Бүгін Ұлттық қауіпсіздік органдарының құрылған күні. Айта кетейік, еліміздің басты арнаулы қызметі осыдан 31 жыл бұрын жұмысын бастаған еді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Ескендір Зұлқарнайға сұхбат беріп, қаңтар оқиғасынан кейінгі саладағы өзгерістер туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
ҰҚК төрағасының айтуынша, Ұлттық қауіпсіздік комитеті секілді арнайы мемлекеттік органдарда қызмет атқару әу бастан-ақ кез келген күтпеген оқиғаға үнемі дайын болуды және тез арада тиісті әрекет ету қабілетін талап етеді.
«Иә, бұл қызметке мен күрделі сәтте келдім. Ел үшін қиын кезеңде Мемлекет басшысының комитет алдына қойған маңызды міндеттерін шұғыл шешуге тура келді. Бұл үшін, ең алдымен, қоғамдық жағдайды тұрақтандыру және конституциялық құрылысты қорғап қалу шараларын кешеуілдетпей қабылдау керек болды. Ел халқы мен Президент алдындағы үлкен жауапкершілікті сезіндім. Сол күндері ел азаматтарының ұлттық қауіпсіздік органдарына сенімі едәуір төмендегені белгілі. Өйткені кейбір бұрынғы қызметкерлеріміз заң мен қоғамдық моральды аяққа таптап, лауазымын асыра пайдаланып, құқыққа қайшы әрекет жасағанын білеміз. Мұндай келеңсіз фактілерге қатысты процедуралық баға беріліп, олардың қайталанбауы үшін шаралар қабылданғанын айта кеткім келеді», дейді Ермек Сағымбаев.
Сонымен қатар ҰҚК төрағасы жедел-жауынгерлік міндеттерді орындауға жұмылдырып, елдегі жағдайды реттегенін атап өтті.
Сондай-ақ сұхбат барысында ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметтегі өзгерістері жайлы айтып берді.
«Біз әлемде және елімізде орын алып жатқан ауқымды саяси өзгерістердің куәсі болып отырмыз. Жаңа сын-қатерлер туындап жатыр. Оның ауқымы мен сипатына қарай Ұлттық қауіпсіздік қызметі шешетін міндеттерге де өзгерістер енгізіледі. Бұл өз кезегінде комитет құрылымын реформалауды қажет етеді. Сондықтан ҰҚК қызметі де жедел жағдай мен жаңа уақыт талаптарына сай жетілдіріліп келеді. Атап айтқанда, жұмыстың басым бағыттарын назарға алу үшін бұрынғы бөлімдер қайта топтастырылды. Халықаралық терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл бөлімшелері күшейтілді. «А» арнаулы мақсаттағы қызмет бағыттары қайта қаралды. ҰҚК-нің арнаулы күштері ең алдымен жауынгерлік міндеттерді шешуге және террористік тұрғыдан осал объектілерді қорғауға бағытталды», деді ҰҚК төрағасы.