• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Шілде, 2023

Алматы облысында «Gate City» жобасы қалай жүзеге асырылып жатыр?

222 рет
көрсетілді

Мәжіліс депутаты, «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшесі Максим Рожин Алматы облысына жұмыс сапары кезінде «Gate City» жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты. Бұл – Алматы агломерациясын дамыту аясында салынып жатқан төрт спутник қаланың бірі, деп хабарлайды Egemen.kz.

«G4 City» жобасы Алматы облысында 2008 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Алматы-Қонаев тас жолының бойында жалпы ауданы 8 мың гектардан асатын 250 мың тұрғынға арналған Gate City, Golden City, Growing City, Green City орталықтарынан құралған заманауи аудан салынып жатыр.

Бірінші спутник қала Gate City – тұрғын үй құрылысы мен индустриялық аймағы бар ірі бизнес және қаржы орталығы. Бас жоспар бойынша оның аумағы шамамен 2,4 мың гектарды құрайды. Сарапшылардың пікірінше, 2030 жылға қарай Gate City аумағында 90 мың адам тұратын болады. Мұнда барлығы 74 тоғыз қабатты үй, 10 мектеп, 16 балабақша, 4 емхана бой көтереді.

Мәжілісмен спутник қалалардың коммуналдық инфрақұрылымына ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.

«Бұл ретте халықты сапалы ауыз су мен электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету мәселелері партиялықтардың ерекше бақылауында болуы тиіс. Жылумен жабдықтау нысандарының дайындығын да бақылау қажет», деді М.Рожин.

Депутат тұрғын үй бағасы қолжетімді болуы қажет екенін айтты.

Жоба бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші кезекте «Gate City» спутник қаланың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысандарын салу тұр. Қазіргі уақытта 86,5 шақырым магистральдық желілері аяқталды. Электр қосалқы стансасы, автоматты газ тарату, магистральдық су құбыры мен кәріздік сорғы станциясы бар су тарту қондырғылары салынды. Ұзақ мерзімді құрылыс нысандарының қатарында жоғары су жылыту қазандығы мен «Алматы-Қонаев» тас жолының бойындағы көпір бар.