Мемлекет басшысы «Amanat» фракциясының депутаттары бастамашылық еткен «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қойды. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды әрі тағдыршешті қадам.
Өздеріңіз білетіндей, заңсыз алынған активтерді қайтару үдерісі өткен жылы басталған еді. Былтыр заңсыз иемденілген және ел аумағынан шығарылған 600 миллиард теңгеден астам актив мемлекетке қайтарылды.
Жаңа заң бұл жұмыстың тиімділігін арттырып қана қоймай, қоғам алдындағы ашықтықты қамтамасыз етуге мол мүмкіндік береді. Осы орайда, активтерді қайтару жөніндегі арнайы комиссия құрылып, оның құрамына уәкілетті органдардың өкілдері, қоғам белсенділері, халық қалаулылары кіретінін де айта кеткім келеді.
Бұған қоса, жаңа құжатта активтерді ерікті түрде немесе мәжбүрлеп қайтарудың заңнамалық құралдары айқындалды. Бұл – бірқатар мемлекеттік құрылымды тартуды талап ететін ауқымды жұмыс.
Заң жобасын әзірлеу кезінде Мәжіліс депутаттары әлемнің озық тәжірибесіне сүйенді. Активтердің қомақты бөлігі өзге мемлекеттерде болуы мүмкін екенін ескере отырып, шетелдік органдармен ынтымақтастық тетіктері қарастырылды. Бұл қадам активтерді елге қайтару кезінде өзара тиімді әрі жедел іс-қимыл жүргізуге мүмкіндік береді. Заң ең алдымен ірі сыбайлас жемқорлық субъектілеріне және олигополиялық топтарға қолданылатынын ерекше атап өткім келеді.
Былтыр Мемлекет басшысы активтерді елге қайтару жұмысы әділдік орнатуға ықпал ететінін атап өткен еді. Бұл құқықтық акті заңсыз баюдың себебі мен мән-жайын жоюдың берік негізі болады. Мемлекетке қайтарылған активтер әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыратын арнайы қорға құйылады.
Халықтың аузынан жырып, мемлекеттің қоржынына қол сұққан адамдардың айла-шарғысы мәңгі жалғаса бермейді. «Ұрлық түбі – қорлық». Жалғыз ақиқат – осы. Қайтарылған қазына ең алдымен ел игілігіне жұмсалады. Адал өмір сүре білейік. Әділетті Қазақстанды құру ісіне бірігіп атсалысайық.
Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ,
Мәжіліс депутаты