«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы әмбебап базарларды модернизациялау бойынша мерзімді ұзарту туралы бірнеше рет мәселе көтерген болатын. Заң бойынша мерзім 2023 жылғы 1 қаңтарда аяқталған еді.
Палата сарапшыларының айтуынша, жаңғырту жалғаспаса, онда мыңдаған сауда орындары жабылып қалуы мүмкін. Осыған байланысты он мыңдай кәсіпкер мен оның отбасы табыссыз қалуы ықтимал. Еске салайық, жаңғырту көшедегі дүңгіршектерді, контейнерлік павильондарды сауда үйлері немесе сауда үйлері түріндегі заманауи нысандарға ауыстыруды қарастырады.
Осы ретте «Атамекен» алаңында Сауда және интеграция вице-министрі Арман Шаққалиевтің қатысуымен жиын өтті. Министрлік өкілінің сөзінше, Парламент Мәжілісінің қарауында жатқан кәсіпкерлік мәселелері бойынша түзетулердің тоғызыншы пакеті аясында «Атамекен» бастамасымен жаңғырту мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту жайы талқыланып жатыр. Өз кезегінде министрлік те бұл бастамаға қолдау білдіріп, оны Мәжіліс алдында палатамен бірлесе қорғауға ниетті.
«Біз палатамен бірге осы мәселе бойынша жұмыс істедік. Заң жобасында модернизация мерзімі 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін деп көрсетілген. Ешкім қазір сізді жауып тастаймыз деп айта алмайды. Сонымен қатар Жол картасы бойынша міндеттеме күшін жоймайды», деді вице-министр.
Айта кету керек, Жол картасы сауда саласында жеке кәсіпкерлікке қолдау көрсету мақсатында «Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кейбір шаралары туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы №1060 қаулысына өзгерістер енгізу жөніндегі тармақты да көздейді.
Жол картасында көзделген іс-шараларды іске асыру нарықтарды модернизациялау барысына тұрақты мониторингті қамтамасыз етуге мүмкіндік беруге тиіс.