«Бірінші байлық – денсаулық» деп атам қазақ бекер айтпаған. Расында да денсаулық – адамның баға жетпес байлығы, қайталанбас құндылығы. Оны бір жоғалтып алсаң, орнын толтыру оңай шаруа емес. Сондықтан орны бөлек асыл қазынамызды бағалай білу – еліміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі. Халық саулығы бірінші кезекте әрбір адамның өзіне, сосын тұтас мемлекет үшін қажет. Сау ұлт қана алдына қойған мақсатына жетіп, елін үлкен армандарға жетелей алады.
Мемлекеттің медицина саласына жыл сайын қыруар қаржы бөліп, ерекше қолдап отырғаны тегін емес. Әділетті Қазақстан құрамыз деген үлкен мақсатымыз бар. Асыл мұратымызды орындау халықтың жігеріне, адал пейіліне, сонымен бірге тікелей денсаулығына да байланысты. Президент жыл сайын халыққа Жолдауында осы медицина саласына айрықша тоқталады. Соның аясында Үкімет алдына міндеттер қойып, оларды орындау бойынша нақты тапсырмалар береді. Мәселен, өткен жылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды», деп атап өткен еді. Сондықтан Президент пәрменімен саланы өркендету жұмыстары бүкіл елімізде, соның ішінде республиканың үшінші басты қаласы – Шымкентте де ерекше қарқынмен жүргізіліп жатыр. Мегаполисте медицинаның сапасын жақсарту Жолдауда айтылған тапсырмалар аясында жүзеге асса, екіншіден, «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы шеңберінде атқарылып отыр.
Денсаулық сақтау саласын алға сүйреудің басты шарты – қаржының жеткілікті көлемде болуы. Тіпті бұл мәселені Президент былтырғы Жолдауында айтқан еді. «Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан аса маңызды мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн. Соның бірі – қаржыландыру жүйесі. Осы салаға қаржының жеткілікті бөлінбеуі қалыпты жағдайға айналған. Соның кесірінен жұрт сақтандыру жүйесіне қосылса да, медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отыр», деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің осы тапсырмасын орындау мақсатында мегаполистің медицинасына бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Айталық, денсаулық сақтау саласына биылға 122,4 млрд теңге қаралыпты. Оның 100 млрд-тан астамы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы болса, қалғаны жергілікті бюджет есебінен орындалған. Мәселен, былтыр шаһардың денсаулық сақтау саласына 99,6 млрд теңге бөлінсе, биылғы қаралған қаржы жоғарыда аталғандай, 120 млрд теңгеден де асып отыр.
Сонымен бірге Президент өз Жолдауында «Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек. Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдаланған жөн. Медицина – инвестиция салуға қолайлы сала. Тек оған дұрыс жағдай жасау қажет», деді. Бұл тұрғыдан да Шымкент республика өңірлерінде көш бастап тұр. Кейінгі үш жылда Шымқалада инвесторлар есебінен 14 жаңа емдеу мекемесі ашылыпты. Оған бүгінгі таңда 200 мыңнан аса қала тұрғыны тіркеліп үлгерген. Расында да Президенттің медициналық инфрақұрылымға баса назар аудару керек деген тапсырмасы еліміздің үшінші қаласында аса құлшыныспен іске асырылып жатыр. Оның тағы бір дәлелі бүгінгі таңда қалалық онкологиялық орталығында ядролық медицинаның көмегімен емдейтін арнайы тәсіл қолданылады. Өз кезегінде ядролық медицина екі бөлімшеден құралып, науқастарға сапалы дәрігерлік қызмет көрсетіп отыр. Оның біріншісі – ауруды дәл анықтауға арналған құрылғыны пайдалану. Бұл позитронды эмиссиялық томография (ПЭТ) деп аталады. Мұндай заманауи қондырғы Астана мен Алматы қаласында және осы Шымкентте ғана бар. Былайша айтқанда ПЭТ – компьютерлік томографияның ең озық түрі. Заманауи құрылғы арқылы онкологиялық ауруға күдікті науқастардың бойындағы ісіктің бар-жоқтығын 100 пайызға жақын анықтап береді. Сонымен, диагностикалау мәселесінде ПЭТ қолданылса, қатерлі ісікке шалдыққандарды емдеуде сәулелі терапияға сүйенеді. Медицина технологиясындағы ең озық қондырғы саналатын бұл құрылғы радиациялық сәулемен емдейді. Оның басты ерекшелігі ісіктің жанындағы сау клеткаларға ешқандай зиянды әсерін тигізбейді.
«Дүние жүзінде онкологиялық ауруға ұшыраған адамдардың өмірін бес жылға дейін ұзарту медицинаның соңғы жетістігі десек, Қазақстан сол жоғары нәтижеге қол жеткізіп, әлемдік стандарттардан бір елі де қалып келе жатқан жоқ. Озық технологияның нәтижесінде керісінше онкологияның бастапқы сатыларында ауруы анықталған науқастар толықтай емделіп кетіп жатыр. Сонымен бірге лапороскопия мен ангиографиялық аппараттар арқылы тіліксіз операция жасалатын болды. Бұл технологияның басты ерекшелігі операциядан кейінгі оңалту шарасы науқастарда өте жеңіл өтеді. Тіпті кей жағдайда операциядан кейін кейбір науқастар ұзақ жатпастан бірден палатаға ауыстырылады. Бұрынғы кезде тілікпен болған операцияларда емделушілер оңалту шарасына ұзақ уақытын арнайтын. Осының бәрін жоғары медициналық қондырғылардың адамзатқа берген пайдасының нәтижесі деп түсінген жөн. Жалпы қатерлі ісік ауруымен күрес мемлекеттің басты стратегиялық мақсаттарының біріне кіреді. Осыған орай қабылданған іс-шаралар мен бағдарламаларға сәйкес мегаполисте адамдарды белгілі бір кезең аралығында скринингтік тексерулерден өткізіп отыру тұрақты түрде жүзеге асырылады. Сонымен бірге қатерлі ісікке шалдығу қаупі бар азаматтар жылына бір рет денсаулығын тексертіп тұруы керек», деді қалалық онкологиялық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Самат Смайылов.
Жалпы, онкологиямен күресті күшейту мақсатында Шымкентте былтыр ересектерге арналған онкогематология мен нейрохирургия бөлімшелері ашылған. Сондай-ақ Шымқалада стационарлық қызмет көрсететін 15 мемлекеттік және 25 жекеменшік аурухана бар.
Мегаполистің бас дәрігері Нұрлыбек Асылбековтың айтуынша, шаһарда қазір кейбір емханаларға үздік тәжірибелер орталығының жобасы енгізіліп жатыр. Атап айтқанда, биыл үздік практика орталығы жобасына №6, 7, 3, 1 қалалық емханалар қатыстырылыпты. Осы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша мегаполисте жалпы өлім көрсеткіші 8 пайызға, нәресте өлімі 20,6 пайызға төмендеген. Ал жыл басынан бері бірде-бір ана өлімі тіркелмепті. Туберкулезден болатын өлім-жітім де 66 пайызға төмендесе, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын қайғылы жағдай 6,5 пайызға азайған.
Халыққа сапалы, уақытылы медициналық қызмет көрсету мақсатында 10 медициналық ұйым аккредиттеуден өтіпті. Ендігі жерде биыл тағы да 17 медициналық ұйымды аккредиттеуден өткізу жұмыстары қолға алынады. Бұл бірінші кезекте емханаларда жұмыс істейтін медициналық қызметкерлердің біліктілігін анықтап, кәсіби шеберлігін жоғарылату үшін керек. Өйткені денсаулық сақтау саласындағы сапа көрсеткіші бірінші кезекте мамандардың біліктігіне байланысты екені белгілі. Сапа болған жерде әрдайым халықтың сенімі бірге жүреді. Ал бір қуанарлығы, бүгінгі таңда адамдардың отандық медицинаға сенімі артып келеді. Оның үстіне инвесторлар да саланың тиімділігіне көзі жеткен соң оған қаражат құйып ел медицинасының дамуына үлес қосуға ниет танытып отыр. Мәселен, өңірге белгілі «Саутс Ойл» компаниясы мегаполисте заманауи ірі клиниканың құрылысын жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта бұл клиника озық технологиялармен халыққа медициналық көмек көрсететін әрі іргелі оқу орнының студенттері оқу-өндірістік іс-тәжірибеден өтетін орталыққа айналмақ.
Статистикаға сүйенсек, 2023 жылдың 6 айында қала тұрғындарына жоғары технологиялық 186 медициналық қызмет көрсетіліпті. Жоғарыда аталған онкологиялық орталықтың ішінен ашылған ядролық медициналық бөлімде жоғары сәулелі сызықтық үдеткіш бойынша 333 науқас ем алса, позитронды-эмиссиондық томографияға, яғни ПЭТ/КТ көмегіне жүгінген 308 науқас диагностикалық тексеруден өткен.
«Жалпы, өткен жылы қалалық балалар клиникалық ауруханасында 20 төсектік интервенциялық кардиология және ангиохирургия бөлімшесі ашылды. Осы күнге дейін онда 450 бала емделді, 72 балаға жедел ем жүргізілді. Ендігі ретте биыл қосымша жабдықталған кардиохирургиялық бөлімшені ашу жоспарымызда бар. Бұған қоса биыл сәуірде неврологиялық және басқа да патологиясы бар 3 жасқа дейінгі балаларға арналған №2 оңалту орталығының базасында «Қамқорлық» ерте араласу бөлімшесі ашылғанын жақсы білесіздер. Онда барлығын қосқанда 162 балаға оңалту-қалпына келтіру емдік шаралары көрсетілді», деді қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Н.Асылханов.
Балаларға медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту мақсатында қалалық клиникалық балалар ауруханасында 180 төсектік жаңа корпус ашылғанын да айта кеткен жөн. Өз кезегінде, балалар клиникасындағы төсек-орын саны 315-тен 495-ке дейін ұлғайған. Аурухана базасында былтыр пайдалануға берілген ерекше балаларға арналған мамандандырылған стоматологиялық кабинетте дәрігерлер церебральды сал ауруына шалдыққан және басқа да мүмкіндігі шектеулі балалардың ауыз қуысы мен тісін арнайы әдіспен емдеп жатыр. Қазіргі таңда офтальмология бөлімшесін ашуға дайындық жұмыстары басталып кетті және ол үшін тиісті мамандар даярлану үстінде.
Денсаулық сақтау басқармасының берген мәліметіне сәйкес, алдағы уақытта 200 төсектік перинаталдық орталық пен 800 төсектік көпбейінді аурухана бой көтермек. Аталған клиника жанынан 50 төсектік перинаталдық орталық пен 250 төсектік педиатриялық кластер қызмет көрсетеді. Былтырғы жылды қорытындылай айтсақ, мегаполистің медицинасына жауапты мекеме 6 359 маманның біліктілігін арттырыпты. Оның 1 150-ін – жергілікті бюджет, 5 209-ын ведомстволық бағынысты медицина мекемелері есебінен қамту жүзеге асқан. Бұған қоса биыл медицина қызметкерлерін алыс шетелдерде тәжірибесін шыңдап қайтуға басқарма тарапынан қолдау көрсетілмек.
Осынау жетістіктерді тізбектей келе жалпы мегаполис медицинасының жеткен жетістігі ауыз толтырып айтарлықтай деуге толық негіз бар. Бұған тағы қоса кетер болсақ, 2022 жылы қалалық №1 емхананың балалар бөлімшесі ашылды, №2 Оңалту орталығына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ел игілігіне пайдалануға берілді. Ал осы жылы қалалық №5 емхана мен №1 клиникалық аурухана ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізіледі. Осы мақсатқа орай мемлекет қазынасынан 1 млрд теңгеден аса қаржы бөлініпті. Сонымен бірге материалдық-техникалық базаны жақсарту үшін 3,5 млрд теңгеге 151 дана медициналық техника сатып алу көзделіп отыр.
Шымкенттің денсаулық сақтау саласы өрлеп жатыр. Республиканың үшінші мегаполисі тек медицинасымен ғана емес, фармацевтикасымен де елімізге танымал. Бүгінгі таңда Қазақстанда өндіріліп жатқан дәрі-дәрмектің басым бөлігі – осы қаланың үлесінде. Ағза ауыстыру, яғни трансплантология бойынша да үлкен тәжірибесі бар. Сондықтан ойымызды түйіндей айтсақ, Шымкенттің келешекте нағыз медициналық туризмнің орталығы болатынына ешқандай күмән қалмаса керек. Оған шаһардың медицинаны дамыту бағытындағы жеткен бүгінгі жетістіктері куә.
ШЫМКЕНТ