• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Егемен Қазақстан 04 Шілде, 2023

Елордадағы Журналистер саябағы

358 рет
көрсетілді

Кеше елордадағы «Егемен Қазақстан» көшесі бойынан Журналистер саябағы салтанатты түрде ашылды.

Іс-шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Ас­тана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, «Қазақ га­зет­тері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы, бірқатар республикалық бұқа­­ралық ақпарат құрал­ының басшылары, жур­налистика ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының қыз­мет­керлері, елордалық мәс­ли­­хат депутаттары мен жур­­налистер қауымы қа­тыс­ты.

«Egemen Qazaqstan» және «Казахстанская правда» газеттері редакциясының қарсы алды­нан орын тепкен бұл саябақ – қо­лы­на қалам ұстаған тілшілер қауы­­­мының, бұқаралық ақпарат құрал­дары қызметкерлерінің басын қосатын, ортақ жетіс­тік­­те­рімізді атап өтетін, бұ­қа­ра­­лық-мəдени іс-шаралар ұйым­дас­тыратын алаңға айнал­мақ. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген министр Дархан Қыдыр­­әлі саябақ ұлттық руханият сабақ­тастығының символы және қазақ зиялыларының жолы­ның жалғасы екенін атап өтті.

– Бүгін қазақ журналистика­сы үшін тарихи сәт орын алды деуге болады. Елордадағы «Еге­мен Қазақстан» көшесінде Жур­налистер саябағы ашылып отыр. Бұл оқиғаны еліміздегі журналистерге көрсетілген құрметтің бір көрінісі деп бағалауға бола­ды. Осыдан екі жыл бұрын дәл осы маңда Мемлекет бас­шы­сының қатысуымен Алаш қайраткерлерінің ескерт­кі­ші ашылғаны белгілі. Сол қалам­герлер саябағына ұласып жатқан журналистер саябағы ұлттық ру­ханияттың сабақтастығын көрсе­теді, – деді министр.

Журналистер саябағындағы сәнді стеллада Қазақ ұлттық бас­­пасөзінің бағдары болған Ахмет Байтұрсынұлы мен тәуел­сіз қа­зақ басылымдарының ба­hадүрі Шерағаңның бейнесі қатар орналасуы да ұлылардың ұлы жолының жалғастығын біл­діретінін атап өткен Дар­хан Қыдырәлі еліміз­дегі белгі­лі басылымдар мен ақ­па­рат құрал­дарының аты ойып жазылған бұл ескерткішті отан­дық журна­листиканың жылнамасы деп бағалауға болатынын жеткізді.

– Таяуда ғана Президенттің қамқорлығымен 2 ақпан «Ұлттық баспасөз күні» болып белгіленді. Бұл да қазақ баспасөзіне көрсе­тіліп отырған үлкен қолдау деп бі­леміз. Елордамыздың өркен­деуіне журналистер көп еңбек сіңіріп жатыр. Сондықтан бұл игі іс-шара – Астананың туған күніне, 25 жылдық мерейтойына арналған үлкен тарту. Айта кеткен жөн, «Egemen Qazaqstan» газеті ғимаратының алдындағы қараусыз жатқан жерді сәнді саябаққа айналдыру идеясы осы­дан төрт жыл бұрын, бас басы­лымның ғасырлық белесінде кел­ген еді. Соның сәті бүгін түсіп отыр. Егемендіктермен бірге барша әріптестерімді құттықтаймын. Болашақта бұл сәнді саябақ бар­ша журналистердің басын қоса­тын, шығармашылыққа шабыт беретін, игі іс-шаралар өтетін алаң­ға айналады деп сенемін, – де­ген Дархан Қыдырәлі осы іске қолдау көрсеткен қала әкімдігіне және шаһар басшысы Жеңіс Қасымбекке алғыс білдірді.

Елордамыз 25 жылдың ішінде тек әкімшілік орталық қана емес, шығармашылық, мәдени және рухани ордаға айналғанын атап өткен қала әкімі қала күні қар­саңында ашқан Журналистер сая­­бағы еліміздің бас басылымы атындағы көшеде орналасуын заңды құбылыс деп санайтынын жеткізді. «Бұл саябақ осыдан бірнеше жыл бұрын ашылған Қаламгерлер саябағымен ұшта­сып жатыр. Ол жерде қазақтың алғашқы газеттерін ашқан Алаш арыстарының ескерткіші тұр. Бүгінгі іс-шара сол кезде қолға алынған жақсы бастаманың жалғасы іспеттес», деді Жеңіс Қасымбек.

Шаһар басшысы өз сөзін­де қазіргі таңда елордада тұр­ғын­дар­дың қолайлы демалы­сы үшін жаңа әрі тартымды орын­дар көптеп ашылып жатқа­нын да атап өтті. «Бүгін жандан­ған көшелердің бірі – Сәтбаев көшесін араладым. Мұнда біз Қа­жы­мұқан көшесінен Пет­ров көшесіне дейін қайта жаң­ғыр­­ту жұмысын жүргізіп жатырмыз. Сонымен қа­тар Қа­жы­­мұқан көшесінен Пет­ров кө­шесіне дейінгі жұмыс аяқ­тал­ды. Көлеңкелі шатырлар, ойын алаңдары орнатылып, ағаш­тар мен жасыл желектер отыр­ғызылды. Петров көшесі мен Б.Мо­мышұлы даңғылы ара­лы­ғын­дағы учаскені қыркүйек айына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Сол сияқты қала тұр­ғын­да­ры мен қонақтары үшін Ақбұ­лақ жағалауы жайлы орын­­­дар­­дың бірі болады, ал Ам­ман және Абылай хан даңғы­лын­­­дағы көпірлер астында жаяу жүргіншілер өткелдері құрыл­ды. Олар Ақбұлақ өзенінің бойын­дағы саябақ кластерлерін өзара байланыстырады. Орталық жа­ғалаудың тарихи көшелері (Жел­тоқсан, Бейбітшілік, Бұ­қарбай батыр көшелері) жаңарып жатыр. Бүгінгі «Журналистер сая­бағының» ашылуы да елор­дамыздың тартымдылығын арттырып, келбетіне жаңа рең береді деп есептейміз», деді ол.

«Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы қалам ұстаған қауымға арналған саябақтың Абай даңғылы мен Кенесары көшесінің ортасынан орын тебуінде үлкен мән бар екенін жеткізді. «Абай қазақ үшін даналықтың үлгісі болса, Кенесары – батырлық пен азат­тықтың рәмізі. Осы аралықтан Қа­ламгерлер саябағы ашылып, Алаш қайраткерлеріне арналған тұғыртастардың көтерілуі, осы жерде қазақ газеттерінің басы қосылып, ұлт руханиятының ұйы­суы да бекерден-бекер емес. Батырлық пен даналықты тек­тен-тек айтып отырғаным жоқ, бұл екі қасиет те біздің қалам ұстаған журналистерімізге ауа­дай қажет. Ел үшін еңбек қыла­тын соқтықпалы-соқпақты жолда осы екі қасиетпен қарулан­ған әріптестеріміз қандай қиын­дық­­ты да жеңіп, биік асуларды ең­середі. Бүгінгі стеллада жазыл­ған Шерағаңның «Жур­налист – қара нар» деген пайы­мының да арғы мағынасы осыған саяды», деді ол.

Сонымен қатар «Қазақ га­зеттері» ЖШС бас директоры мем­лекет тарапынан журналистер қауымына үлкен қол­дау көрсетіліп жатқанын да атап өтті. «Күні кеше кәсіби мерекеміз қарсаңында Мемлекет басшысының ұйытқы болуы­мен «Egemen Qazaqstan» және «Казахстанская правда» газет­терінің журналистері пәтер алып, қуанышқа кенелді. Бұл игі іс-шара алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенеміз», деген ол елорда басшыларына және сауапты іске мұрындық болған барша азаматқа алғысын білдірді.

Су жаңа саябақта журналис­тер мен қала тұрғындарының де­малып, тынығуы үшін орын­дық­тар қойылған. Оларды кө­лең­келеу үшін жаңадан ағаш­тар отырғызылып, жасыл жел­егі мо­лая түскен. Саябақ аума­ғын­да «Қазақстан және БАҚ», «Жур­налист және оператор», «Оқыр­ман» мүсіндері тұр. «Қазақстан және БАҚ» стелла­сында ұлт ұстазы Ахмет Бай­тұр­сынұлы мен қазақ журналис­тикасының қа­ра нары Шерхан Мұртазаның сөз­дері және еліміз­дегі негізгі бұ­қа­ра­лық ақпа­рат құралдарының атау­лары жазылған.

Саябақтың ашылу салтанатына қазақ журналистикасында өзіндік орны бар аға буын өкілдері де қатысқанын жоғарыда атап өттік. Солардың бірі – «Egemen Qazaqstan» газетін ұзақ жылдар басқарған танымал журналист, мемлекет қайраткері Сауыт­бек Абдрахманов та өз ойын ор­таға салды. «Саябақтың осы жер­ден ашылуы «Egemen Qazaq­stan» газетінің беделін бұрын­ғыдан арттырып, қазақ журналистикасының қара шаңы­­рағы деген бейресми атауын одан әрі нықтай түседі. Бұл ба­сы­лымның елордамыздан орын тебуі және бүгінгі ашылып отыр­ған аллея Аста­наны жур­налис­тикамыздың ор­талығына айнал­дырып отыр. Қалам ұстаған әріптестеріме айтарым, жазарымыз бен жұртқа жеткізер жақсы жаңалықтарымыз көбейсін», деді ол.

Ізгі іс-шараның ортасынан табылған белгілі тележурналист Жайна Сламбек: «Бұл маңда Алаш қайраткерлерінің ескерткіштері бар. Енді оның қасынан Журналистер саябағы да бой көтеріп жатыр. Алаш қозғалысы, Алаш ұлдары туралы оқып-білген тоқсаныншы жылдары арада ширек ғасыр өткенде тұтас ұлт Алаш идеясын ту ететінін ойладық па? Мұның бәрі көңілді толқытады. Мың сан мәселеге қарамай, мемлекетіміз – мәңгілік! Себебі соған ықпал­дасатын, солай болуына қызмет ететін журналистердің жүрегі «Осы ел өркендесін, осы жер көктесін!» деп соғады. Бұл өте маңызды», деп ойын ортаға салды. Ал журналист Әскербек Қияс саябақ туралы ойын әлеу­меттік желіде «Кейде тас қо­ғам­нан шаршағанда шеріңді шығарып, үндемей сұхбат бе­ріп қайтатын жер екен» деп біл­діріпті. Ендеше, Қаламгерлер сая­ба­ғының қапталынан ашылған Журналистер саябағы қолына қалам ұстаған қауымның басын жиі қосатын ортақ мекенге айналады деп сенеміз.