• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Шілде, 2023

Балқаштың жылу беру жүйесі тексерілді

174 рет
көрсетілді

Балқаш ЖЭО-сында №5 қазандықтың құрылысы жүріп жатыр. Жөндеу жұмыстарымен негізгі және қосалқы жабдықтар қамтылған. Осы шаралардың барлығы жылу тапшылығы мәселесін шешеді және тұрғындардың үйлеріндегі жылумен жабдықтауды жақсартады.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Балқашқа сапары барысында қаланың тыныс-тіршілігін қам­та­ма­сыз ететін негізгі нысандар жұ­мысымен танысты.

Қазір жылу магистралінде №5 қазан­дықтың жекелеген шағын тораптарын мон­таждау аяқталып келеді. Осыдан кейін жабдық гидравликалық сынақтан және газ-ауа жолының тығыздығын тексеруден өтеді. Болашақта қазандықты орнату «Kazakhmys Energy» ЖШС БЖЭО жұмысын жақсартып қана қоймай, лас­таушы заттардың шы­ғарындыларын азай­туға тиіс.

Компания «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасына кіру үшін Энергетика министрлігіне өтінім берді. Осының арқасында жабдықтарды жаңарту мүмкіндігі пайда болады.

«Биыл жөндеу науқанына өткен жылмен салыстырғанда көп қаражат бөлінді – 4,2 млрд теңге. Жылыту маусымының сапалы өтуі үшін екі қазандық пен екі турбинаны күрделі жөндеуден өткізуге дайындау қажет. Жылу беру маусымы басталғанға дейін қоймаларда отын болуы үшін көмір қорын тез қалыптастыру қажет. Қазір бұл мәселені ҚТЖ және әкімдікпен пысықтап жатырмыз», деді «Kazakhmys Energy» ЖШС басшысы Темірлан Өтегенов.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары жылу және су құбыры желілері жөнделетін учаскелерде болды. 2022 жылы қалада №1 және 2 магистралдық жылумен жабдықтау желілерін қайта құру басталды. Жоспарланған 10,6 шақырымның 5,2-сі ауыстырылды. Жұ­мыс 2024 жылы аяқталуға тиіс.

Сондай-ақ өткен жылы Балқашта 2-ші және 3-ші кезектегі қалаішілік су құбырын қайта жаңарту басталды. 124 км құбыр жаңартылады деп көзделіп отыр. 2022 жылы құрылысшылар 8,6 км желі салды. Биылғы жоспарда – 30 км. Жұмыс бір уақытта бес учаскеде жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар Роман Скляр жол құрылысы мәселелері бойынша жұмыс кеңесін өткізіп, «Қарағанды – Балқаш» автожолының учаскесін реконструкция­лау барысымен танысты. Бүгінгі таңда жұмыстар 71%-ға орындалды. Барлығы 363 км жол төсемі жөнделеді. Мердігерлер ауыл шаруашылығы техникасы үшін 32 жол өтпесін, 11 көпір, екі көлік айрығын салады, 310 су өткізу құбырын төсейді. Қолданыстағы инженерлік коммуникация желілерін қайта құру жоспарланған. Жұмабек, Ақсу, Ақшатау, Балқаш сияқ­ты елді мекендер үшін айналма жолдар салынды. «Ақсу – Аюлы» арқылы айналма жол аяқталуға жақын.