Елорда күнінде көпшілік «Толағай» алыптар сайысын тамашалады. Дуы басым додаға ел біріншілігінде, әлем чемпионатында өнер көрсетіп жүрген спортшылар қатысты. Яғни топқа түскен жауырыны қақпақтай саңлақтардың қай-қайсысы да жүлдеден үмітті еді. Бәйгенің аты бәйге болған соң, үздіктерден қара үзіп шыққан оғландар топ жарды.
Алыптар сайысының ашылу салтанатына Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Парламент Мәжілісінің депутаттары Дәулет Тұрлыханов, Қазыбек Иса, сайыстың өтуіне бастамашы болған Темір Спатай сөз сөйлеп, топқа түскен 15 жігітке табыс тіледі.
– Елорда күні қарсаңында қалада мәдени-спорттық іс-шаралар өтіп жатыр. Бүгінгі «Толағай» сайысы – соның жалғасы. Алыптар сайысы – саламатты өмір салтын насихаттайтын көпсайысты турнир. Ерекше жоба былтыр Жетісу облысының Жаркент қаласында ұйымдастырылған еді. Алыптар сайысы елорда төрінде алғаш рет өткізіліп отыр. Әйгілі Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Балуан Шолақ бабамыздың ізін жалғаған нар тұлғалы дарабоздарды танытатын жобаның жаңғыруы – біз үшін үлкен жаңалық. Сондықтан бұл жоба дәстүрлі түрде өтетін сайыстардың қатарына қосылсын дейміз. Алыптар сайысында кіл мықтылар дара шықсын,– деді қала әкімінің орынбасары Есет Байкен.
Білектілер сайыстың 5 түрі бойынша сынға түсті. Әуелі дарабоздар 1 минутта 141 кило тасты 10 метр қашықтыққа апаруға бекінді. Яғни мұнда жұп-жұмыр тасты кім алыс қашыққа апарса, сол – жеңімпаз. Екінші, 10 кило найзаны 10 метр қашықтыққа лақтырудан сынасты. Үшінші, 130 килолық бөренені иыққа асып, отырып-тұруға тиіс болды. Төртінші, көлемі 1,5 метр темірді желкеге қойып, қолмен майыстыруы керек. Ережеге сай, білектілер соңғы сайыста жарты тонналық арбаны 1 минутта мейлінше ұзаққа сүйреуге тырысты. Алыптар сайысын бас төреші Еркін Мұқашұлы бастаған қазылар бағалады. Әрине, тартысты турнирді тамашалауға келген көпшілік қазақ күресі, қол күресінің шеберлері және зілтемір көтеруден шыныққан оғландар жекелеген сайыстарда алдына қара салмайды деп топшыласа керек. Алайда аламанның ерекшелігі сол, тек бес сайыс бойынша топ жарғандар ғана жүлделі болды.
Сонымен, жарыс қорытындысы бойынша Арыс қаласынан келген Азамат Мақұлбеков алдына қара салмай, көш бастады. Еске салайық, Азамат осыған дейін Сұлтан Байбарыстың 800 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған алыптар сайысында күміс жүлдені еншілеген. Жеңімпаз 1 млн теңге ақшалай сыйлық иемденді. Екінші орын Қонаев қаласының спортшысы Фаид Теңізбаевқа бұйырып, ол 600 мың теңге қаржылай сыйлық алды. Фаидтің де сайыстан хабары барын, осыған дейін Қонаев қаласында өткен алыптар сайысында топ жарғанын айта кеткеніміз ләзім. Үздік үштікті Шымкент қаласының тумасы Нұрғиса Әділетұлы түйіндеп, 400 мың теңге қаржылай сыйлықты қанжығалады. Білсеңіздер, Нұрғиса да қаражаяу емес, ол – ауыр атлетикадан елдің еңбек сіңірген спорт шебері, әлем, Азия чемпионатының жүлдегері.