• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 17 Шілде, 2023

НАТО саммиті: үміт пен күдік

247 рет
көрсетілді

Өткен аптада Литва астанасы Вильнюсте НАТО-ның кезектен тыс саммиті өтті. Халықаралық қоғамдастық та, әлемдік сарапшылар да, Украина тарапы да Трансатлант одағының жиынын асыға күткен. Алайда оның қорытындысы көпшіліктің көңілінен шыққан жоқ. Әсіресе Украина президенті Володимир Зеленскийдің қапа болғаны анық.

BBC агенттігінің жазуынша, В.Зеленский Литваға үлкен үмітпен келген. Ол Ресеймен соғыс аяқталғаннан кейін елінің НАТО-ға қосылуына кепілдік берілетінін күткені анық. Осылайша, әлемдегі ең қуатты әскери альянсқа мүше болу арқылы халқына үміт сыйлап, Ресей әскері бұдан кейін Украина топырағына аттап баса алмауына сенімді болғысы келген. Алайда НАТО саммитінің қорытындысы В.Зеленский күткендей болған жоқ. Ұйымға мүше мемлекеттер тараптар мәмілеге келіп, міндеттелген шарттар орындалғанда ғана Украинаны НАТО-ға шақыратынын алға тартады.

Дегенмен бүкіл әлем көз тік­кен саммит нәтижесіз өтті­ деуге келмес. Іргелі іс-шара­­­ның бірінші күнінде, 11 шіл­­­­деде мүше мемлекеттер бір­лігі мығым одақ екенін аңғарт­ты. Әуелі Түркия тарапы Шве­ция­ның ұйымға мүшелікке қабылдануына келісім берді. Бұған дейін Анадолыдағы ағайын түрлі мәселені сылтауратып, скандинавиялық мемлекеттің мүшелігіне қарсы болып келген. Сарапшылардың пайымдауынша, ресми Анкараның мұндай қадамға баруына бірнеше себеп бар.

Түркия талай жылдан бері Еуропалық одақ құрамына өтуге талпынып жүр. Бірақ түрлі кедергіге байланысты Анадолы қарт құрлықтың белді ұйымына енген емес. Сол себепті шығар, Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған Вильнюске аттанар алдында журналистерге берген сұхбатында қарт құрлықтың елдеріне үндеу тас­тап, Еуропалық одақтың есігін Түркияға ашуды сұрады.

Әлбетте, Еуропалық одақ бөлек, НАТО мүлдем басқа ұйым. Екеуі де бір-біріне тікелей бағынбайтын дербес бірлестіктер. Сондықтан Түркия Швецияның трансатланттық ұйымға кіруіне келісім берді екен деп, құшақ жая қарсы алатын Брюссельдегі шенеуніктер жоқ. Сарапшылардың айтуын­ша, бұл – шахмат комбинация­сы секілді бірнеше жүрісті ойластырған қадам. Швецияға ақ батасын беру арқылы ресми Анкара өзіне АҚШ-тың жылы қабақ танытуынан үмітті. Өз кезегінде Ақ үй әкімшілігі Еуропадағы әріптестеріне ықпал жасап, Анадолыдағы ағайынның Еуропалық одаққа кіруін жеделдетуге жол ашады.

Түркия сыртқы саясаттағы бағытын өзгерте бастағанын мынадан да байқауға болады. Таяуда ресми Анкара Мариуполь қаласын бірнеше ай басқыншыларға қарсы күресіп, Азовсталь комбинатын жанқиярлық ерлікпен қорғаған «Азов» полкінің командирлерін Украинаға қайтарды. Алайда Ресей, Түркия және БҰҰ жасаған келісімге сәйкес, тұтқынға түскен «Азовтың» басшылары соғыс аяқталғанға дейін Анадолыда қалуға тиіс-тұғын. Бірақ Түркияның келісімді бұзып, күтпеген жерден мұндай қадамға баруы елдегі сыртқы саясаттың бағыты өзгере баста­ғанын аңғартады.

Дегенмен саммит соңы қуан­тарлық нәтиже көрсеткен жоқ. Көпшілік альянс Украинаның мүшелігіне қатысты ұстанымын айтарлықтай өзгертеді деп үміттенген. НАТО елдерінің мемлекет және үкімет басшыларын қамтитын жоғарғы орган – Солтүстік Атлантикалық кеңес отырысынан кейін альянстың бас хатшысы Йенс Столтенберг сұхбат берді.

Ол НАТО Украинаны ахуал түзелгенде ғана қабылдайтынын жеткізді. Сонымен бірге Киев мүшелікке өтуге қажет іс-қимыл жоспарын орындау қажет емесін атап өтті. Бұл – ұйымға мүше атануға үміткер мемлекеттерге міндетті саналатын әскери, сондай-ақ саяси реформалардың стандартты жиынтығы. Демек Украина шақырту алғаннан кейін мұндай міндеттемені орындау қажет емес. НАТО елдері қосылу туралы өтінішін қарап, келісімді өз еліндегі парламентте ратификациялайды. Әйтсе де, Украина қашаннан бастап трансатланттық альянсқа кіретіні басы ашық мәселе күйінде қалып отыр.

НАТО сондай-ақ Украи­на­ қарулы күштерінің қабі­ле­тін арттыру үшін жап­пай жауынгерлік дайындық бағ­дар­ламасын жасауға уәде берді. Альянстың тілімен айтқанда, ұйымның стандарттарымен, ең алдымен, байланыс саласындағы, байланыс желілерін пайдалану ережелерін, әуе қорғанысы мен штаб мәдениетімен толық үйлесімді жұмыс жүргізілмек. Ендеше, Украина әскерилері жаппай ағылшын тілін үйре­нуге тиіс. Бұған қоса, бұ­рын­ғы Украина-НАТО комис­сиясының орнына бар­лық мүшелері тең болатын кеңес құрылды.

Ұлыбританияның премьер-министрі Риши Сунак Украина ертелі-кеш альянсқа кіретінін алға тартады. НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг сәрсенбі күні аталған мемлекетпен тең дәрежеде кездеу өткізгенін, бірақ болашақта одақтас ретін­де жолығуға үмітті екенін білдірді. АҚШ президенті Джо Байден Украина президенті Володимир Зеленскийге уәде беріп, бұл мәселені түбіне дейін жеткізетінін айтқан көрінеді. Оның сөзіне сүйенсек, Украина дұрыс бағытта келе жатыр. Ұлыбритания қорғаныс министрі Бен Уоллес саммит Украинаның НАТО-ға тиесілі екенін көрсетті деп есептейді. Осылайша, ұйымға мүше мемлекеттер бұдан былай ресми Киев трансатланттық альянсқа қажет пе деп сұрамайды. Тал­қы­­ланатын ендігі мәселе – Украинаның ұйымға қашан  мүшелікке өтуі болмақ.