Бірқатар қарағандылық кенші қоныстойын атап өтеді. Облыс әкімдігі «Отбасы банкімен» бірлесіп, үстемесі жеңілдетілген ипотеканы еңбеккерлерге үлестіруді былтыр жолға қойған-тын. Бұл жолы игі бастамаға «Шұбаркөл Көмір» көмір өндіруші компаниясы қосылып, өз қызметкерлерінің баспана мәселесін шешуге септігін тигізіп отыр.
Тұрғын үй сертификаттарын тапсыру рәсіміне Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова және ERG Директорлар кеңесінің мүшесі Шухрат Ибрагимов қатысты.
– Ынтымақтастық үшін «Отбасы банкіне» алғыс айтамыз. Әкімдік тарапынан біз ұдайы осындай пайдалы бағдарламаларды тұрақты қолдайтын боламыз. Тұрғын үй – ең өзекті әрі ең маңызды мәселе. Бұл бастама кеншілеріміз үшін зор қуаныш десек те болады. Баспана таңдаушыларға алдымен асықпауға кеңес беремін, бүгінде пәтерлердің таңдауы кең. Биылдың өзінде 800 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй қатары салынып жатыр. Бастапқы нарық бағамы да қолжетімді болып отыр, – деп атап өтті Е.Бөлекпаев.
Банк басшысы Ләззат Ибрагимова аталған өндіріс компаниясымен үнемі ынтымақтастық байланыста екенін айтты.
– Бұл бағдарламаның басты артықшылығы – бастапқы жарнасы 10 пайызды құраса, жылдық төлем мөлшерлемесі – 5 пайыз. Әлбетте, өз өмірін өндіріс саласына арнаған жас мамандар үшін өте қолайлы. Біз ERG-мен бірінші жыл жұмыс істеп отырған жоқпыз, осындай ынтымақтастықтың нәтижесі жүздеген кеншілерге қуаныш сыйлайды. Әрі қарай осындай жұмыстарды жүзеге асыра береміз, – дейді Л.Ибрагимова.
Бағдарлама 5 жылға жоспарланған. Несиенің ең жоғарғы сомасы – 20 млн теңге шамасында. Тұрғын үйге мұқтаж қызметкерлердің тізімін «Шұбаркөл Көмір» акционерлік қоғамы әзірлейді. Жыл соңына дейін кәсіпорынның 60-қа жуық қызметкері жеңілдетілген ипотеканы кәдесіне жаратпақ екен.
Еңбеккерлердің баспаналы болуы үшін облыстық бюджеттен 400 млн теңге бөлінген. Тағы 300 млн теңгені «Отбасы банк» және 400 млн теңгені Еуразиялық Топ (ERG – Eurasian Resources Group) жауапкершілігі шектеулі серіктестігі инвестициялайды.
Еуразиялық Топ тарихы 1994 жылдан бастау алады. Компания акционерлері осы кезеңде ел аумағында алғашқы активтерін сатып алған. Содан бергі уақытта ERG пайдалы қазбаларды өндіру және өңдеу саласында әртараптандырылған жетекші компаниялардың біріне айналып үлгерді. Аталған компания басқа өңірлерде де осындай тұрғын үй бағдарламасын қолдап жүр. Ш.Ибрагимовтың айтуынша, екі жыл ішінде компания жұмыскерлеріне 600 пәтердің кілтін табыстапты.
– Сертификаттарды тапсыру кәсіби мереке – Металлургтер күніне тұспа-тұс келгені қуантады. Акционерлер мен компания басшылығының атынан кәсіпорынды дамыту жолында жасаған барлық жұмыс үшін ақжарма алғысымды жеткізгім келеді. Сіздерге зор денсаулық, баянды бақыт тілеймін, – деп Ш.Ибрагимов кәсіби мерекемен және алдағы қоныстойымен құттықтады.
«Шұбаркөл көмір» кәсіпорнындағы еңбек өтілі 22 жылға толған Эльмира Құлметова 15 жастағы ұлын жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Жақында баспаналы боламыз деп қуаныш құшағында жүр.
– Мен қазір орталық қойманың қоймашысы болып жұмыс істеймін. Осы уақытқа дейін ата-анаммен бірге тұрып келдік. Жеке пәтер сатып алуға мүмкіндік болмады. Осы бағдарламаға ұйытқы болғандарға үлкен рахметімді айтамын. Енді ұлым екеуміздің өз баспанамыз болады. Ол кәсіптік-техникалық колледжге түспекші. Баспана – басты мәселе. Бұл – жас кеншілер отбасыларын қолдауға, өндіріс саласын өркендетуге, кеніш ошақтарына кәнігі мамандарды тартуға ықпал ететін өте тиімді бағдарлама. Біз өндіріс адамдары ретінде көрсетілген қолдауға өте ризамыз, – дейді Э.Құлметова.
Инженер-технолог Нұрсұлтан Бадан кәсіпорында 6 жылға жуық жұмыс істейді. Бұған дейін Қарағайлы ауылында ата-анасымен бірге тұрып келген. Өзінің жеке үйін көптен армандаған екен.
– Қарағанды техникалық университетін тәмамдап, бірден «Шұбаркөл Көмір» компаниясына жұмысқа тұрдым. Бұл жерде еңбек етіп, өсіп-өнгім келді. Әрі тұрғын үй сертификаттары берілетінін біліп, бірден қатысуға шешім қабылдадым. Бағымыз жанып, тапсырған өтінішім мақұлданыпты. Енді мен екі бөлмелі пәтер сатып ала аламын. Отбасыма қолайлы жерді де қарастырып қойдық, – деп ағынан жарылды 28 жастағы технолог.
Қарағанды облысында кеншілер мен металлургтер үшін жеңілдетілген ипотека өткен жылы басталған. Былтыр бағдарлама игілігі арқылы 134 отбасы баспаналы болды. Жеңілдетілген ипотеканы Саран, Абай, Шахтинск және Теміртау сынды қанаттас қалалардан да алу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Ипотекаға қатысушыларды іріктегеннен кейін құжаттар банкке жолданады. Биыл 75 отбасы үй алады деп жоспарланып отыр.
Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Egemen Qazaqstan»