Астана елорда болғалы құрылыс қарқыны бәсеңдеген емес. Құрылыс күшейген сайын қаланың құлашы кеңге жайылып, құлпыра түсті. Алайда алып шаһарға айналып келе жатқан, қалыптасу үдерісіндегі осынау құрылымда бас жоспармен үйлеспейтін жүйесіз, ретсіз, қисық қаланған «кірпіштер» де баршылық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте мұндай олқылықтардың барлығын жіпке тізгендей алға тартып, қаладағы жүйесіздікті қатаң сынға алды.
Астананың дамуындағы күрмеуі қиын мәселелердің дені құрылыс саласына тиесілі екені түсінікті. Бақылаусыз, бей-берекет салынып жатқан қаптаған құрылыс нысаны қаланың сиқын қашырып, тынысын тарылта түсіп, жылу мен судың жеткіліксіздігі, көлік кептелісі, саябақтардың жоқтығы сияқты көптеген мәселені одан сайын ушықтырып жіберді.
Бұл олқылықтардың барлығы бұған дейінгі жұмыстың дұрыс үйлестірілмеуінен, жан-жақты ойластырылмауынан болып отыр. Әрине, мұндай жағдайда әдетте таяқтың ұшы қала басшылығына тиеді. Солай болды да. Мемлекет басшысы жағдайдың соншалықты мүшкіл болуына кезіндегі жауапты басшылардың біліксіздігі немесе бас пайдасын ойлағандығы себеп болғанын, қаланы дамыту ісінде бірізділік болмаған соң орынсыз құрылыс көбейіп кеткенін, әлеуметтік нысандар мен қоғамдық орындар болуға тиіс жерлерде тұрғын үй кешендері салынғанын айтып, қатаң ескерту жасады.
«Оң жағалауды – қаланың ескі бөлігін сақтап, дамытуға тиісті деңгейде көңіл бөлу қажет. Оның өз харизмасы бар. Біз Астананы тең дəрежеде дамытуымыз керек. Инвесторлар апатты жағдайдағы ғимараттармен айналысуы қажет. Тұрғындарды басқа жаққа көшірсін. Босаған жерге жаңа нысандар салсын. Ал əкімдік оларға қажетті жағдайды жасасын. Инженерлік инфрақұрылымды дамытсын. Жолдар, əлеуметтік нысандар салып берсін. Осылай бірлесіп жұмыс істегенде ғана ескі жəне апатты жағдайдағы тұрғын үй мəселесі шешімін табады. Сонымен қатар қаланың орталығы мен шет аймақтар арасындағы теңсіздікті жояды. Қаланың ескі бөлігінің сыртқы келбеті жақсарады. Елорданың сол жағалауы ғана емес, барлық ауданы қолайлы болуы керек. Адамдардың жайлы тұрмысын қамтамасыз ететін құрылыс саласындағы озық шешімдер бас қаланың барлық аймағында қолданылуға тиіс. Аспанмен таласқан биік үйлер, ауқатты орамдар мен кедей аудандар, жартылай қираған ғимараттар – бұл біздің жол емес. Жағдайды «теңестіру» керек. Əділетті қоғам құру осындай ұстанымнан басталады», деді Қ.Тоқаев.
Бас қаланың тіршілігіндегі мұндай бейберекет басқа өңірлердің дамуына оң жағынан әсер етпейтіні анық. Сондықтан елдің айнасы саналатын қаламызды дамытуда сапа мен үйлесімге барынша мән берген жөн. Президент өткізген аталған кеңестен кейін Парламент Мәжілісінің депутаты Никита Шаталов да осындай ойға бекіп, Мемлекет басшысының жасаған ескертпелері елордаға ғана емес, еліміздің басқа өңірлеріне де қатысты екенін айтты.
«Елорданың дамуында өзіне тән «жаралары» бар. Мысалы, арнайы экономикалық аймақтың аумағын игеру арқылы мүмкіндігінше көп ақша табу мақсатында жүргізіліп жатқан былығы көп құрылысты айтуға болады. Бұл аймақтан тыс жерлерде құрылыс салушылар жеңілдіктерден айырылады. Сондықтан кез келген учаскелерде, тіпті жаңа үйлер ескі тұрғын үй кешендерінің немесе жеке сектордың тұрғындарының жайлылығын бұзса да, құрылыс жүріп жатты. Дәл осы фактор сыбайлас жемқорлықты тудырды. Ал инфрақұрылымға келетін болсақ, жылу-электр және сумен жабдықтау – бүкіл ел үшін өзекті мәселе. Екібастұз қазірдің өзінде қалалық проблемалардың архетипіне айналды. Бірақ мұндай жағдай Астанада да орын алуы мүмкін және ол оқиға барлық саяси элита орналасқан елорда болғандықтан ғана болған жоқ. Сонымен қатар қазіргі инфрақұрылымдық «аштық» экономикалық өсуді де шектейді, яғни қалаға жаңа тұрғын үйлерді ғана емес, сонымен қатар өнеркәсіпті де сыйдыру қиын. Ол үшін қажетті ресурстар жетіспейді. Тіпті қолданыстағы жобалар өндірісті шектеуге мәжбүр», деді Н.Шаталов.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаты да елорда аудандарының біркелкі дамымауын сынға алып, Астана барлық аумағы бірдей дамитын әділ қала болуы керек екенін алға тартты.
«Инфрақұрылымға, жарықтандыруға және басқа да игіліктерге тек Есіл тұрғындары ғана емес, сонымен қатар Нұра, Алматы, Байқоңыр тұрғындары да теңдей қол жеткізе алуы керек. Бұл – елорда әкімдігі үшін тапшы ресурстарды сауатты бөлуді талап ететін үлкен міндет. Енді қазіргі қала әкіміне өзінен бұрынғылардан «мұраға қалған» көптеген проблеманы – эклектикалық сәулеттік келбет, қажетті инфрақұрылымның (базалық және әлеуметтік) жоқтығы және көгалдандырудағы сыбайлас жемқорлық сияқты қордаланған мәселелерді жүйелі түрде шешуге тура келеді. Қазіргі жағдайда елорда әкімі батыл қадамдар жасауға мәжбүр. Алдыңғылардың бюрократиялық «мұрасын» жойып, кадрлық тазалау жүргізуі керек және қаланы дамыту бойынша нақты стратегияны тұжырымдау маңызды. Қандай да күйреудің алдын алу үшін инфрақұрылымдық нысандарды кез келген тәсілмен жылдам енгізу қажеттігі туып тұр», деді Н.Шаталов.
Расында, елордада үсті-үстіне қаптап салынып жатқан көптеген тұрғын үй талай даулы мәселенің көзі болып отыр. Бүгінде Астанада 10 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй салынып жатыр екен. Ал жоғары қарқынмен жанталасып салынып жатқан бұл құрылыстардың сапасына сенімнен гөрі секем көп. Оның үстіне құрылысы тұралап, үйіне қол жеткізе алмай жүрген үлескерлер қаншама? Мемлекет басшысы қатаң сынаған бұл мәселеге Қазақстан Құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев пікір білдірді.
«Қаладағы тұрғын үйлер құрылысы проблемасының туындауының негізгі себебі жүйесіздіктен, жалпы жұмыстың дұрыс жоспарланбауынан болып отыр. Жауапты мекемелер дер кезінде жан-жақты талдау, сараптама жасамайды. Содан келіп осындай бейберекет жағдай орын алады. Айталық, республика бойынша әкімдікте жалпы 623 мың адам баспанаға мұқтаждар есебінде тұр. Мұның сыртында тіркелмегендері қаншама? Яғни қай қалада нақты қанша адамның баспанаға мұқтаж екенін біле бермейміз. Соның ішінде Астанада баспанаға мұқтаждар саны үнемі ұлғайып келеді. Өйткені жан-жақтан ағылып көшіп келіп жатқан жұрт көп. Бұған бір жағынан түсіністікпен де қарау керек. Себебі көшіп келіп жатқандардың бәрі жайлы жерде, барлық жағдайы жасалған, инфрақұрылымы жетік қалада тұрғысы келеді. Бұл олардың бастапқы тұрғылықты жерінде халықтың жақсы өмір сүруіне жеткілікті деңгейде жағдай жасалмағанын да көрсетеді. Бұдан келіп бұл мәселенің өте ауқымды, жүйелі, барлық өңірге ортақ проблема екенін байқаймыз. Ал енді Астанаға оралсақ, тұрғын үйлердің ретсіз салынуы баспана қажеттілігі бар тұрғындар санының және урбанизация қарқынының жете ескерілмеуінен туындап отыр. Ал халық көбейген сайын, яғни сұраныс артқан сайын тұрғын үйлер де көптеп салына береді. Оның ішінде жоспарланбаған құрылыстар да көптеп кездеседі. Ал бұндай келеңсіздіктер жауапты мекемелер тарапынан жұмыстың нақты жоспарланбауынан, жан-жақты ойластырылмауынан пайда болады. Бұл үшін ең алдымен «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңды ретке келтіру керек. Аталған заңда өзгеріс енгізетін, жетілдіретін тұстар өте көп. Қазіргі кезде осы заң аясында жалпы құрылыс салушылардың 7%-ы ғана жұмыс істеп жатыр. Қалғанының барлығы үдеден шыға бермейді. Ал заңға сай рұқсат алған кейбір құрылыс салушылар талапқа сәйкес құрылыс жүргізе алмайды. Сондықтан заң бойынша жаңа компаниялар алдымен шағын құрылысты салып бастайтындай норма енгізу керек. Өйткені енді бастаған құрылыс компаниялары үлкен көлемдегі нысандарды мойнына алып, ақыры бітіре алмай қалады немесе сапасыз етіп тұрғызады. Ал егер осы жұмыстардың бәрін заң шеңберінде реттеп қойсақ, көптеген мәселе шешімін табар еді», деді Т.Ерғалиев.
Аталған кеңесте ортақ стильден жұрдай біркелкі əрі сүреңсіз «қорап-ғимараттар» қаптап кеткені сөз болды. Мысалы, Мыңжылдық аллеясы əуелде ойлағандай елорданың көрнекті жерлерінің бірі болуға тиіс еді. Нəтижесінде, үйлерінің қасбеттері талғамсыз, алабажақ екі жұпыны көше пайда болды. Айналасы лас, егілген ағаштар шыбық күйінде қурап қалған, инженерлік инфрақұрылымының проблемасы шаш-етектен. Бұған қоса осы аллеядағы жалғыз шағын саябақты үй салу үшін жекеменшік компанияға беріп жіберген. Мұндай мәселелердің біразын осы уақытқа дейін жаны күйген, қынжылған тұрғындар да көтеріп келеді. Солардың бірі, қала тұрғыны Нұрлан Елеуов Мемлекет басшысы ерекше мән берген көптің көкейіндегі мәселелердің оң шешілуінен үмітті екенін жеткізді.
«Президент атап өткен Мыңжылдық аллеясы біз тұратын ауданда орналасқан. Шыны керек, бүгінде біздің ауданның дамуы ерекше, көптеген тұрғын үй салынды, соған сәйкес тұрғындар да көбейді. Әрі айналамызда жаңа теміржол вокзалы, Қазақ театрының ғимараты салынып, қозғалыс одан сайын жандана түсті. Бірақ құрылыс нысандарының, әсіресе тұрғын үйлердің тығыз орналасуы қатты байқалады. Бұл тынысымызды тарылтып, белгілі бір деңгейде инфрақұрылымдық мәселелердің де туындауына себеп болып жатыр. «Пирамида» және оның маңайындағы саябақ бізден алшақтау орналасқандықтан, үй жағымызға жақын саябақ пен гүлбақтардың болғанын да құп көреміз. Президент сөзінен аңғарғанымыздай, бас жоспарға сәйкес бұл маңайда саябақ болуға тиіс екен. Ал оның орнына тұрғын үй салынып кеткен. Енді осы ретсіздік қалпына келтіріліп, тұрғындарға барынша қолайлы жағдай жасалғанын қалаймыз», деді елордалық Н.Елеуов.
Қалай дегенмен, елорданы дамытудағы аталған кемшіліктер бұрынғы қала басшылығының салғырттығы мен қателігінен орын алып отырғаны белгілі. Бұл ретте өткен кемшіліктерден сабақ алып, тиісті қорытынды шығару маңызды. Сондықтан Президент Астананың қазіргі әкіміне қаланың ахуалын жақсы жағына қарай өзгертуге бір жыл уақыт беріп, жұмысы өзінің бақылауында болатынын айтты. Ендеше, елордамыздың еңсесі одан сайын биіктей беруін тілеуден танбаймыз.