• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Шілде, 2023

Шуаққа толы шағын үй

213 рет
көрсетілді

Әлеуметтік кодексті іске асыру аясында елімізде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсе­тетін сыйым­дылығы аз үйлерді ашу қанатқақты жо­басы басталып жатыр. Мұндай шуаққа толы шағын үйдің алғашқысы Қарағандыда мү­гедектігі бар балаларға арналып ашылды.

Еңбек және халықты әлеу­­меттік қорғау министр­­лігінің мәліметі бойынша, бүгінгі таң­да Қазақстанда 711,8 мың мүгедектігі бар адам тұрады. Оның ішін­де 607,6 мыңы – ересек адам, ал 104,3 мыңы – 18 жасқа дейінгі балалар.

Биыл қаңтардағы дерекке сүйенсек, әлеу­меттік қызмет көр­сету жүйесімен 130 мың­нан аса адам қамтылды. Бұл қатардағы 61 мың адам – мү­гедектігі бар азамат, оның ішінде 24 мыңнан астамы – мүгедектігі бар бала.

Елімізде мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтерді (АӘҚ) 700-ден аса мемлекеттік субъект ұсынады. Атап айтқанда стационарлық үлгідегі 116 меди­циналық-әлеуметтік мекеме, қарттар мен бірін­ші және екінші топтағы мүгедектер үшін жалпы үлгідегі – 44, психоневрологиялық ауру­лары бар мүгедектер үшін – 52, тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар балалар үшін – 4, психоневрологиялық патологиясы бар мүгедектігі бар балалар үшін 16 қызмет көрсетеді. Сондай-ақ 80 күндізгі болу орталығы, 32-оңалту орталығы, 503 үй­де әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі бар. Бү­гінгі таңда АӘҚ көрсету бойынша мем­ле­кет­тік әлеуметтік тапсырысты еліміздің бар­лық өңірінде 182 ҮЕҰ жүзеге асырып жатыр.

Енді Әлеуметтік кодексте көзделген әлеу­­­меттік қызмет көрсету жүйесін транс­фор­мация­лау бойынша жан басына шақ­қандағы қаржыландыру есебінен жеке секторды тар­ту арқылы мемлекеттік медицина­лық-әлеу­меттік мекемені кезең-кезеңімен монополиясыздандыру жоспарланып отыр. Осы орайда мүгедектігі бар адамдар тұратын жер­лерде, оның ішінде ауылдық жерлерде де тіке­лей сыйымдылығы аз үйлер құрыла бастайды.

«Биыл аталған жобаны іске асыру аясында еліміздің 7 өңірінде – Ақмола, БҚО, Қарағанды, Түркістан облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында сыйым­дылығы аз үйлер ашу жоспарланып отыр. Бүгінде Қарағандыда алғашқы сыйымды­лы­ғы аз үй пайдалануға берілді. Мұнда 12 төсек­тік орынға есептелген күндізгі стационар ­жағ­дайында психоневрологиялық патологиясы және тірек-қимыл аппараты бұзыл­ған балалар арнаулы әлеуметтік қызмет­тер­ді алады», деді Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрлігі Әлеуметтік қызмет­тер де­партаменті директорының орынбасары Гаухар Қалмақова.

Қарағандыда ашылған «Өзім» мүмкін­дігі шектеулі балаларға арналған даму орта­лығында 12 бала арнайы қызметтерді стацио­нар жағдайында тегін алады. Жалпы, бұл бас­тама қанатқақты жоба ретінде жүзеге асыры­лып жатыр. Негізінде Әлеуметтік кодекс шең­берінде арнаулы әлеуметтік қызметтер­дің жан басына шаққандағы нормативте­рін 2025 жылдан бастап енгізу көзделген.

«Мұндай өзгеріс алғаш рет енгізіліп жатыр. Бірақ біз күтіп отыра бермей, тестілеуді бастауға шешім қабылдадық. Қанатқақты жоба арқылы тірек-қимыл аппараты бұзылған және нейропсихиатриялық бұзылулары бар балаларды қамтимыз. Жобаны іске қосу мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарына жұмысқа шығуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бала отбасында қалады және сонымен бірге ар­наулы әлеуметтік қызметтердің толық пакетін алады», деп түсіндірді Г.Қалмақова.

Жоба бастамашыларының идеясы бойын­ша бизнесмендерді тарту қызметтердің сапа­сын арттыруға және шалғайдағы ауыл­дар­ды қамтуға мүмкіндік береді. Ата-ана­лар әлеу­меттік қызметтер порталында тиісті жет­кізу­шіні таңдай алады. Онда олар қызметтердің са­пасы туралы пікір қалдыра алады.

Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Өзім» даму орталығын ерекше қажеттіліктері бар қыз баланың анасы Эльнара Смағұлова ашты.

– Қанатқақты жоба біздің орталыққа жарты жыл ішінде 3 жастан 13 жасқа дейінгі 12 балаға тегін ем алуға мүмкіндік береді. Бұл ата-аналарға үлкен қаржылық қолдау. Біздің сабақтарымыз жеке және шағын топтарда өтеді. Балалармен логопед-дефектологтар, нейропсихолог, арт-терапевт және музыкалық терапевт жұмыс істейді. Тьюторлар бар. Балалар мұнда сегіз сағат тұрады, күніне үш рет тамақтанады, өз көлігіміз балаларды үйден алып, қайта апарады, – дейді Э.Смағұлова.

Бұл «Өзім» орталығына кенже ұлын әкел­ген Салтанат Истімісованың төрт баласы бар екен, оның екеуінің церебральды сал ауруы бойынша мүгедектігі бар.

«Ұлым – екі жаста, церебральды сал ауруы бар, көз нервінің төмендеме атрофиясы, ПДТ диагноздары қойылған. Мұндағы мұғалімдер керемет, баламды олардың бақылауына сеніп тапсыруға болады. Бұл орталыққа тегін бару біздің отбасымыз үшін үлкен көмек болып отыр», деді С.Истімісова.

2023 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, Қарағанды облысында мүгедектігі бар адамдардың саны 56,1 мың адамды құрады, оның ішінде бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар 28,9 мың азамат және мүгедектігі бар 4,8 мың бала бар. Өңірде 84 төсектік орынға арналған 1 оңалту орталығы, 10 стационарлық мекеме, 2 күндізгі бөлімше, үйде 57 әлеуметтік көмек бөлімшесі, белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарға арналған 2 әлеуметтік бейімдеу орталығы, 9 ҮЕҰ жұмыс істейді.