Ел теннисінің көшбасшысы, былтырғы Уимблдон додасының жеңімпазы Елена Рыбакина аталған турнирдің ширек финалына шықты.
Әлемдік рейтингте үшінші орында тұрған жерлесіміз «Үлкен дулыға» жарысының төртінші айналымында әлемнің 13-ракеткасы бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен шеберлік байқасты. Орталық корттағы кездесуді Рыбакина сәтті бастады. Үшінші геймнен кейін есеп 2:1 болған мезетте отандасымыз брейк жасап, 3:1 есебімен алға шығып алды. Содан кейін өз геймінде мықтылық танытып, есептегі басымдықты ұлғайтты – 4:1.
Алайда бесінші геймнен кейін бразилиялық теннисші жарақатына байланысты медициналық көмекке жүгініп, әрі қарай бәсекені жалғастырудан бас тартты. Осылайша, Елена еш қиындықсыз жарыстың келесі кезеңіне жолдама алды. Енді жерлесіміз бүгін Уимблдонның жартылай финалына шығу үшін әлемнің 6-ракеткасы тунистік Онс Жабермен кездеседі. Бұл екі спортшы Ұлыбританиядағы жарыстың былтырғы финалында ойнап, үш сетке жалғасқан бәсекеде Елена Рыбакина 3:6, 6:2, 6:2 есебімен жеңіске жеткен.