Жібек Құламбаева Италияда өткен ITF W60 турнирінің жұптық сынында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Egemen.kz.
ҚР Теннис федерациясының баспасөз қызметі мәлім еткендей, отандасымыз беларусь теннисшісі Юлия Готовкомен бірге колумбиялықтар Джулиана Лисарасо мен Мария Паулина Перес Гарсияға қарсы ойын өткізіп, оларды 6:4, 6:4 есебімен тізе бүктірді.
Жібек енді жұптық сын бойынша ITF-тің 22 титулына ие. Бұған дейін ол W15 және W25 санатындағы турнирлерде жеңіске жетсе, бүгінде W60 сериясында алғаш рет жеңіске қол жеткізіп жатыр. Римдегі жетістігінің арқасында Құламбаева жұптық сында WTA-ның жаңартылған әлемдік рейтингінде өзі үшін рекордтық деңгейге көтеріліп, 174-ші орынға жайғасты.
Естеріңізге сала кетейік, сәуір айының басында Құламбаева Түркиядағы теннис турнирінің абсолютті чемпионы атанған еді.