Жыл сайын бірінші шілдеде шекарашылар «жасыл фуражка» күнін атап өтеді. Тарихы тереңнен басталатын аталмыш күнге орай саналы ғұмырын Тәуелсіз Қазақстанның шекарасын қалыптастыруға арнап, ел тыныштығына сүбелі үлес қосқан аға буын шекарашы ардагерлер туралы айтуды жөн көрдік.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз 1973 жылы жолдамамен Шығыс шекара округіне тап болған жас лейтенант Қазақбай Ертышбаев туралы болмақ.
Жас Қазақбайдың шекара сапындағы алғашқы қызметі қазақ-қытай арасындағы учаскені күзететін «Текес» шекара заставасы басытығының тәрбие жөніндегі орынбасары лауазымынан басталады. Сол жылы офицердің өмірінде тағы бір айтулы оқиға орын алып, өзінің жүрегін жаулап алған аруға үйленеді. Лейтенанттың жары - қазақтың қаракөз сұлуы да осал болмайды. Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақтың Ұлттық университетін алтын медалға бітірген сондағы ару – Нұржәми Бірімжанқызы бүгінде ғалым, алып шаһардағы айтулы білім ошақтарының бірінде әлі күнге дейін ұстаздық етеді.
Хош, қызметін тәлімгер болып бастаған офицер үш жылдан кейін алдымен «Күркүлдек», содан кейін «Ойқарағай» шекара заставасын басқарады. 1979 жылы Шонжы шекара отрядының барлау бөліміне ауыстырылады. Сол-ақ екен, офицердің ендігі қызметі өзгеріп шыға келеді. Осыған дейін өзіне тиесілі учаскені қызғыштай қорып, күні-түні шекарадан шықпаған ол, бұдан былай жергілікті халықпен тығыз байланыс ұйымдастырады. Сол жылдары ол шекараның тыныштығына тікелей қатысы бар қаншама оқиғаларды басынан кешіреді. Солардың бірі Қазақбай ағаның жадында ерекше жатталып қалыпты, оқиғаны өрбітсек.
1 мамыр – еңбекшілердің мейрамына орай, әдеттегідей шекараны күзету күшейтіледі де, Қазақбай аға іссапармен «Сүмбе» шекара бөлімшесіне барады. Міне осы жерде жергілікті тұрғындардың бірі тау арқылы көрші аспанасты еліне жасырын өтіп кеткені белгілі болады. Соның алдында ғана ауылдан бір ер адамның белгісіз жағдайда жоғалып кеткені де шекарашылардың құлағына жеткен еді. Содан барлаушы офицер қазбалай келе, шекара бұзушы мен жоғалған тұрғынның бір адам екенін анықтайды. Сөйтсе, оқиға былай болыпты.
Еңбекшілердің мерекесін табиғаттың аясында бірге атап өтпек болған екі дос ащы суға сылқия тойып алған соң бір-бірінің жағасына жармаса кетеді. Ақыры бірі екіншісінің басын қолына іліккен таспен ұрып, талдырып тастайды да, досын өлді деп ойлапсасқанынан көрші елдің жеріне өтіп кетеді. Осылайша, біраз уақыт бой тасалап жүреді де, қайтадан бергі бетке өтпек болады. Жас барлаушы Қазақбай оқиғаның дәл осылай өрбитінін алдын ала білгендей шекара бұзушының кері өтуі мүмкін осал орындардың күзетін күшейтіп, торуылдап жүрген еді. Кенеттен күткендей әлгі жерлесіміз аяғын аңдай басып, құрылған торға өзі келіп түседі.
Осы жылдардың ішінде полковник Қ.Ертышбаев жүзден аса шекара бұзушыны ұстауға қатысып, бірде-бір қаскөйдің еліміздің әділ заңынан құтылып кетуіне жол бермеген.
Тағы бір айта кетерлігі, кейіпкеріміз екі рет, алдымен 1981 жылы, сосын 1986 жылы Ауғанстада қызмет етеді. 1979 жылы тұтанған сол бір соғыс өртінен аман оралып Күршім шекара отрядының «Алексеевка» шекара комендатурасы бастығының орынбасары, комендант, бөлім бастығының орынбасары лауазымдарын атқарады. Мұнда 1993 жылға дейін болады да, одан әрі «Алматы» шекаралық бақылау отрядына ауыстырылады. Аталған шекаралық бақылау отрядына қарасты бөлімдердің бірін басқарған Қазақбай аға үш жылдан соң Шекара қызметі Орталық жөндеу зауытының прапорщиктерді даярлайтын курстың бастығы болып бекітіледі.
1993 жыл... Бұл – Қазақ елі үшін тәуелсіздік таңы арайлап атқан тоқсаныншы жылдардың басы болғанымен, әскери салаға келген қиындықтар аз емес еді. Әсіресе шекарашылар үшін ең үлкен мәселе – бүкіл Одақтан келген мамандардың туған отандарына үдере көшуі болды. Жасыратыны жоқ, осы тығырықтан шығуға ел шебіндегі прапорщиктердің тигізген көмектері зор болып еді. Офицерлердің орнын жоқтатпауға күш салған сондағы прапорщиктерді даярлаған мектепті полковник Қазақбай Ертышпаев басқарды. Шекара қызметінің қазіргі Техниканы және қару-жарақтарды жөндеу басқармасында бір кездері осындай мектептің болғанын бүгін біреу білер, ал біреу білмес... Оны бүгінгі ұрпақ енді тарихқа қарап біледі. Ал саңлақ сардарлар – 90-шы жылдары қабырғасы жаңадан қаланған Шекара қызметінің аяғынан тұрып кетуі үшін жұмысты өте жақсы ұйымдастыра білді. Солардың қатарында болған Қазақбай Зейноллаұлы осы лауазымынан кейін 1997-2005 жылдары Шекара қызметінің Әскери институтында оқытушы, кафедра бастығы лауазымдарында болды. Осы білім ұстаханасынан зейнеткерлікке шықты.
Бүгінгі күні ардагер тіпті отставкада болса да жастарды тәрбиелеу сынды маңызды іске жауапкершілік сезімін азайтқан емес, ҰҚК Шекара қызметі департаменттерінің алыстағы шекара басқармаларында жиі болып, офицерлер мен жас сарбаздар алдында өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп тұрады.
Ал жанұясына келсек, жан жары Нұржәми Бірімжанқызы екеуі екі ұл, бір қызды үкілеп өсірді. Өкінішке орай, қос ұлының бірі Сәкен ерте бақилық болыпты, ал Берік Қазақбайұлы әкесінің соқпағын таңдаған шекарашы, әскери шені полковник, қазіргі таңда ҰҚК Шекара қызметі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінде қызмет атқарады. Қыздары Әсел – еліміздегі қаржы саласының үздік маманы. Перзенттерінен бүгінде 10-нан аса немере, екі шөбере сүйіп отырған бақытты ата-әже.
Шекара қызметінің шежіресі бай. Кеудесі алтын сандық қарт ардагерлеріміз өз қолдарымен жасаған шежірені Тәуелсіз Қазақстанның патриот шекарашылары жалғастыра береді. Әлімсақтан осылай!
С.АЛТАЕВ,
ҰҚК баспасөз қызметі