• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Шілде, 2023

Роман Скляр Балқаш қаласының жылу беру маусымына дайындығын тексерді

256 рет
көрсетілді

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Балқашқа жұмыс сапары барысында қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін негізгі нысанда болып қайтты, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазір жылу магистралінде №5 қазандықтың жекелеген шағын тораптарын монтаждау аяқталып келеді. Осыдан кейін жабдық гидравликалық сынақтан және газ-ауа жолының тығыздығын тексеруден өтеді. Болашақта қазандықты орнату «Kazakhmys Energy» ЖШС БЖЭО жұмысын жақсартып қана қоймай, ластаушы заттардың шығарындыларын азайтуға тиіс.

Компания «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасына кіру үшін ҚР Энергетика министрлігіне өтінім берді. Осының арқасында жабдықтарды жаңарту мүмкіндігі пайда болады.

«Биыл жөндеу науқанына өткен жылмен салыстырғанда көп қаражат бөлінді – 4,2 млрд теңге. Жылыту маусымының сапалы өтуі үшін екі қазандық пен екі турбинаны күрделі жөндеуден өткізуге дайындау қажет. Жылу беру маусымы басталғанға дейін қоймаларда отын болуы үшін көмір қорын тез қалыптастыру қажет. Қазір бұл мәселені ҚТЖ және әкімдікпен пысықтап жатырмыз», деді «Kazakhmys Energy» ЖШС басшысы Темірлан Өтегенов. 

Премьер-министрдің бірінші орынбасары жылу және су құбыры желілері жөнделетін учаскелерде болды. 2022 жылы қалада №1 және 2 магистралдық жылумен жабдықтау желілерін қайта құру басталды. Жоспарланған 10,6 шақырымның 5,2-сі ауыстырылды. Жұмыс 2024 жылы аяқталуға тиіс. 

Сондай-ақ өткен жылы Балқашта 2-ші және 3-ші кезектегі қалаішілік су құбырын қайта жаңарту басталды. 124 км құбыр жаңартылады деп көзделіп отыр. 2022 жылы құрылысшылар 8,6 км желі салды. Биылғы жоспарда – 30 км. Жұмыс бір уақытта бес учаскеде жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар Роман Скляр жол құрылысы мәселелері бойынша жұмыс кеңесін өткізіп, «Қарағанды – Балқаш» автожолының учаскесін реконструкциялау барысымен танысты. Бүгінгі таңда жұмыстар 71%-ға орындалды. Барлығы 363 км жол төсемі жөнделеді. Мердігерлер ауыл шаруашылығы техникасы үшін 32 жол өтпесін, 11 көпір, екі көлік айрығын салады, 310 су өткізу құбырын төсейді. Қолданыстағы инженерлік коммуникация желілерін қайта құру жоспарланған. Жұмабек, Ақсу, Ақшатау және Балқаш сияқты елді мекендер үшін айналма жолдар салынды. Ақсу – Аюлы арқылы айналып өту аяқталу сатысында.