• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Пікір 11 Шілде, 2023

Халық сенімін арттырады

185 рет
көрсетілді

Президент қол қойған «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» Заң – бүгінгі қоғам үшін өте қажет құжат. Негізі бұдан ертерек қабылдануы керек еді.

Мен осы заңға қатысты екі ой айтар едім. Біріншіден, әрине, бұл интернетте, оның ішінде әлеуметтік желілерде белгілі бір жауапкершіліктің туындауына әсер етеді. Енді желі қолданушылары жауапсыздыққа бас ұрып, ойына келгенін жазып, жалған ақпараттар мен зиянды мәліметтерді тарата бермейді. Бір-бірінің ар-намысына нұқсан келтіретін, ұлтаралық, дінаралық араздықты қоздыратын адамдардың әрекетіне тосқауыл қоятындай заңның маңызы зор. Бір сөзбен айтқанда, қоғамның ақпарат айдыны зиянкес сөздер мен көріністен тазарады деп ойлаймын.

Екіншіден, енді бұл заң қалай жұмыс істейді? Әлеуметтік желі­лерде отырған мыңдаған адам­ның бәрін кім бақылайды, заң бұзғандарды қалай жауапқа тартамыз? Осы жағы шешілді ме? Менің ойымша, қазіргі күні ішкі істер органдарында интернеттегі жалған ақпарат таратушылар мен қаржы пирамидаларын ұйымдас­тырушылар секілді заң аясында жауапқа тартылуға тиіс адамдардың бәрін анықтап, жаза қолдануға мүмкіндіктері жоқ. Бұны былай қойғанда, тәртіп сақшылары ұрлық-қарлық пен адам өлтіру секілді қылмыстардың бәрін бірдей аша алмай отыр. Енді оларға желіде заң бұз­ғандарды жауапқа тартуды жүк­тейтін болса, полиция қызмет­керлері оның бәріне қалай үлгереді?

Сондықтан, меніңше, Ішкі істер министрлігіне қосымша қаражат бөлініп, барлық аймақта осы жаңа заң аясында жұмыс істейтін арнайы бөлімшелер немесе топтар құрылуға тиіс. Яғни полицияның әлеуетін арттыру қажет. Өйткені заң іске қосылғаннан кейін ішкі істер органдарына жалған ақпарат тарату, ар-намысқа тіл тигізу, т.б. бойынша арыздар көптеп түсе бас­тайды. Полиция қызметкерлері олардың 10 пайызын ғана қарап, жауапқа тартуға мүмкіндігі жетер. Ал қалғаны жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін. Содан кейін халықта заңға және мемлекеттік органдарға деген сенімсіздік пайда болады. «Бәленше блогер бір сөзі үшін істі болды, ал түгенше блогер неге жауапқа тартылмайды?» деген заңды сұрақтар туындайды. Бұл заң халықтың билік органдарына деген сенімін арттыруға тиіс.

 

Тәңірберген БЕРДОҢҒАР,

қоғам қайраткері, блогер