Алматыда балдырған суретшілерді баулитын орталықтар аз емес. Әлемге балалар көзімен үңілсеңіз, өнерден өрнек іздеген өрендердің өмірді қабылдауы да әртүрлі екенін байқар едіңіз.
Жуырда шығармашыл балаларды бір алаңда жинаған сурет көрмесі өтті. Жобаға жүздеген жеткіншектің жеке жұмыстары қойылған. Көрме қатысушылары ішінде халықаралық байқауларда топ жарған таланттар бар. Заңғар көкке қол созған асқар таулар, қызғалдағы құлпырған жазира жоталар, айнадай тұнық айдын көлдер олардың арманына қанат бітірген.
Шаһардағы «Бірге жасаймыз» жобасы мен «Сен суретшісің» шеберханасы кескіндеме мектебі ретінде 10 жыл бойы қалалық және аудандық көрмелерге белсенді қатысып келеді. Жас суретшілерге арнап Қазақстан мен Украинаның белгілі бейнелеу өнер шеберлері шығармашылық сабақтар, түрлі пленэрлер өткізуді дәстүрге айналдырған. Мектеп түлектері бүгінде тек Алматы қаласының ғана емес, сонымен қатар АҚШ, Англия, Аустралия және басқа да елдердің көркемсурет колледждері мен жоғары оқу орындарының студенттері.
Ең бастысы – аталған шығармашыл орта тек балаларды ғана емес, өнерге немқұрайды қарамайтын, өз дарындарын шыңдағысы келетін түрлі жастағы адамдарды біріктіре білген. Себебі шығармашылық ұшқынын әрбір адамның бойынан табуға болады дейді жоба авторлары. Кенеп бетінде сенімді сырғыған қылқалам қимылынан түрлі жолақтар, бояулар мен бейнелер пайда болып, соңында тамаша бір картинаның дүниеге келуін бақылау бір ғанибет. Балалар шығармашылығын қолдау, ата-аналар мен оқытушылардың өзара қарым-қатынастарын дәріптеу мақсатында ашылған көрме шаһар тұрғындары мен қонақтарына жайлы әсер сыйлады.
Бейнелеу өнерінің барлық түрін қамтыған туындылар жас шеберлердің ішкі әлеміндегі толқынысын паш етеді. Қаншама жазықсыз жандар жапа шеккен әскери қақтығыстар, әлемдегі геосаяси тұрақсыздық балалардың да көңіл алаңына айналған. Адамзатты бейбіт өмірге шақырған картиналарда балалар жыламаса, ата-аналар аман болса деген әппақ тілек жатыр. Бірлік пен ынтымақты ту еткен кенеп жағындыларынан тазалықтың иісі аңқиды.