Елімізде соңғы екі жылдан бері тауарларды таңбалау жұмыстарымен Сауда және интеграция министрлігі айналысып келеді. Қазіргі күні тауар экспорты елу пайыздан жоғары көрсеткішті құрап отыр. Негізінен тауарларға таңбалауды жүргізу көлеңкелі айналымның үлесін төмендетіп қана қоймай, халықты жалған өнімнен қорғайтыны бар. Міндетті таңбалау енгізілгеннен бері, соңғы екі жылда жеңіл өнеркәсіп нарығында – 65%, оның ішінде аяқкиім – 48,5%, алкогольді ішімдіктер – 25% бен дәрі-дәрмектер 12%-ға төмендеген.
Биыл бірінші сәуірден бастап елімізде аяқкиім тауарларын таңбалау және қадағалау ережелері толық күшіне енді. Алдағы уақытта тіркелімнен өтпеген аяқкиімді сатуға тыйым салынады.
Қолданыстағы ережеге сәйкес, наурыз айында таңбаланған аяқкиімнің көлемі екі есеге өсіп, 6 145 348 бірлікті құраған. Сәуір мен мамыр айларында тауарларын таңбалау және қадағалау жүйесінде ай сайын 15 млн астам аяқкиім коды тіркеліпті. Бұл бизнестің жоғары белсенділігін көрсетеді. Осыған қарағанда, қадағалау жүйесі көлеңкелі экономикамен күресіп отыр деуге болады. Ал ресми мәліметтер бойынша, бұл саладағы көлеңкелі экономика статистикасы 48%-ды құраған. Бағамдасақ, әрбір екінші аяқкиім елге заңсыз жеткізілген дегенді білдіреді.
Отандық өндірушілер аяқкиім тауарларын цифрлық таңбалау және қадағалау ережелерін сақтауды қолдайтынын айтады.
«Өндірістерде таңбалаудың барлық қажетті үдерісі құрылған, мұнда күрделі ештеңе жоқ және таңбалауды енгізуде проблемалар туындамады. Біз таңбаланбаған аяқкиімді сатуға тыйым салуға дайын болдық, өйткені таңбалануға тиіс екенін түсінеміз және нарықта ашықтық пен салауатты бәсекелестікті сақтаймыз. Таңбалауды енгізу тауар құнына түбегейлі әсер еткен жоқ», дейді «QazTextileIndustry» жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының Ұлттық бірлестігі заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер одағының басқарма төрағасы Гүлмира Уахитова.
Кәсіпкерлердің, оның ішінде импорттаушылардың деректері бойынша, таңбалауға жұмсалған шығын орта есеппен 350 теңгені немесе бір аяқкиімге шамамен 1%-ды құраған. Аяқкиім өндірушілері таңбалау шығындарын қосқанда, олардың маржасын 2-4%-ға төмендеткен.
«Аяқкиімді цифрлық таңбалаудың қанатқақты жобасына қатыстық. Таңбалау шығындарына келетін болсақ, біз принтер мен Data Matrix кодтарын бір рет сатып алдық, бұл шығындар аяқкиімнің өзіндік құнына айтарлықтай әсер етпейді. Сонымен қатар таңбаланбаған аяқкиімді сатқаны үшін айыппұл енгізу дұрыс. Бизнесті жүргізу ережелері мен шарттары бәріне бірдей болуға тиіс», деген пікірін білдіреді «Таразкожобувь» ЖШС бас директоры Еркін Әбдібаев.
Цифрлық таңбалау мен қадағалауды енгізу нәтижесінде аяқкиімнің ресми импорты 13 млн жұпқа 30%-ға (37,2 млн жұптан 53,1 млн жұпқа дейін) ұлғайған.
2018-2020 жылдар аралығында таңбалау енгізілгенге дейін аяқкиім импортының көрсеткіші 35-39 млн жұп көлемінде өзгерді. Аталған жүйеде тіркелген аяқкиім кәсіпкерлерінен түсетін салық түсімдері 2021 жылдың қорытындысы бойынша 2020 жылмен салыстырғанда 55%-ға өскен. Ал 2022 жылдың қорытындысында салық түсімдері 2021 жылдың сәйкес кезеңімен алғанда 2,2 есеге артқан. Осыған қарап, нарықтағы тұтынушылардың қажетін импорттаушылар өтеп отыр деуге болады. Соңғы бір жылда отандық өндірушілер 1,7 млн жұп аяқкиім шығарып, 2021 жылмен салыстырғанда 17,6%-ға артқан.
Осы жылдың бірінші тоқсанында 421 мың жұп өндіріліп, 2022 жылдың қаңтар-наурыз айларына қарағанда 38%-ды құрады.
Сонымен қатар ұзақ мерзімде еліміздің былғары өнеркәсібі тұралап, тек соңғы 20 жылда өндіріс өсімінде біраз өзгерістер орын алғаны бар. 2008, 2011 және 2015 жылдары 1,7-1,8 млн жұп аяқкиім шығарылғанымен, артынша үш жылдай құлдырауға түсті.
Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде аяқкиім шығаратын алты компания жұмыс істейді. Олардың арасында Жамбыл облысындағы «Таразкожобувь» ЖШС жылына 500 мың жұп бәтеңке, кебіс, спорттық аяқкиім мен етік шығарады. «Казлегпром-Алматы» ЖШС киім-кешек пен аяқкиім фабрикасының жылдық қуаты жоғары көрсеткіште. Бұлардың қатарында «Жетісу» АҚ Алматы аяқкиім фабрикасы да бар.
Қаржылай алғанда, былғары өнеркәсібінің барлық кәсіпорыны,оның ішінде аяқкиім өндіру және теріден былғары өңдеу былтыр 15,5 млрд теңгенің өнімін шығарған. Алдыңғы жылмен салыстырғанда құндық мәні 16,6%-ға артқан. Биылғы қаңтар-сәуір айлары аралығында былғары өңдеушілер өнімінің құны 5,8 млрд теңгеден асып, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26,8%-ды құрады. Былтыр нарық тұтынушылары 40,3 млн жұп аяқкиім сатып алған. Мамандар 19,8 млн халқы бар ел үшін 1,7 млн жұп аяқкиім тігу өте аз көрсеткіш екенін айтып отыр.
Соңғы 20 жылда отандық өндіріс бір орында тұралап, өзіміздегі етікшілердің үлесі нарықтың 3,3%-ын ғана құраған. Осыдан 15-20 жыл бұрын отандық аяқкиім фабрикаларының ішкі нарықтағы өнімінің үлесі әлдеқайда жоғары (25%-37%) еді. Дегенмен көлемі қазіргідей аз болған. Мәселен, 2011 жылдан бастап тұтынушылар аяқкиімді көбірек сатып алып, ішкі нарықтағы сатылым көлемі төрт жыл ішінде 15 есеге ұлғайып, 5,1 млн-нан 80,9 млн жұпқа дейін артқан. 2014 жылы осындай рекордтық көрсеткіштен кейін аяқкиім сатылымы бір төмендеп, бір көтерілсе де, 24 млн жұптан төмен түспеген.
Қазіргі таңда ел тұрғындарына аяқкиімді шетелдік жеткізушілер қамтамасыз етіп, 96,7%-ды құрап отырған көрінеді.
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің есептері бойынша, Қытай елімізге аяқкиімнің негізгі жеткізушісі болып табылады.Одан кейін Түркия мен Өзбекстан қамтып отыр. Өткен жылы елімізге 38,7 млн жұп, биыл қаңтар-наурыз айлары аралығында 12,2 млн жұп (бір жылда 75,6% өскен) тасымалданған. Ал бізге келетін импорттық тауарлар бағасын шетелдік жеткізушілер белгілейді. Елдегі аяқкиім өнімдері бағасының соңғы жылдағы ең елеулі өсімі 2022 жылдың қарашасынан 2023 жылдың қаңтарына дейін тіркелді. Жылдық баға өсімінің көрсеткіші 18%-19%-ды құрап, ал ақпан-наурызда 120%-дан асып түскен. Мамыр айының соңындағы статистикаға сүйенсек, жыл сайын аяқкиім құнының 18,1%-ға артқандығын, оның үстіне ерлер кебісі, спорттық аяқкиім мен бәтеңкелері әйелдер сүйретпесі, сандал мен лабутендерге қарағанда қымбаттап, бір жыл ішінде 17,8%-16,8%-ды құраса, балалар аяқкиімі 20,1% болды.