Кербұлақ ауданының Басши елді мекенінде ауыл жастарына арналған күрес залы ашылып, жергілікті жұртшылықты қуанышқа бөледі. Жаңа нысанның құрылысын жүргізген мердігер компания нысанды дәл мерзімінде аяқтап, елдің игілігіне ұсынды.
Күрес залының ашылу салтанатына қатысқан Кербұлақ ауданының әкімі Қанат Есболатов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұл, грек-рим күресінен Азия чемпионы Марғұлан Әсембеков ауыл тұрғындарын құттықтап, жүрекжарды тілектерін арнады.
– Қолданысқа беріліп отырған күрес залының құрылысына жергілікті бюджеттен 135 млн 400 мың теңге бөлініп, «Бауыр құрылыс компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ел игілігіне ұсынды. Келешекте осы спорт залынан қазақтың атын шығаратын айбынды ұлдар мен өр рухты қыздар көптеп шықсын, – деді Қанат Есболатов.
Күрес залының тұсауын Ұлан Рысқұл мен Басши ауылдық округіндегі ақсақалдар алқасының төрағасы Жақыпбек Самылтырұлы кесіп, жас палуандардың шынығуына ұсынды.
Күрес залындағы еркін күрес үйірмесінің жаттықтырушысы Азамат Қойбағаровтың айтуынша, Басши ауылында күреске құмар ұл-қыздар баршылық. 30-35 бала еркін күреспен тұрақты айналысып келеді. Олардың басым бөлігі аудандық, облыстық, республикалық біріншіліктерден жүлделі орын алып жүр.
Жетісу облысы