Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты баяндамасында ұлт келешегіне кепіл болатын бірқатар елдік мәселені ортаға тастады. Әділетті Қазақстанды құру үшін ең алдымен біртұтас ел болып жұмылу керектігін жұртшылықтың жадына салды. Берекелі қоғамның әр мүшесін «Біз болашағы қандай мемлекет құрып жатырмыз? Ұлтымыз нені армандайды? Қазақстан азаматы қандай болуы керек? Еліміздің басты тірегі не? Миссиясы қандай?» деген сұрақтар төңірегінде ойлануға шақырды. Биік мақсат, ізгі мұраттарға жету үшін әрбір адам адал болуға ұмтылып, жүйелі жұмыс істеуге тиіс екенін нықтап айтты.
Ұлттың рухани құтханасы
Президент мемлекеттік нышандарды жетілдіру, ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту, мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеу, өскелең ұрпақты тәрбиелеу, мемлекеттік саясатта талдау, сараптама жасау, ақпарат саясатының тиімділігін арттыру, креативті индустрия және шекаралас аймақтарды дамыту жолдарын жіктеп, нақты бағыттарын айқындап берді. Тұғырлы тұлғаларымыз мәңгілік тұрақ тапқан төрт қақпалы Түркістан шаһарының тарихи маңызына тоқталды.
«Түркістан ғасырлар бойы қазақ халқының маңызды саяси орталығы болып келді. Қазақ мемлекетінің бас қаласы ретінде тарихқа алтын әріппен жазылды», дей келе, қасиетті шаһар болашақта да осы мәртебелі миссиясын атқара беретінін жеткізді.
Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы көшірілген бес жыл ішінде Түркістан қаласының шын мәнінде түркі әлемінің рухани-мәдени астанасы ретінде қарқынды дамып келе жатқанына куәміз. Ұлы дала елі орталығы, Ясауи мұражайы, Түркістан кітапханасы, әуенді фонтан, шығыс моншасы, амфитеатр, әуежай, автовокзал, спорт мектебі, неке сарайы және басқа сәулет өнерінің бірегей туындылары халықтың көзайымына айналды. Қазақтың бірлігі мен тұтастығын танытуда көне Түркістанның мүмкіндіктері әлі де көп.
Мемлекет басшысының отаншылдық қасиеттерді бойға сіңіру, дарынды жастарды қолдау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу пайымдары – күнделікті өмірде орындалуы міндетті іс-әрекеттер. Қоғамдық этика қалыптастыру, жас ұрпақты адалдыққа тәрбиелеу ұлттық идеологияның ажырамас бөлігі ретінде бір сәтте есімізден шықпауға тиіс. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді» дейді. Махатма Гандидің «Әлемді өзгерткің келсе, алдымен өзіңнен баста» деген сөзі де бүгінде өзекті. Сонымен қатар XIV ғасырдың соңында салынған Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне ұлттық мәдени-тарихи ескерткіш мәртебесін беру, «Ясауитану» ғылыми орталығын немесе институтын құру ұсыныстары да өте құптарлық.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Идеология жұмысындағы басты бағыттың бірі – кітап басып шығару ісі» екеніне де маңыз беріп, тәулік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасын ашу арманымен бөлісті. Мемлекет басшысы мысалға келтірген Анкарадағы Ұлттық кітапхана 2015 жылы салынған. 24 сағат үздіксіз жұмыс істейтін ғимарат 125 000 шаршы метр аумақты алып жатыр. Кітапхана қорында 2 360 000 баспа кітап, 2 033 103-ға жуық журнал бар. Сонымен қатар 69 дерекқордың ішінде 750 000 электрондық кітап, 120 000-ға жуық электрондық журнал мен 240 000 000 мақала сақталған. 2017 жылдың 3 маусымында қабылданған қарарға байланысты Түркияда жарияланған әрбір кітаптың бір үлгісі кітапханаға тапсырылады. Кешенде аспанасты кітапхана, сирек қорлар, балалар кітапханасы, мерзімді басылымдар бөлмесі, зерттеу кітапханасы, оқу залдары, жастар кітапханасы, аудио және бейнежазба бөлімдерімен қоса, басқа да арнайы мақсаттағы кабинеттер мен залдар бар. Ғимарат ішінде жүруді қолжетімді ету үшін 23 лифт іске қосылған. Оның алтауы панорамалық. Сонымен қатар Түркия Президенттерінің кітаптары және 16 буын Түрік империясына қатысты еңбектер сақталып тұр. Сондай-ақ жастар кітапханасы, балалар кітапханасы, демалыс орындары, интернет бөлмесі және тамақтанатын орындармен қамтамасыз етілген.
Мемлекет басшысының арманы орындалып, елімізде бірегей кітапхана бой көтеріп жатса, Қазақстан Президентінің ұлттық кітапханасы зиялы ұлттың, Жаңа Қазақстан жастарының тың бейнесін қалыптастырары сөзсіз. Осы кітапхана ішінде көрнекті зиялы қауым, мемлекет, қоғам қайраткерлерінің көшбасшылық, шеберлік дәрістері өтіп, шығармалары жанр-жанрға бөлініп талданып жатса...
Бір өкініштісі, бізде мұндай жұмыстар көп жағдайда секция жұмыстары ретінде ғана қарастырылады. Онда да әлемдік классиктердің шығармасын бүге-шігесіне дейін жіліктеп беретін кітапқұмарлар мен білікті сыншылар саны көп емес. Оқырмандардың ой бөлісетін ортасы және кітапқұмар жастардың білімін пайдаға асыратын құрылымдар жоқ. Жаңа қалыптасып келе жатқан әдебиет, өнер сыншыларына арналған жұмыс орындары қарастырылмаған. Алысқа бармай-ақ көрші Ресейден алатын жақсы үлгіміз бар. Жоғары оқу орындарында танымал жазушылар, әдебиеттанушылар, публицистер, әдеби сыншылар жыл он екі ай сабақ береді. Университеттен бөлек, түрлі мәдениет орындарында оқырман сұранысымен жаңа шыққан кітаптар мен классик жазушылардың шығармашылық қолтаңбасына талдау жасайды. Әдеби өмірдің өткені мен келешегіне көз жіберіп, қазіргі кезең тұрғысынан баға береді.
Ол аз десеңіз, ютуб желісінде ашып қойған жеке каналдары бар. Эфир арқылы мыңдаған тұтынушының сұрағына жауап беріп, сын жанрында сараптамалық сұхбат ұйымдастырады. Сол арқылы жастарды кітап оқу ісіне тәрбиелеп, көркем әдебиеттің зерттелуіне, заманға сай дамуына, жас сыншылар шоғырының танылуына зор үлес қосып келеді. Осы бағытта білімін жетілдіремін деген жастар үйде отырып-ақ интернет арқылы көп нәрсеге қол жеткізе алады. Қазақстан жазушылары да заман сұранысынан қалмай, өз мүмкіндіктерін жан-жақты жүзеге асырғаны дұрыс.
Кейде қолымыз қалт етіп букинистік немесе ірі кітап дүкендеріне бас сұққанымызда, жастардың көптеп кітап сатып алып жатқанын байқаймыз. Мемлекет қолдау жасаса, олардың арасынан қазақ әдебиеті мен әлем әдебиетін жетік меңгерген, сөз өнерін сауатты зерделеп беретін заманауи біліктегі жазушылар мен әдеби сыншылардың суырылып шығарына сенемін. Президент арманындағы кітапхана көп ұзамай бой көтеріп, дүниенің төрт бұрышынан сұранысқа ие классиктер шақырылып, оған жастар жапа тармағай барып жатса, нағыз зиялы ұлт ордасына, құндылықтар құтханасына айналар еді.
Университетте сараптау-талдау орталығы болуы маңызды
Қасым-Жомарт Кемелұлы «Мемлекеттік саясатта талдау, сараптама жасау қызметі сапалы жүргізілуге тиіс» екенін еске салды. Қордаланған мәселелерді жан-жақты зерттеулер негізінде шешу қажеттігіне басымдық берді. Сараптау-талдау орталықтары желісін жасақтап, кешенді бағдарлама әзірлеуді ұсынды. «Сараптама орталықтары еліміз егемендік кезеңінде жүріп өткен жолдың әр бағытын зерттеуге тиіс. Кемшіліктердің себеп-салдарын анықтау қажет. Үкімет жаңа жоспар жасағанда осы факторлар ескерілуі керек. Ғылым мен зерттеуге негізделген саясат табысты болады», деп атап өтті.
Осы ретте мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру үшін әлеуметтік зерттеу жүргізіп, ұсынымдар даярлауға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдарының әлеуеті жеткілікті екенін айтқым келеді. Өйткені қаралы Қаңтар оқиғасынан кейін орын алған оқиғаға ғылыми тұрғыда талдау жасап, себебін анықтау мақсатында университетте жедел сарапшы-ғалымдар тобы құрылған болатын. Факультеттер фокус-топтарға бөлініп, сараптамалық бағалаулар, психологиялық зерттеулер, қоғамдық сауалнамалар ұйымдастырды. Идеологиялық сипаттағы іс-шаралар өткізудің технологиялары, әлеуметтік-тәрбие жұмыстарын тиімді ұйымдастырудың әдістемелік нұсқаулары мен алгоритмдері құрастырылды. Зерттеу бағыттары ұлттық қауіпсіздік, геосаяси жағдай, саяси мәдениет, саяси психология, экономика, құқықтық қамтамасыз ету, әлеуметтік саясат, дін және экстремизм, этносаралық қатынастар салаларын қамтыды. Сондай-ақ Қазақстанның халықаралық имиджі, Қазақстан моноқалаларындағы еңбек наразылықтары, дағдарыстық және дағдарысқа қарсы коммуникация жоспарлары сараланды. Қойылған міндеттерді іске асыру үшін беделді ғалымдар, академиктер, оқытушы-профессорлар құрамы мен ғылыми зерттеу институттары мен тиісті құрылымдар жұмылдырылды. Университеттің «Farabi Media» ютуб каналында 50-ден астам «Ойталқы», «Мозговой штурм» сараптамалық бағдарламасы түсіріліп, 200-ге жуық ғалым-сарапшы өзекті мәселелердің астарына үңілді, шығу жолын қарастырды. Қазіргі уақытта зерттеушілеріміз еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуы бойынша талдау жүргізіп, мүдделі мемлекеттік құрылымдарға, әртүрлі деңгейдегі арнайы қызмет орындарына кешенді шешімдер мен нақты ұсыныстар дайындап үлгерді.
Сондықтан Президент жүктеген алтыншы бағыт ҚазҰУ ғалымдарының алдағы уақытта да әлеуметтік ізденістері мен жаңа мүмкіндіктерін жандандыруға серпін бермек. Өйткені «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы өз миссиясын атқару үшін ЖОО жанындағы түрлі әлеуметтік зерттеу институттары мен ақыл-ой орталықтарының ұсынымдары аса маңызды.
Қолданбалы әлеуметтік зерттеулер ауқымды, әдістері қанша кең, бәсекеге қабілетті болса, соғұрлым сапалы, сенімді нәтижеге қол жеткізуге болады. Кез келген қауіптің салдарымен емес, себебімен күресуге мүмкіндік береді.
Біздің ойымызша, ғылым мен зерттеуге негізделген сараптау-талдау қызметін тиімді жүргізетін мықты орталықтар желісін университеттерде де құру оңтайлы болмақ. Өйткені мемлекеттік тапсырыспен жасалатын зерттеулер бюджет есебінен қаржыландырылғанымен, олардың базасы қолжетімді емес. Орындаушыларды ғылыми орта танымайды және кәсіби біліктілігі көп жағдайда күмән тудырады. Нәтижесінде, қандай еңбектер шығарылып, қайда таралып жатқаны белгісіз. Ғылыми сараптау-талдау орталықтарын университет базасында ашу шетелдік тәжірибеде де бар. Барлық мемлекеттегі сараптамалық зерттеу орталықтары жоғары оқу орындарының негізінде жұмыс істейді. Білім беру бағдарламалары ғылыми-сараптамалық қабілетті шыңдайтын дағдылар мен біліктерге бағытталған. Өз кезегінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы «Экологиялық қауіпсіздік және табиғатты пайдалану», «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту проблемалары бойынша зерттеулер», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы технологиялар», «Қазақстанның инновациялық дамуын құқықтық қамтамасыз ету» ғылыми зерттеу институттары және «Әлеуметтанулық зерттеулер мен әлеуметтік инжиниринг орталығы», «Дінтанулық зерттеулер және экспертиза орталығы», «Саяси зерттеулердің ақпараттық орталығы», «Психологиялық технология және инновация орталығы», «Гендерлік білім ғылыми зерттеу орталығы» және басқа қоғамдық зерттеу орталықтары сапалы әрі сұранысқа ие интеллектуалды өнім ұсынуға дайын.
Қазіргі сәтте мәдени мұра, ұрпақ тәрбиесі және ұлттық құндылықтар, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, қазақстандық қоғамның әлеуметтік құрылымындағы өзгерістер және теңсіздік мәселесі бойынша зерттеулер жүргізіліп жатыр. Қоғамындағы кикілжің, факторлар мен тәуекелдер, діни ахуал, қоғам мен тұлғаның психологиялық салауатты тақырыптары қоса қамтылды.
Көпшіліктің басым бөлігі дәстүрлі ақпарат көздеріне қарағанда, әлеуметтік желілердегі хабарламаларға көп сенетіні байқалады. Сондықтан әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде экстремистік материалдардың таралуын анықтау бойынша жұмысты күшейту қажет. Сонымен қатар мемлекеттік қызметке орналасу, әскери және құқық қорғау органдарына оқуға түсу кезінде діни сауат негіздерін білуге тестілеу енгізу керек. Бұл шара халықтың жалпы сана-сезімі мен діни сауатын арттырады. Отандық діни білімі бар кәсіби кадрларды, атап айтқанда, қазақ, орыс, араб тілдерін меңгерген, сондай-ақ жамағатпен жұмыс істей алатын, сараптамалық жұмысты жеткілікті деңгейде меңгерген исламтанушылар мен теологтерді дайындау күн тәртібінде тұр.
Жеке тұлғалардан, тіркелмеген діни бірлестіктерден діни білім алуға заң арқылы тыйым салу да маңызды. Бұл шара жастарды деструктивті діни идеологиялардың ықпалынан сақтап, діннің және діни білімнің дамуына жол ашады. Жастармен жұмыс істейтін әлеуметтік-педагогикалық мамандарды мақсатты даярлауды қолға алу орынды болмақ. Қоғамның әл-ауқатын және психикалық денсаулығын зерттеу бойынша әлеуметтік-психологиялық зерттеулер жүргізуді үйлестіру, жүйелеу және реттеу үшін мемлекеттік және ұлттық ғылыми мекемелер – Психология ғылыми зерттеу институты және Әлеуметтану ғылыми зерттеу институтын құрудың да қажеттілігі бар.
Білім «Абай ілімінен» басталады
Мемлекет басшысы «Мен мемлекеттік тілді дамытуға баса мән беріп отырмын. Қазақ тілін қолдану аясы барлық салада кеңейіп жатыр. Қазір тіліміз дамымай жатыр деп алаңдауға ешбір негіз жоқ. Болашақта мемлекеттік тілдің тұғырын нығайта түсу үшін басқа да маңызды шаралар қабылдаймыз», деп, тілімізді дамыта түсу үшін нақты іс-әрекетке көшудің жөн-жобасын көрсетті.
Бұл тұрғыда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасында, жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасында қазақ тілінің грамматикасы мен практикалық курсы оқытылады. Сондай-ақ жаратылыстану факультеттерінде соңғы екі жылдан бері тіл ғылымының лексикология бөлімі пән ретінде бөлек енгізілді. Сонымен қатар жалпы университет бойынша «Абай ілімін» негізгі пән ретінде оқыту екі жылдан бері жолға қойылды. Биылдан бастап қазақ тілін деңгейлеп оқыту жүйесі бекітілді. Жаратылыстану және гуманитарлық ғылым салалары бойынша жыл сайын «Қазақ университеті» баспасынан ҚазҰУ ғалымдары Ғылыми кеңестің шешімімен қазақ тілінде оқулықтар мен оқу құралдарын шығарып отыр. Мәселен, бір ғана ІТ мамандықтары бойынша қазақ тілінде 100-ге жуық еңбек жарық көрді. Университет мемлекеттік тілді дамытуды жүйелі жалғастыра береді.
Ұлттық құрылтайда қарастырылған мәселелер мен Президент берген тапсырмалар бойынша университетте жұмыс жоспары құрылып, жүзеге асыру жолдары талқыланды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бұл бағытта өз мүмкіндігін толығымен пайдаланады. Өйткені ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып, Қазақ елінің адал азаматтары ретінде әділетті Қазақстанды бірге құру – ортақ міндетіміз.
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басқарма төрағасы – ректор