Франция тасжолдарында өтіп жатқан велоспорттан «Тур де Франс» Гранд-турының 15-кезеңі мәресіне жетті.
Францияның таулы және курортты аймағы саналатын Ле Же және Сен-Жерве-ле-Бен қалаларын жалғаған 15-кезеңде нидерландтық Ваут Пулс («Bahrain-Victorious») жеңіске жетті. 179 шақырымға созылған таулы кезеңді ол 4 сағат 40 минут 45 секундта жүріп өтті. Пулстан екі минуттан аса уақытқа қалып қойған бельгиялық Ваут ван Арт («Jumbo-Visma») екінші, франциялық Матье Бургодо («TotalEnergies») үшінші орынға ие болды. Ал «Астана» өкілдерінен Алексей Луценко мен Харольд Техада мәреге 32 және 33-болып жетті.
Жалпы есепте «Тур де Франстың» былтырғы жеңімпазы даниялық Йонас Вингегаард («Jumbo-Visma») көш бастап тұр. Оны осы жарыстың 2020 және 2021 жылдардағы үздігі словениялық Тадей Погачар («UAE Team Emirates») өкшелеп келеді. «Астана» сапынан ең үздік нәтиже колумбиялық Харольд Техадаға тиесілі. Ол 28-орынға жайғасқан.