«QazExpoCongress» ҰК» АҚ басшылығы EXPO 2025 Osaka Ұйымдастыру комитетінің өкілдерімен кездесті. Жұмыс бабындағы кездесу аясында Қазақстанның көрмеге қатысу шартына қол қойылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазақстан тарапынан шартқа Ұлттық секцияның бас комиссары Дәулет Еркімбаев, Жапония тарапынан қауымдастықтың Бас хатшысы Хироюки Ишиге, EXPO-2025 Osaka Дүниежүзілік көрмесінің Бас комиссары Коджи Ханеда қол қойды.
«Жапонияда өтетін EXPO-2025 көрмесіне дайындықты бастап кеттік. Барлық ұйымдастырушылық сұрақтар мен «Өмірлерді құтқару» тақырыптық кластерінде орналасатын павильонымызды толық пысықтап жатырмыз. Көрменің басталуына екі жыл бар, бірақ іс жүзінде аз уақыт қалды. Көрме 2025 жылдың 13 сәуірінде ашылып, 13 қазанында аяқталады. Ұйымдастырушылардың болжамы бойынша, көрмеге әлемнің 150 елінен 28 миллионнан астам адам келуі тиіс, сондай-ақ 25 халықаралық ұйым өкілдері қатысады деп жоспарланып отыр», деп атап өтті Д.Еркімбаев.
Айта кетсек, EXPO-2025 Осакадағы Юмешима жасанды аралында өтеді. «Біздің өміріміз үшін болашақ қоғамын құру» көрмесінің тақырыбы үш тақырыпшадан тұрады: «Өмірлерді құтқару», «Құқық мен мүмкіндіктерді кеңейту» және «Өмірлерді біріктіру». Көрменің жалпы ауданы шамамен 155 га құрайды. Қазақстан павильоны Италия, Нидерланд, Сингапур және Болгария павильондарымен көршілес орналасатын болады.