрыпты құп көре­ді. Әйтсе де, өзіміздің ға­лым­­­дардың жобасы одан еш кем емес. Деген­мен шаруалар бұдан ха­­б­ар­сыз. Қазір Ұлттық ғылым ака­­демиясы осы мәселемен ай­на­­­­лысып жатыр. Осы ретте Же­ті­су­да ҚазҰАЗУ «Білім тара­ту ор­­та­лығының» филиалы ашы­лады.

Тұқым өндіруші орталық өте аз

Мәселен, Жетісудың егін ша­руа­­­шы­лығында дақылдардың егіс көлемі 1,9 мың гектарға артып, 519 мың гектарға жеткізілген екен. Егінге қажетті 56,2 мың тонна ауыл шаруашылығы да­қыл­­дарының тұ­қымдары толық қамта­масыз етіл­ген. Дегенмен мұндағы отан­дық тұқымның үлесі 13 пайыз­ды ғана құрайды. Бүгінде облыс­та 14 аттестатталған шаруашылық субъек­тілері жұмыс істейді. Оның 8 элиталық болса, қалған 6-ы жоға­ры репродукциялы тұқым өндіру­ші қызметін жүзеге асырады. Ауыл­шаруашылық саласының мамандары бұл бағытта әлі де үлкен жұмыстар күтіп тұрғанын айтады. Өкінішке қарай, ғылым мен өндірістің арасында сабақтастық жоқ.

«Елімізде аграрлық ғылымда жаңа­­лық көп. Ғалымдар шығарған отан­­дық тұқымдардың сапасы қа­зір қол­да­ныстағы сорттардан қа­ра­ғанда әлде­қайда тиімді. Баға­сы да арзан. Бұл ретте Ғылым акаде­миясының негізгі мақсаты осындай жобаларды тауып, фермерлерге көрсетіп, тиімді әрекет ету. Осы жәр­меңкеде ұсынылған сорттарды, өнім­ге қажет заттарды фермерлер көр­генде таңыр­қай қарады. Қазір бір-бі­рі­мен келісімшарт жасасып жатыр. Елімізде бар жетістікті өндіріске енгізетін болсақ, ауылшаруашылық саласында өзгеріс басталады», дейді Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті,Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің бас­қар­ма төрағасы – ректор Ақылбек Кү­ріш­баев.

Оның айтуынша, егер жетісулық фермерлер отандық ғалымдар ұсы­нып отырған әзірлемелерді пайдаланса өнім көлемі 2-3 есе ұлғаяды. Егін егуде алдымен сұрыптың сапасы маңызды. Жаңа тұқымды өндіріске енгізсе, өнімділік 30 пайызға артық. Әйтсе де қолда бар жаңа сорт елге толық тарауы үшін осы бағытта жұ­мыс істейтін орталықтар қажет.

Қазір жетісулық тұқым өндіру­ші шаруашылықтар 6,3 мың тонна масақты дәнді дақылдардың, 941 тонна жүгерінің, 5 тонна қант қызыл­шасының, 14 тонна күнбағыстың элита­лық және жоғары репродукция­лы тұқымдарын өндіріп, сорт жаңарту үшін ауыл шаруашылық тауар өндіру­шілеріне өткізеді. Соңдай-ақ, 4 аттес­татталған тұқым өткізушілер шаруа­шылықтардың өтінімдері бо­йынша қажетті шетелдік тұқымдармен қам­тамасыз етіп отыр.

«Алдағы уақытта картоп және май­­бұршақ дақылдарының тұқым өн­ді­рісін ұлғайту бағытында жаңа тұқым өндіруші шаруашылықтар қыз­метін жүзеге асыру жоспарланып отыр. Дегенмен, соңғы жылдары облыс шаруашылықтары ауыл шаруашылығы дақылдарының ше­телдік тұқымдарына басымдықты беріп жатқандығы анық. Осы орайда, ғылыми-зерттеу институттары, тұқым өндіруші шаруашылықтар мен сортсынақ учаскелері отандық тұқым өндірісін ұлғайту, жаңа сұрып­тарды қолданысқа енгізіп, сынақтан өткізу жұмыстарын бірлесе жүргізуі қажет деп ойлаймын», дейді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жа­қанбаев.

Қолда бар мәліметке сүйенсек, бүгінде бірқатар шаруашылық моно­дақылдарды өсіруге бейімделіп, жыл­дан жылға өнімділігін жоғалтып жатыр. Сондықтан, қазіргі уақытта облыста топырақтың құнарлығын қалпына келтіру және оны ұтымды пайдалану мәселелері қолға алынды. Бұл ретте ауыспалы егістік жүйесін сақ­тауға ерекше мән беріліп отыр.

 

Білікті мамандар жетіспейді

Күні кеше осы мәселе төңірегінде Талдықорғанда «Ауыл шаруа­шы­лығы саласының қазіргі ахуалы және даму жолдары» атты семинар-кеңес өтті. Мұнда облыс әкімі Бей­біт Исабаев өңірдің оңтүстік-шығыс­тағы нағыз аграрлық саланың алтын өзегіне айналғанын айта келіп, ғылыми зерттеу институттары мен ғылыми орталықтардың, әсіресе, аграрлық ғылымдағы жетекші рөл атқаратын белгілі академиктер мен профессорлардың өңірге арнайы келуі – агро өнеркәсіп кешенінің дамуына тың серпін беретінін атап өтті.

«Өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнімдерін қайта өң­деу, ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашу, сүт-тауар фермаларын, жылыжайларды және басқа да шаруашылықтарды құру саласындағы жұмыстар қолға алынып жатыр. Шұрайлы жеріміздің мол байлығын әлі де толық игеру үшін тек инвестиция тарту ғана емес, өндірістің, қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібінің инновациялық дамуын ғылыми қамтамасыз ету қа­жет екендігі анық. Сондықтан, мен отандық ғылымның көш бас­шыларымен кездескенімізге қуа­ныш­тымын. Сіздердің пайдалы кеңес­теріңіз, жаңашыл ғылыми әзірле­мелеріңіз ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің қол жеткізген жетіс­тіктерін одан әрі еселеуге айтар­лықтай ықпалы тиетініне сенемін», деді Б.Исабаев.

Жалпы, облыста ауыл шаруашы­лығы өнімінің көлемі 2022 жылы 510 млрд теңгені құраса, 2023 жылы 544 млрд теңгеге өскен. Соның ішінде, егін шаруашылығы 2,3 пайызға, мал шаруашылығы 3,5 пайызға көтерілген. Әйтсе де, ауыл шаруа­шылы­ғында білікті кадрлардың жетіс­пеушілігі байқалды. Шаруа қожа­лықтарындағы фермерлердің бі­ліми сауатының заман көшінен қалып қойғандығы, жайылымдардың құнар­сыздануы сияқ­ты кемшіліктер семи­нарда ашық айтылып, ғалымдар назарына ұсынылды.

Бұл ретте Ақылбек Күрішбаев Же­тісудың ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал өсіру, көкөніс жылыжай шаруашылығы, егіс және жайылымдарды жаңғыртуға, инновациялық суару технологиясын енгізуге, басқа да салаларды ғылыми тұрғыдан қол­дауға отандық ғалымдардың дайын екендігін жеткізді.

«Жетісу өлкесінде ауыл шаруа­шы­­лығы дақылдарының және мал­дың гендік қорын жинақтау, қалып­тастыру, зерттеу, құжаттау, оларды тәжірибеде пайдалану; биотехнология мен гендік инженерияның қазіргі заманғы жетіс­тік­терін енгізе отырып, ауыл шаруа­шылығы дақылдарының бәсекеге қабілетті сорттары мен будандарын шығару; мал тұқымдарын асылдандыру; ғылыми әзірлемелерді даярлау және өндіріске енгізу; АӨК мамандарын оқыту және ғылыми-консультациялық қызметтер көрсету мәселелерін ауыл шаруашылығында тікелей қызмет атқаратын мамандармен бірлесе талқылау үшін арнайы келдік», деді А.Күрішбаев.

Ол сөз соңында шаруа қожалық­тарындағы қызметкерлерге ғылыми-консультация беретін «Білім тарату орталығын» ашу туралы ұсынысын білдірді. Ректордың сөзін ака­де­мик ғалымдар қолдады. Атап айт­­қан­­да, Қазақ егіншілік және өсім­дік шаруашылығы ғылыми зерттеу инс­­­ти­тутының Бас­қарма төрағасы Шол­пан Бастаубаева «Жетісу об­лы­­­сының АӨК тұрақты дамуы үшін Қазақ егіншілік және өсім­дік ша­­руашылығы ҒЗИ ғылыми әзір­ле­мелерін өндіріске енгізу» ту­ра­лы баяндама оқыса, Қазақ өсім­дік­терді қорғау және карантин ғылыми зерттеу институтының бас­қар­ма төрағасы Бахытжан Дүй­сем­­бе­ков Әлішерұлы – «Жетісу облы­сы­­ның негізгі ауыл шаруашы­лығы дақыл­дарының зиянды организм­деріне қарсы қолданатын тиімді күрес шараларының технологияларын өндіріске ендіру» туралы кеңі­нен әңгіме қозғады.

«Ауылшаруашылық дақылда­рын­да 80 жуық ауру мен 100 маман­дандырылған зиянкес кездеседі. Ал арамшөптер 120-дан асады. Мысалы, картопты алайық. Оның басты жауы колорадо қоңызы, оны халық жақсы біледі. Көбіне оны қолмен теріп тазартады. Әйтсе де адам тазалық барысында өзі де өсімдікпен бірге уланатынын білмейді. Зиянды фер­менттерді бөледі де тері ауруына апарады. Енді сонымен күрес тәсіл­дерінің бірін біздің өсімдік қорғау институтындағы зертханамызда ой­лап таптық. Зиянкестерге қарсы күре­се алатын пайдалы жәндіктерді біз егіс алқабына жібереміз. Солардың дернәсіліне қарсы күресетін подизус атты жыртқыш қандала бар. Бұл колорадо қоңызының дернәсілінің сөлін тұмсығы арқылы сорып алып, көбеюіне бөгет болады. Күніне 150 зиянкеспен күресе алады. Үдеріс қоңыздың санын есептеу арқылы жүзеге асады», деді Б.Дүйсебеков.

Оның айтуынша, картоп жапыра­ғы­на жабысқан 5 дернәсілге 1 подизус жетеді. Бағасы шаруаларға тиім­ді, құны да арзан, бір талы 200 теңге тұрады. Шамамен 1 гектар жерге 2 мың теңге кетеді, ал басқа тәсілді пайдалансаңыз шығын болуы мүмкін.

Семинар-кеңеске қатысушылар түрлі саладағы табиғи өнімдер мен ғылыми әзірлемелер қойылған Ғы­лыми-зерттеу институттарының же­­тіс­тіктер көрмесімен танысып, жоға­ры баға берді.

Жиын қорытындысында облыс әкімі Бейбіт Исабаев ҚазҰАЗУ басшылығының тың ұсынысын қол­дай отырып, Талдықорған қаласында фермерлерге қызмет көрсететін «Бі­лім тарату орталығын» немесе университет филиалының ашылуына ба­­рын­ша мүмкіндік жасауға дайын екен­дігін жеткізді.

 

Жетісу облысы