• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Марапат 13 Шілде, 2023

Торқалы тойдың мәртебелі марапаты

290 рет
көрсетілді

Елорданың 25 жыл­дығы аясында БАҚ өкіл­­дері арасында өткен республикалық бай­қау­дың жеңімпаздары анықталды.

Астана қаласының әкімдігі қолдаған байқаудың марапаттау рәсіміне мемлекет және қоғам қайраткерлері, қалам­герлер, зиялы қауым, белді журналистер және медиасарапшылар келді. Салтанатты жиын­да Астана қаласы әкі­мінің орынбасары Есет Бай­кен БАҚ өкіл­дерін еңселі елорданың 25 жылды­ғымен құт­тықтады.

– Осыдан 25 жыл бұрын Ақмолада небәрі 20-ға шамалас БАҚ құралы бол­ған. Қазір 640-тан астам бұрақалық ақпарат құралы елордадан хабар таратып отыр. Тарқатып айтсақ, 30-дан астам телеарна, 490-нан астам басылым және 137 интернет басылым тіркелген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз ісінің шеберлері, майталман журналистер әрқашан қолдауға ие болатынын айтқан еді. Өзіміз де осы салаға көңіл аударуды бір мін­детіміз деп түйдік, – деді Е.Байкен.

Қала басшылығы байқауды елорда­ның тыныс-тіршілігі ашыла түс­сін, қала жайында танымдық материалдар жа­рия­лансын деген ниетте ұйым­­дастырған. Байқауға бас-аяғы 100-ден астам өтініш түскен. Оларды журналистика саласының майталмандарынан құралған қазылар құрамы мұқият қараған, сара­лаған. Қуантарлығы, байқауға тек аста­налық әріптестер ғана емес, өңір жур­налистері де қатысып, жүлделі болды. Жеңім­паздарды Мемлекет және қоғам қайраткері, еліміздің тұңғыш Ақпарат министрі Қуаныш Сұлтанов, қала мәслихатының төр­ағасы Ерлан Каналимов, Ақпарат және қоғамдық да­му вице-министрі Эльдар Толғанбаев, «Қазақ газет­­тері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы, «Ха­бар» агенттігі» АҚ бас­қарма төрағасы Берік Уәли, радио және тележурналист Қымбат Досжан марапаттады. Сонымен «Үздік журналист сарапшы» аталымында бірінші орынды «Астана ақшамы» газетінен Гүлшат Се­ралы еншілесе, журналист Арнұр Асқар екінші орын алды. Үшінші орынға «Вечерняя Астана» газетінің тілшісі Мак­сим Удод лайық деп танылды. «Үздік фоторепортаж» аталымында Шүкір Шахай бірінші, Владислав Воднев екінші болса, үшінші орынды «Egemen Qazaqstan» газетінің фототілшісі Ерлан Омар мен «Астана ақшамы» газетінің фототілшісі Сұлтан Сейіт қанжығалады. Байқауда «Әлеуметтік желідегі Аста­нананың 25 жылдығы туралы үздік материал», «Үздік шолушы», «Үздік радиорепортаж», «Үздік телесюжет», «Үздік мабилограф» сынды аталымдар бойынша да жүзден жүйріктер анықталды. Байқауда алдына қара салмай, бірінші орын еншілегендер 1 млн теңге, екінші орын ол­жалағандар 500 мың теңге және үшінші орын алған сала саңлақтары 300 мың теңге қаржылай сыйақы алды.