• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Елорда 03 Шілде, 2023

Елорданың даму жоспары

552 рет
көрсетілді

Елордаға ауыл-аймақтан, тіпті қаладан келетін халық көп. Тиісінше, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді реттеуге келгенде жайбасарлық жараспайды. Осыған қарамастан Астанада әлі де болса тұралап қалған шаруалар, ауқымды жобалар бар. Бұл жөнінде Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек те баспасөз мәслихатында тарқатып айтып берген еді.

Биыл Астанада инвестиция көлемі ұлғайып, шағын және орта бизнес көбейген. Тауар айналымының көлемі артып, құрылыс та қарқынды жүре бас­таған. Жыл басында елорда халқының саны 1 млн 370 мың адамға жеткенін білдік. Осы көрсеткіш – бас жоспардағы болжамнан әлдеқайда көп. Орта есеппен жыл сайын қалаға 50 мыңға жуық тұрғын келсе, 30 мың сәби дүниеге келеді екен. Ол аздай күн сайын Талапкер, Қосшы, Қоянды сияқты қала маңындағы елді мекендерден елордаға 150 мың адам келіп-кетеді. Осыны елеп-ескерген қала әкімдігі бірқатар межелі міндетті басшылыққа алып отыр. Тарқатып айтар болсақ, бірінші кезекте тұрақты экономикалық өсімді сақтап, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауға басымдық берген. Екін­шісі, инфрақұрылымдық дамуды, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етумен қатар миграцияны бақылауға негізделген. Осы тұста қала әкімдігі миграцияның қарқынына қарай жаңа жұмыс орындарын құру бойынша тиімді шаралар кешенін қабылдауға мүдделі болып отырғанын айта кетейік. Мұнда бірінші кезекте тұрақты жұмысы жоқ азаматтарды анықтау қажет екен.

Кейін, оларға қолдау көрсетіп, сұранысы жоғары мамандықтарға қысқа мерзімді тегін курстардан өткізіп, сосын жұмысқа орналасуына жәрдемдесу керек. Мұны жақсы білетін Астана қаласының әкімдігі жыл соңына дейін 60 мың жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлаған. Нарық заманында жұмыс орындары әдетте шағын және орта бизнес саласында құрылатынын біліп қалдық. Осы салада қазірдің өзінде елорданың экономикалық белсенді тұрғындарының 70% жұмыс істейді. Шағын және орта бизнестен қала экономикасына түсетін кіріс – 69,5%. Мұны қаржыға шаққанда 7,3 трлн теңге (2022 жыл) шамасында. Былтыр шағын және орта бизнес 11 трлн 400 млрд теңгенің өнімін шығарған. Баспасөз мәслихатында Жеңіс Қасымбек күн тәртібіндегі кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту мәселелерімен қатар қала халқын көктемде алаңдата бастаған ауыз судың жайын баян­дады.

– Биыл кәсіпкерлердің төрт мың жобасына 29,5 млрд теңге көлемінде қаржылай көмек көрсету жоспарланды. Елордада 154 инвестициялық жобадан құралған пул жасалды. Сонымен қатар 24 кәсіпорын ашылады деп отырмыз. Жыл соңына дейін жалпы сомасы 1 трлн 300 млрд теңгені құрайтын инвестиция тартуды жоспарлап отырмыз. Қаланы дамытудың 2035 жылға дейінгі жаңа бас жоспары әзірленіп жатыр. Онда Астана тұрғындары үшін қолайлы орта құруға баса назар аударылады. Мысалы, қаланы сумен жабдықтау мәселесіне басымдық бермекпіз. Біз бүгінде қабылданған шаралардың есесіне қаладағы судың қысымын қалпына келтіріп, тұрғындарды сумен қамтамасыз ете алдық. Маусымда Астана су қоймасынан тартылған су құбыры іске қосылды. Бұл қалаға тәулігіне 90 мың текше метр көлемінде бастапқы су беруді қамтамасыз етті. Сондай-ақ, маусым айында ауыз судың жаңа сорғы-сүзгі стансасын кезең-кезеңімен іске қосуды бастадық. Жүйе реттелгеннен кейін тәулігіне 35 мың текше метр су өткізетін стансаның бірінші блогынан су өтеді. Сонымен қатар тамызда қуаты тәулігіне 70 мың текше метр болатын тағы бір блокты іске қосуды жоспарлап отырмыз, – дейді Ж.Қасымбек.

Осылайша, тамызда сорғы-сүзгі стансасы жобалық қуатына сай қалаға тәулігіне 105 мың текше метр су жібереді екен. Яғни жаңа станса қаладағы ауыз су тапшылығын алдын алуға септеседі. Расында, көктемдегі жағдай көпке сабақ болғандай. Қала әкімдігі де сорғы-сүзгі стансасымен шектелмей, тағы бірнеше ауқымды жобаны қолға алмақ ниетте. Мысалы, сумен жабдықтауды одан әрі тұрақтандыру үшін Нұра жер асты сулары кен орнынан құбыр тарту және Тельман сорғы стансасынан жөндеу жөніндегі жобалар жуырда келісіп-пішіледі екен.

Қысы қатаң елордада жылыту маусымына дайындық ерте бас­талады. Жеңіс Қасымбек қыс­­қа дейін жалпы қуаты саға­тына 1130 гигакалориді құрай­тын үшінші жылу электр ор­талығының бірінші кезеңі және екі газ жылу стансасының құры­лысы аяқталатынын хабарлады.  Қаланы газбен қамтамасыз ету бойынша да жұмыстар тоқтамаған. Бүгінде қалада газға 12 мыңнан астам абонент қо­сылыпты. Бі­рінші және екінші жылу электр орталықтарының 16 қазандығы газға ауыстырылып, 17 автономды жылу стансасы газға қосылған.        

Қаланың жаңа бас жоспарында абаттандыруға да басымдық берілген көрінеді. Қазір әкімдік қаладағы саябақтар мен скверлерді жөндеп, көшелерді көгалдандыруға қоғамдық кеңістіктер мен қас­беттерді біркелкі дизайн-кодқа сай үйлестіруге кіріскен. Жоба-жоспар толығымен орындалса, жыл соңына дейін қалада 15 қоғамдық кеңістік пен 150-ден астам аула абаттандырылады. Қазірдің өзінде шаһардағы 42 аула және 2 қоғамдық кеңістік абаттандырылған. Сонымен қатар биыл қалада 1 млн-ға жуық жасыл желек отырғызу жоспарланыпты. Оның ішінде 452 мың жасыл желек қалада, қалғаны елорда маңындағы «жасыл белбеу» аумағында отырғызылады екен.

Жоғарыда қалада құрылыс қарқыны бәсеңдемегенін айттық. Елордада құрылыстың көлемі 103%-ды құраған. Ашып айтар болсақ, жыл басынан жалпы кө­лемі 1 млн 215 мың шаршы метр тұрғын үй салынған. Енді жыл­дың соңына дейін бас қалада көлемі үш миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынбақ. Бұл шамамен 40 мың пәтер. Оның ішінде 6 мың пәтер мемлекет тарапынан халықтың әлеуметтік осал топтарына беріледі. Иә, Астанада құ­рылысы ұзаққа созылған нысандар баршылық. Мұны да қала әкімі баспасөз мәслихатында қаузады.

– Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқ­тау елорда әкімдігінің ерекше бақылауында тұр. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасының екінші кезеңі аясында салынып жатқан барлық проблемалық үлестік объектілерді аяқтап, пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Бұл 16 проблемалық үлестік нысан немесе 30-дан астам көппәтерлі тұрғын үй. Сонымен қатар осы жылдың қаңтар айынан инженерлік же­лілері жоқ құрылысқа рұқсат бе­рілмейтінін атап өткім келеді. Егер қандай да бір құрылыс ком­­­паниясы құрылысты техни­калық шарттардың толық паке­тінсіз жалғастырса, құрылыс учаскелеріндегі жұмыстар то­лығымен тоқтатылады және компания «қара» тізімге енеді, – дейді Ж. Қасымбек.

Тағы бір жағымды жаңалық, ЛРТ-ның бірінші кешені бойынша құрылыс жұмыстары жанданыпты. Енді қаржыландыруға қарай нақ осы бірінші кешенді екі жылда аяқтау жоспарланған. Бүгінде Қабанбай батыр даңғылындағы әуежайдан «Астана жұлдызы» стеласына дейін және Ш. Қалдаяқов көшесіндегі көпір арқылы «Нұрлы жол» теміржол вокзалына дейін құрылыс қызу жүріп жатыр екен. Осыдан соң Жеңіс Қасымбек қаладағы қоғамдық көлік паркі қашан жаңартылатынын айтты. Бү­гінде Астана қаласы бойынша белгіленген 99 маршрут бойынша 907 автобус қатынайды. Енді биыл әкімдік қоғамдық көлік паркін 400 автобусқа ұлғайтып, алты жаңа бағыт ашуды жоспарлап қойған.

Осыдан соң қала әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік нысан­дар­ға қатысты туындаған қайшы­лық­тарды түйіндей келе алға қойған жоспарлар туралы да жан-жақты баяндады.

– Елорда халқы жасарып ке­леді. Тұрғындардың орташа жасы 30 жасты құрайды. Жыл сайын 30 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Қалада балабақшалар жетіспейді, мектептерде бала саны шамадан тыс толық болып отыр. Қазір елордада орын тап­шылығы 26 мың орынды құ­райды. 8 мектеп үш ауысымда оқытса, 18 мектептің жұмыс режімі тығыз. Жеке инвес­ти­ция­лар есебінен 30 балабақша салу туралы келісім бар. Сондай-ақ 2 жылда 40 мектеп салуды жос­пар­лап отырмыз. Оның ішінде жергілікті бюджет есебінен 18,3 мың орындық 13 мектепті пай­далануға беруді көздедік. Ал жеке инвесторлардың есебінен үш мек­теп салынуда. Биыл «Жайлы мектеп» жобасы бойынша екі ауы­сымда 88 мың балаға арналған 24 мектептің құрылысын бастау жоспарлануда. Осы мектеп­тердің құрылысына 208,7 млрд теңге бөлінді. Бұл жұмыстар елор­да мектептеріндегі орын тап­шылығын толығымен шешуге мүмкіндік береді, – дейді қала әкімі.

Көп ұзамай Жеңіс Қасымбек қала тіршілігіне қатысты жур­налистердің сауалына жауап берді. Бізде де «Egemen Qazaqstan» газетінен бірер сауал жолдап, жауап алдық. Әуелі Астана қаласында судың қысымын реттеу бойынша іске асатын ауқымды жобаларды нақтылауды сұрадық. 

–Жыл басында қалада күніне 25 мың текше метр судың тап­шылығы сезілді. Қазір Астана су арнасынан келетін тағы бір су құбырын іске қостық. Ол осы тапшылықты толығымен жапты. Қалада су тапшылығы жоқ. Одан бөлек, жоғарыда айтқандай жаңа сорғы-сүзгі стансасының бірінші кезеңін аяқтадық. Енді екінші кезеңі тамызда бітеді. Есесіне, 3-4 жылға су тапшылығының алдын алдық. Қала халқының саны өсіп жатыр.  Құрылыс қарқыны да бәсеңдеген жоқ. Баяндамада екі жоба бойынша құжаттарды дайындап жатқанымызды айттым. Келер жылы құрылыс бас­талады. Осыны орындасақ, әрі  қарай 4-ші сорғы-сүзгі стансасын салып, Ертіс-Қарағанды каналынан құбыр тартуға қатысты үлкен жоба бар. Бұл жобалар 2026-2027 жылдарға толығымен аяқталса, алдағы 15-20 жылға қаланы сумен қамтуға кепілдік береді.

Ізінше, қала іргесіндегі сая­жайларда тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеле алмай жүрген әлеуметтің ахуалына қа­тысты мәселенің түп-төркінін білдік. Қала әкімі Жеңіс Қасымбек қалыптасқан жағдай тек Үкіметтің деңгейінде шешілетінін айтты. Қала әкімдігінің құзырына кірмейтін шаруа заңға өзгерістер енгізу арқылы ғана реттелетін көрінеді.

«Stan.kz» ақпараттық агент­тігінің тілшісі Айнұр Мұхади елордада туристердің қоғамдық көлікте жолақысын төлей алмай қипақтайтын жайттар жиі кез­десетінін айтып, мұның тиімді шешімін сұрады. Осы тұста қала әкімі қалада жол ақысын қолма-қол төлеуге болатынын және қолма-қол ақша қабылдаудан бас тартқан жүргізушілер жайында ақпарат түссе, жайсыздықты лезде түзететінін алға тартты. Баспасөз мәслихатында журналис­тер тұрғын үйге, абаттандыруға, инфрақұрылымға, елорда күні қарсаңында өтетін мерекелік іс-шараларға және басқа да әлеу­мет­тік мәселелерге қатысты сұрақ­тарға жауап алды.