Ауыл шаруашылығы саласында жаңа өнім дайындау үшін көп еңбектену керек. Мамандар жаңа тұқым сұрыбын шығаруда түрлі тәжірибеге барады. Осы ретте Сарқан астықты мал азықтық мемлекеттік сорт сынау учаскесінде Ауыл шаруашылығы министрлігі «Ауыл шаруашылығы дақылдарын сорттық сынау жөніндегі мемлекеттік комиссиясы» РММ-нің ұйымдастыруымен Дала күні өтті.
Елдің әр аймағынан жиналған ауыл шаруашылығы мамандары тұқым сортын даярлау мен оны жерсіндіру және сынақтан өткізу төңірегіндегі ойларымен бөлісті. Егістік басына жиналған қауым отандық және шетел селекциясының дәнді, дәнді бұршақ, майлы мал азығы дақылдарының селекциялық жетістіктері мен «Limagrain europe» ЖШС, «ABUS qroup» ЖШС сияқты елдің тұқым шаруашылығында жұмыс істейтін компания өкілдерінің таныстыруымен селекциялық және сорт сынау бағытында пайдаланылатын ауыл шаруашылығы техникаларының, зертханалық жабдықтардың заманауи үлгілерін тамашалап, елдің тұқым шаруашылығы саласында жұмыс істейтін фирмалардың тұсаукесер таныстырылымдарына куә болды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі «Ауыл шаруашылығы дақылдарының сорт сынау жөніндегі мемлекеттік комиссиясы» РММ-нің төрағасы Талғат Ажғалиев елдегі сорт сынау саласының тарихы 1937 жылдан бастау алатынын, бүгінде Жетісу жерінде 6 сорт сынау орталығы жұмыс істейтінін, ал Сарқан сорт сынау орталығында қант қызылшасы, бидай, майбұршақ, жүгері, картоп, күнбағыс, басқа да ауыл шаруашылығы дақылдары сынақтан өтетінін әрі үлгілі шаруашылық болып табылатынын жеткізді. Орталықта әсіресе қант қызылшасы, майбұршақ, күнбағыс, жүгері, арпа, бидай, көпжылдық шөптерге басымдық берілетіні айтылды. Сарқан МСУ жетекшісі Тамара Иващенко жиналғандарды алқапта өсіп, өңірде егілетін дәнді дақыл түрлерімен таныстырып, сараптама жүргізді.
Іс-шараның ресми бөлімінде Ауыл шаруашылығы министрлігі егіншілік департаментінің тұқым шаруашылығы және сорт сынау басқармасының басшысы Айман Телегенованың, Жетісу облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаевтың, «ABUS qroup» ЖШС бас директоры Қуаныш Әбдірахмановтың, республикалық зертхананың басшысы Айжан Жұмаханованың, «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» ЖШС-ның дәнді дақылдар зертханасының меңгерушісі Бақыт Айнебекованың, «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» ЖШС-ның майлы дақылдар зертханасының меңгерушісі Светлана Дидоренконың, «Майлы дақылдар тәжірибе шаруашылығы» ЖШС директорының ғылым жөніндегі орынбасары Ләйла Абытаеваның, «Әлем Агро Холдинг» ЖШС тұқым бизнесін дамыту менеджері Еділ Калманбетовтың баяндамалары тыңдалды.
Жиын соңында қажырлы еңбегімен дараланғандарға Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі «Ауыл шаруашылығы дақылдарының сорт сынау жөніндегі мемлекеттік комиссиясы» РММ төсбелгілері салтанатты түрде табысталды.
Жетісу облысы