• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Шілде, 2023

Жол жөнделіп жатыр

995 рет
көрсетілді

Атырау облысында 3 мың шақырымнан асатын автомобиль жолы бар. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдың ұзындығы – 1 125 шақырым. Ал 1 927 шақырымы облыстық және аудандық маңыздағы жол санатына жатқызылған.

Жыл сайын автомобиль жолын күтіп-ұстауға, ағымдағы жөндеу жұ­­мысын жүргізуге қаржы бөлініп ке­леді. Мәселен, өткен жылы Атырау об­лысындағы жол инфрақұрылы­мын жақсарту үшін 35,8 млрд теңге бө­лінді. Қомақты қаржының 4,8 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен қа­ралып, облыстық маңызы бар 201 шақырым автомобиль жолына жөн­деу жа­салған. Соның нәтижесінде 1 387 ша­қырым жолдың жағдайы жақ­­сы және қанағаттанарлық деңгейге ­жет­кі­зілген. Бұл – өңірдегі жолдың 72 %-ы.

Облыс әкімінің орынбасары Қай­рат Нұртаевтың дерегіне сү­йен­­сек, көлік инфрақұрылымын да­мытуға байланысты жоспарлы жұ­мыстар бар. Биыл 32 елді мекендегі 120 шақырымға жуық автомобиль жолын күрделі жөндеуден өткізіп, қайта жаңғырту жұмыстарына 22,9 миллиард теңге бөлінген. Қазір Индер – Қарабау – Миялы – Сағыз аралығын жалғайтын автомобиль жолын жөндеуді аяқтауға назар ауда­рылып отыр. Әсіресе Индер-Қара­бау аралығын жалғап жатқан 87 шақырым жолды қайта жаңғырту кезек күттірмейтін міндетке айналған.

«Индер – Қарабау – Миялы – Са­ғыз» автомобиль жолын жаңғырту­дың бірнеше маңызы бар. Бірінші­­­ден, бұл жолдың тезірек жаңғыртыл­ға­нын әсіресе Қызылқоға ауданы­ның ­30 мыңнан астам тұрғыны кү­тіп ­отыр. Өйткені қызылқоғалықтар­дың ­Ин­дер мен Махамбет ауданы­на, Аты­рау қаласы мен Батыс Қазақ­стан облысына қатынасы жеңілдей­ді. Екіншіден, бұл кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы саласына тың серпін береді.

Жақында Қызылқоға ауда­нын­дағы «Миялы-Ойыл» автомобиль жо­лының 18 шақырымын күрделі жөн­деуден өткізу қолға алынды. Бұл ауданда күрделі жөндеуді күтіп тұр­ған тағы бір жол бар. Бұл – «Мия­лы мен Тайсойған» ауылдары ара­лығындағы 50 шақырымдық жол. Оған күрделі жөндеу жүргізетін мердігер мекемені анықтау үшін ашық конкурс жарияланған.

– Биыл жеті ауданда жолды жөн­деу, жаңғырту жүргізілгелі отыр. Мәселен, облыстық маңызы бар «Құрманғазы – Приморье-Утеры-Котяев» автомобиль жолының 0-29 ша­қырымындағы учаскесі күр­делі жөндеуден өткізіліп жатыр. Құр­манғазы ауданына қарайтын «7-разъезд – Асан – Азғыр – Балқұдық-Сүйіндік» бағытына қатынайтын 36 ша­қырымына орташа жөндеу жүр­гізілуде. Аудандық маңыздағы «Ақкөл – Қызылоба – 4-разъезд – Қиғаш» автомобиль жолының 43 шақырымын қайта жаңғырту қолға алынды, – дейді Қайрат Нұртаев.

Махамбет аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолау­шылар көлігі, автомобильдер жолдары бөлімінің басшысы Сырымбет Кенжебаевтың мәліметінше, жақын­да 11,2 шақырым ауылішілік жол­дың құрылысы басталған. Жобаның құны – 2 миллиард 488 млн теңге. Ал мердігерлікке таңдалған «Толағай 2050» ЖШС жұмысты 19 айда аяқ­тауды көздеп отыр.

«Бұл жоба аудан орталығындағы 19 көшені қамтиды. Оның ішінде 500, 300 метрлік көшелер бар. Биыл атқарылатын жұмысқа 500 млн теңге қаржы бөлінді. Осы қаржыға үш көшеге жол салынады. Бюджеттен қосымша қаржы бөлінсе, тағы екі көшеге асфальт төселеді», дейді Сырымбет Кенжебаев.

Оның айтуына қарағанда, Ма­хам­бет ауылында 2 шақырымды қамтитын тағы 14 көшеге жол салынатын болады. Бұл жобаның жалпы құны 2 млрд 125 млн теңгені құрайды. Биыл облыстық бюджеттен дәл осы жобаға 300 млн теңге қаржы қаралған. Тамыз айына дейін мердігер анықталса, жоспарлы жұмыс басталмақ. Жоба аясында тұрғындар үшін 7 аялдама салу көзделген.

Құрманғазы ауданындағы Ақкөл, Дәшін, Затон елді мекендерінде кір­ме және ауылішілік жол жөндеу­ден өтеді. Шалғайдағы Қызылқоға ауда­нының Сағыз, Кенбай, Мұқыр ауылдарында жол қайта жаңғыртылады. Аталған аудан орталығы – Миялыда ауылішілік жолды күрделі жөндеу, ал Сағыз ауылында жол құрылы­сы жалғасын табады. Индер ауда­нының Өрлік ауылындағы жол күр­делі жөнделеді. Исатай ауданында Тұщықұдық, Исатай, Зинеден, Аққыстау ауылдарының автомобиль жолдары қайта жаңғырады.

Дәл осындай жұмысты Жылы­ой ауданының орталығы – Құл­сары қаласындағы «Атырау» шағын­ауданы мен Ақкиізтоғай ауылында жалғастыру жоспарланған. Аудан­дық тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инс­пекциясы бөлімінің басшысы Ержан Хайноллаевтың дерегінше, жаңа шағынауданда жол салу жұмысы 2021 жылдың тамызынан бері жалғасып келеді. Құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жобаға түзету енгізілген.

«Мұнда 24 көшеге 22,1 шақы­рым көлік және жаяу жүргіншіге арнал­ған жол салынатын болады. Бұл жұмыстарды «АтырауИнжСтрой» ЖШС атқарады. Жоба құны – 7,2 мрлд теңге. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Қазір 22 көше толықтай тегістеліп, құм, қиыршық тас, бір көшеге асфальт жабындысының бірінші қабаты төселді», деді Е.Хайноллаев.

Мақат аудандық тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Темірбек Іңірбайдың мәлім еткеніндей, «Доссор кентіндегі 23,6 шақырым автокөлік жолын салу» жобасы басталған. Биыл мұнайшылар мекенінде 10,4 шақырым көлік, 5,6 шақырымға жаяу жүргінші жолы салынбақ. Тұр­ғындар үшін маңызды жұмысты «АтырауинжстройКазСервисГрупп» ЖШС жыл соңына дейін аяқтауды міндетіне алған.

«Бұл көлік инфрақұрылымын да­мытып, облыстық және аудандық ма­ңыздағы жолдардың жақсы және қанағаттанарлық деңгейін 76%-ға жеткізеді. Ең бастысы тұрғындар­дың әлеуметтік ахуалын жақсар­ту­ға, аудандар мен елді мекендердегі кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы салаларын өркендету ісі кең қанат жаяды», дейді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев.

 

Атырау облысы