Апта басында Қазақстан қор биржасында (KASE) доллар/теңге валюта жұбының саудасы 1 доллар үшін 445,48 теңгеден басталды. Бір күн ішінде ұлттық валюта 1 доллар үшін 445,48 – 447,30 теңге аралығында саудаланды. Соңғы мәміле қазірдің өзінде бір доллар үшін 446,95 теңгемен жабылды. Нәтижесінде, Ұлттық банктің алдағы бірнеше күндегі ресми бағамы 446,48 теңгені құрады, бұл – өткен аптаның қорытындысымен салыстырғанда бірнеше теңгеге жоғары.
Аптаның басы теңге мен доллар арзандап, мұнайдың қымбаттауымен есте қалды. Бұл көрініс рубль түшкірсе, теңгеміз ентігіп қалатын кездерді қайта еске түсірді. Brent маркалы мұнай соңғы жеті күнде шамамен 4 пайызға өсіп, барреліне 81 доллардан жоғары болды. Дәл қазір еуропалық эталон 81,75 долларға жетті, бұл – 2023 жылдың сәуір айының соңынан бергі ең жоғары мұнай бағасы.
Мұнай бағасының көтерілуінің бір себебі – доллардың әлсіреуі. Басқа да тауарлар сияқты қара алтынның котировкалары да доллармен көрсетілгендіктен, «жасыл қағаздың» жайлап төмендеуі мұнайға сұранысты арттыруы мүмкін. Доллар әлсіреген кезде шетелдік сатып алушылар үшін мұнай бағасы төмендейді, бұл оған сұранысты арттыруы мүмкін.
Осылайша, АҚШ валютасының басқа елдердің валюталары – еуро, иен, фунт – стерлинг, канадалық доллар, швед кронасы және швейцариялық франкке қатысты салыстырмалы күшті немесе әлсіздігін көрсететін доллар индексі соңғы аптада айтарлықтай төмендеді. Доллар индексі (DXY) өткен жұмада 103,08 пайыздан қазірге дейін 99,9 пайызға дейін түсіп кеткен. Қысқа уақыт ішінде индекс 99,58 пайызға дейін төмендеді, бұл – осы сәуір айының басынан бергі ең төменгі деңгей.
Теңге мен рубльдің параллель айырбастау бағамы – бізге таныс құбылыс. 2015 жылдың қаңтарында ақша айырбастау пункттерінде бір рубль үшін – 3 теңге, 2022 жылдың шілдесінде 9 теңгеге бағаланғанын әлі ұмытқан жоқпыз. Соңғы жиырма жылда рубль мен теңге дәлізі 4,7–5,7 теңге аралығында тербеліп келді. Осы жылдың ақпан айында рубль мен теңгенің ресми түрде ажырасқанын біздің газет алғашқылардың бірі болып сараптаған болатын. Сарапшылардың сөзінше, қазір екі елдің валютасының өз жолы, өз бағдары бар. Бұрынғыдай «рубль әлсіресе, теңге де әлсірейді» деген тенденция жоқ. Бірақ рубль төңірегіндегі жағдайға көз жұмып қарауға болмайды. Сайып келгенде, Ресей – еліміздің негізгі сауда серіктестерінің бірі. Ресей валютасындағы жағдай белгілі бір дәрежеде Қазақстандағы экономикалық үдеріске әсер етеді.
Рубль сауда балансының түзелуіне байланысты әлсіреді: Ресейде шетел валютасы аз, импорт көп.
Ресейдің бас банкирі Эльвира Набиуллина осы аптаның басында рубльдің құлдырауын сыртқы сауданың динамикасымен түсіндірді. Оның айтуынша, рубльдің бұрынғы нығаюы 2022 жылы экспорттың күрт өсуі мен импорттың азаюына байланысты болса, қазір жағдай өзгерді. «Бізде қысқа мерзімді ауытқуларды тегістейтін құралдар бар, бірақ құбылмалы айырбас бағамы, сыртқы өзгерістерді, сыртқы күйзелістерді экономикаға оңай сіңіруге мүмкіндік береді», дейді ол.
Бірақ сонымен қатар көрші елдің валютасының қазіргі деңгейі басшыларының өздері қалаған деңгейде болуы әбден мүмкін деген де болжам бар. Арзан рубльге қызығушылық танытатын ойыншылардың саны өте көп екенін сарапшылары да айтып жатыр. РФ қаржы министрлігіне бюджетті толтыруы үшін рубль арзан болғаны тиімді.
Экономист Алмас Чукиннің айтуынша, теңгеміздегі аз ғана тербеліске рубльдің түк те қатысы жоқ. Шілде-тамыз айлары теңгеге аса жайлы уақыт емес. Бұл айда іскерлік белсенділік төмендейді. А.Чукиннің айтуынша, Үкіметтің Ұлттық қордан трансферттер алудан және бюджет шығыстарын кейінге қалдырудан қалыптасқан 3 триллион теңге әлі игерілмеген. «Алдағы үш-төрт айда 1 доллар 460-470 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін. Қараша-желтоқсанға қарай айырбас бағамы қалпына түседі», дейді сарапшы.
Сарапшының айтуынша, құнсызданып жатқан рубль теңгеге жанама, кросс бағам арқылы әсер етеді.
Егер, арифметикаға жүгінсек, 1 доллар – 90 рубль, ал теңгеге шаққанда 450 делік. 450-ді 90-ға бөлген кезде біз теңгеге 5 рубль бағам болып шыға келеді. Ал 1 доллар 470 теңге болса, онда сол 470-ті 90-ға бөлсек, 1 рубль 5,2 теңгеден айналады. Мұндай жағдайда рубль аздап қымбаттап шыға келеді екен. Демек экономистің айтуынша, теңге мен рубльдің салмағын айқындап тұрған өлшем бірлігі – доллар.
Қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев Ресей бюджет тапшылығын бастан кешіп жатқандықтан, рубльдің құнсызданып тұрғанын айтады. Барлығы Ресей экономикасының жағдайына, экспорттың, импорттың жай-күйіне, әскери операциялардың қалай жүргізілетініне, Ресей экономикасында тәуекелдердің қаншалықты күшті болатынына байланысты шешіледі, яғни көптеген фактор бар. Сондықтан рубль бағамын болжау – өте қиын. Ресейдің Орталық банкі рубльдің құнсыздануын тоқтатуға емес, ішкі нарықта шетел валютасын көбірек сатуға мүдделі екенін сарапшылардың біразы айтады. Орталық банк валюта бағамын тоқтатуға тырысқан сайын елдегі инфляция өсіп барады. Орталық банк үшін рубль емес, инфляцияны ырықтандырған маңызды.
Сонымен қатар сарапшы рубльдің құнсыздануының Қазақстан үшін оң және теріс жақтарын, біз үшін тиімді, тиімсіз тұстарын да қаперге салып өтті. Оның айтуынша, рубль бағасының төмендеуі біз үшін тиімді.
«Теріс жағы – рубль құлдыраған сайын, біз Ресейден соғұрлым көп тасымалдай аламыз. Бірақ көрші елдің бізге ұсына қоятын импортының да саны шектеле бастады. Рубльдің құлдырауына байланысты Ресейден келетін импорттың да бағасы өседі. «Сондықтан біз тез арада базалық мөлшерлемені төмендетіп, экономикаға несиелік серпін қайтарып, нарықты арзан ресейлік импортқа қанықтырып алмау үшін өз кәсіпорындарымызды дамытуымыз керек», деп есептейді сарапшы.
Келесі сарапшы Расул Рысмамбетовтың айтуынша, – рубльдің доллар мен еуроға қатысты әлсіреуінің салмақты себебі бар. ФРЖ мен Еуропалық Орталық банктің саясатын қайта қарап, базалық мөлшерлемені көтереді. Қазір барлық елдер ақша-несие саясатын барынша қатаңдатып жатыр. Батыс елдерінің санкциясы валюта бағамының барометріне айналды. «Ресей экономикасы санкцияға бейімделіп келе жатыр. Ал біздің ел үшін маңыздысы мүмкіндіктерді өзімізге қарай икемдей алу. Рубль бюджеттік шығындары өскендіктен құлдырап жатыр. Рубльдің теңгеге қатысты бағамы 4 теңгеге дейін төмендеп кетуі мүмкін. Ресей валютасына қысымды арзан шикізат бағасы, Ресейдің төлем балансындағы ағымдағы профициттің маусымдық нашарлауы, шетел компанияларының елден шығып жатқан валютаға сұранысы, сондай-ақ геосаяси жағдайдың шиеленісуі әсер етеді. Осы ретте сарапшы 2014-15 жылдар қайталанып келе жатыр деген пікірге негіз жоғын да айтып берді. Қазіргі курс нарыққа бағдарланған. Бұл – дұрыс бағыт. «Ұлттық банк пен Үкімет бизнесімізді, валютамызды қорғау үшін интервенцияға дайын болуы керек. Ресейден келіп жатқан арзан импортқа алданып қалуға болмайды. Бізге өз өндірісімізді қорғау керек», дейді Р.Рысмамбетов.
РФ долларға да, еуроға да тәуелді болғысы келмейді, осы екеуінен тысқары тұратын валюталық одақты қалайды, соған бастамашы болғысы келетіні белгілі болып қалды. Дәл қазір әлем үшін ең маңыздысы – АҚШ доллары. Доллар – Америка Құрама Штаттарының валютасы емес, әлемдік экономиканың салмақты үлесімен қамтамасыз етілген халықаралық сауда валютасы. Мысалы, ирандықтар мұнайын доллар мен еуроға да, кей жағдайда қытай юаньіне сатады. «Біздің сырт елдермен тауар айналымының жартысына жуығы рубль-теңгеде, жартысы доллармен бағаланды. «Ресейде инфляция ырық бермей жатқанын сарапшылары ашық айтып жатыр. Рубльдің теңгеге шаққандағы бағамы төмендесе, 2014 жыл мен 2015 жылдың басындағы жағдай қайталанады деуге себеп жоқ. Қазір Ресей импортындағы юаньның үлесі өсіп барады, бұл рубльдің АҚШ долларына шаққандағы бағамына кері әсерін беріп жатыр. Ресей банкінің мәліметі бойынша, сәуірде юаньның экспорт пен импорттағы үлесі 23 пайыз еді, қазір 31 пайыздан асып кетті. Наурыз айында бұл көрсеткіш 18 және 27 пайыз болатын. Қытай валютасының импорттағы үлесі экспортқа қарағанда жылдам өсуде және ол неғұрлым жоғары болса, юаньның кросс-валюталар арқылы USD/RUB бағамына әсері соғұрлым жоғары болады», дейді Р.Рысмамбетов.
Түйіп айтқанда, апта басынан бері қазақ теңгесі сыртқы әсерлердің қыспағында тұр. Ұлттық банк теңгенің тұрақтылығын да, инфляцияның деңгейін де нарыққа қолайлы деңгейде сақтап отырғысы келеді.
Сыртқы өзгерістерді, сыртқы күйзелістерді экономикаға оңай сіңіруге мүмкіндік беретін тетіктің бар-жоғын айқындайтын картаны Ұлттық банк ашқан жоқ.