• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Балалар 13 Шілде, 2023

Қызыққа толы саяхат

321 рет
көрсетілді

«Арман дала» жобасы шең­берінде Ертіс ауданында Балалар шығармашы­лы­­ғы және бос уақытты қам­ту орталығының ұйым­дас­тыруымен туристік слет өтті. Аталған іс-шара Сіле­ті ауылдық округінің Қызыл­ағаш ауылының ор­ман­ды алқабында бас­тау алды.

Ертіс ауданында жалпы білім беретін 25 мектеп бар болса, со­ның жартысынан кө­бі туристік сая­хатқа белсене қа­тысты. Бірлік негізгі мекте­бі­нің ұжымы слетке барған бар­­ша қатысушыны құ­шақ жая қарсы алып, нағыз қазақы ­мі­нез танытып, қонақжайлы­лық көр­сетті. Одан әрі балалар мен ұстаздарды еліміздің кие­лі жер­лерінің қатарына кіретін Түгел батыр зиратына апарып, бабалар рухына тағзым жасалды. Бірлік мектебінің мұғалімі Динара Өмірбекова балалар­ға Түгел батырдың өмір тарихынан сыр шертті. ХVІІІ ғасырда жоңғар басқыншыларына қарсы күресте қол бастаған сардар­дың есімі Павлодар, Көкшетау, Омбы, Ақмола облыстарына кеңінен тараған. Батырдың то­ғыз әйелінен тараған 16 ұлдың ұрпақтары аталған өңірлерде тұрады. Ертіс ауданының же­рінде Қорғанкөл, Найза, Бө­ген­бай, Қарамола, Жазы төбе, Қалмақ моласы, Мойнақ ауылы, Мойнақ көлі, Жалаулы деген атаулар бар. Осы атаулардың бәрі де – жергілікті халықтың басқыншылармен болған соғыс тарихының куәсі.

Одан әрі көңілді күн өз жал­ғасын тауып, ұлдар балық аулау жарысына белсене кіріссе, қыздар далада ас пісіріп, от жа­ғу сайыстарында бақ сынады. Со­нымен қатар дала жағдайын­да алғашқы дәрігерлік көмекті көр­сету бойынша оқу­шылар сынға түсті. Нағыз туристік ойын­­дар­дың бірі – «Арқанға өр­ме­леу». Дәл осы ойында бала­лар өз­дерінің қаншалықты төзімді әрі епті екенін, саламатты өмір салтын ұстанып, үнемі спортпен шұғылданып жүргенін дәлелдеді.

Жеңімпаз оқушылар мен қатысушыларға бағалы сый­лықтар мен тәттілер берілді. Слетке Ертіс аудан­дық мәс­лихатының депутаты, Бірлік ауылының тұрғыны Сағымбай Уабов демеушілік жа­сағанын айта кетейік.

Қосымша білім беру педа­гогтері мен оқушылар осы күні бір серпіліп, табиғатпен етене араласып, ерекше көңілді болды. Жайдарлы жазды ертістік өрендер осылай қызықты өткізіп жатыр.

 

Нарқұлан РАЙХАНҰЛЫ,

қосымша білім беру педагогі

 

Павлодар облысы,

Ертіс ауданы