• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Үкімет 17 Шілде, 2023

Өңірдің өзекті мәселесі

227 рет
көрсетілді

Парламент Сенаты мен Мәжілісі депутаттарының аймақтардағы сапары жалғасуда. Өңір тұрғындары кездесуге келген назарына шешімі кезек күттірмейтін бірқатар жайтты жеткізді. Атап айтқанда, әлеуметтік қорғаудың әлеуеті, денсаулық сақтау саласындағы мәселелер, ауыз сумен қамту, жайылымдық және егістік жер тапшылығы сияқты сұрақтар көтеріліп, жағдайдың оң шешімін табуына депутаттар тарапынан ықпал етуді сұрады.

Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейтжан өңірлерге іссапары аясында Атырау облысына барды. Облыс орталығындағы №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының басшыларымен кездесіп, жұмысымен танысты.

Орталық барлық дәрежедегі ақыл-ой кемістігі мен зағиптығы, бас миының органикалық зақым­дан­ғаннан кейінгі бөгде адамның тұрақты күтімін қажет ететін психоневрологиялық патологиясы бар 3 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедек балалардың тұруына арналған. Қызмет алушыларға үй жағдайына жақындатылған, жасы мен денсаулығын, жеке қажеттіліктерін ескере отырып, олардың жеке даму, әлеуметтену және ортаға бейімделу деңгейін арттыруға бағытталған арнаулы әлеуметтік қызмет көр­сетіледі.

Сондай-ақ депутат мұндағы қызметкерлер өз істерінің мамандары екенін әрі жұмыстарын сүйіспеншілікпен орындайтынын атап өтті. Орталық басшылығы тәрбиеленуші балаларға берілетін арбалар сапасының төмендігі және кей ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолдану қиындық туғызатыны жөнінде шағымдарын айтты.

***

Астанада Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай «Amanat» пар­тия­сының қалалық филиалы мен қалалық құрылыс бас­қар­масының өкіл­дерімен бірге елордадағы Қ.Мұңайт­пасов атын­дағы Орталық стадионда болды.

Спорт ғимараты бірнеше жыл бұрын апатты жағдайға байланыс­ты жабылған болатын. Депутатқа сапар барысында футбол орталы­ғының жаңа құрылысының жобасы таныстырылды. Бұдан бұрын осы стадионға күрделі жөндеу жұмыстарын жасау көзделген болатын. Мамандар мәселені зерделей келіп, оны жаңадан салған тиімді екені анықталды. Қазіргі кезде әлемдік стандарттар бойынша футбол біріншіліктерін өткізу мүмкіндігі бар 4 500 орындық толыққанды стадион салу туралы шешім қабылданғаны айтылды. Жоба бойынша тек футбол ғана емес, сонымен қатар ста­дион аумағында балалар мен жас­өспірімдердің спортпен шұғыл­дану мүмкіндігі қарасты­рылған.

Депутат Бибігүл Жексенбай өз кезегінде балалар мен жасөс­пірімдердің жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасау, оның ішінде өнерді зерттеу және спортпен шұғылдану мемлекеттің басымдығы болып саналатынын жеткізді. Білімді, тәрбиелі және дені сау ұрпақ ұлттың ең қымбат игілігі екенін жеткізді. Кездесу барысында сенаторға Астанада салынуы жоспарланған басқа да нысандар бойынша ақпарат айтылды.

***

Мәжіліс депутаты, «Amanat» фракциясының мүшесі Ерлан Абдиев Түркістан облысы Қазығұрт ауданының Аманкелді елді мекеніне барып, жалпы орта білім беретін мектептің құрылыс жұмысымен танысты.

Онда 150 орынға арналған қосымша мектептің құрылысын жүргізіп жатқан мердігермен және тапсырыс берушімен нысандарды салу үдерісінде туындайтын проблемалық мәсе­ле­лерді талқы­лады. Аталған нысан 2022 жыл­дың мамыр айын­да басталған, қаржының жетіс­пеушілігіне бай­ла­нысты құрылыс тоқтап, биылғы жылдың наурыз айында қар­жысы бөлініп, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Сапар барысында депутат құ­рылысы жүріп жатқан Сарапхана ауылдық округі, Майлы­ошақ елді меке­нінен 200 орындық А.Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектебіне барды. Білім ошағының құрылысын «Өмірзақ» ЖШС жүргізуде. Құрылыс 2021 жылы басталған. Биыл желтоқсан айына дейін аяқталуы тиіс. Мәжіліс депутаты қос нысанды аралау барысында құ­ры­лыстың бірқатар атқарылуы тиіс жұмыстарына назар аударды.

***

Сенатор Қайрат Тастекеев Абай облысындағы Ақсуат және Көкпекті аудандарының тұрғындарымен және мәслихат депутаттарымен кездесті.

Сенатор кездесу барысында тұрғындармен сөйлесіп, ай­мақтың жағдайымен танысты. Депутат сондай-ақ VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясы аясында атқарылған жұмыстар туралы тұрғындарды хабардар етті.

«Сенат осы уақыт ішінде Мемлекет басшысының елімізді жаңғырту жөніндегі реформаларын заңнамалық қамтамасыз ету жөнінде ауқымды жұмыс атқарды. Парламент үш айда 25 заң қабылдады. Оның ішінде 10 заң депутаттық корпустың бас­тамасымен әзірленді», деді сенатор.

Кездесу соңында тұрғындарды толғандыратын мәселелер тал­қы­ланды және Парламент қабыл­даған заңдар бойынша жан-жақты пікір алмасу өрістеді.

***

Мәжіліс депутаты, «Amanat» фракциясының мүшесі Бауыржан Смағұлов Шахтинск қаласында болып, «Шах­тинс­ктеплоэнерго» ЖШС-ға тие­сілі жергілікті жылу электр орта­лы­ғына барды.

Сапар барысында халық қа­лау­­лысы жылу электр орталы­ғын­дағы бір­қатар мәселені анық­тады. Оны уақтылы шешпеген жағдайда, қала тұрғындары қыста жылусыз қалады. Биыл мамырда 1, 3, 4-қазандықтарды жөндеу жұмысы басталды. Бұл жұмыс 15 қыркүйекте аяқталуы тиіс. Депутат ЖЭО-ны жаңғырту мәселесін өз бақылауына алатынын мәлімдеді.

Жалпы, Қарағанды облысында жалпы 247,3 шақырым жылумен жабдықтау желілерін күрделі жөндеуден өткізу және қайта жаңғырту, 320 шақырым электрмен жабдықтау желілерін күрделі жөндеуден өткізу және қайта жаңғырту, 110,8 шақырым су бұру желілерін және тағы басқаларды күрделі жөндеуден өткізу және реконструкциялау жоспарлануда.

***

Сенат депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек және Алишер Сатвалдиевтің Түркістан облысындапғы сапары Қазығұрт ауданында жалғасты.

Өнер мектебінде жергілікті тұр­ғындармен болған кездесуге ардагерлер кеңесінің мүше­лері, кәсіпкерлер мен шаруалар, аудандық мәслихат депутаттары және қоғамдық ұйым­­дардың өкілдері қатысты. Се­на­­торлар кездесу барысында қа­былданған ұлттық және ха­лықаралық заңнаманың баптары мен оған толықтырулар туралы жиналғандарға жан-жақты түсіндіріп, өңірдегі мәсе­ле­лер бойынша пікір алмасты. Әңгіме барысында мемлекеттік шекараның тозған бағанасын, жолдарды, күрделі жөндеуді қажет ететін нысандарды ретке келтіру, сондай-ақ аудан­да туризм саласын дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және шар­уа­ларға төмен пайызбен несие беру сияқты мәселелер қозғалды. Сенаторлар өз кезе­гінде көтерілген барлық мәсе­ле­лер Парламенттің алдағы сессиясы барысында олардың назарында болатынын атап өтті.

Парламентшілер сонымен қатар Шарбұлақ ауылдық окру­гінің Ақбастау елді мекенін­дегі 150 орындық мектепке барып, сондай-ақ қосымша салынып жатқан ауыз су қоймасы құрылысының барысымен танысты.