Биыл Испанияның Бильбао қаласынан бастау алған велоспорттан «Тур де Франс» Гранд-туры өз мәресіне таяп қалды.
Әйгілі веложарыстың 16-кезеңінде спортшылар жекелей сында бақ сынады. Сена өзенінің оң жағалауында орналасқан Пасси мен Комблу қалаларын жалғаған 22,4 шақырым жолды «Jumbo-Visma» командасының даниялық өкілі Йонас Вингегор бірінші бағындырып, жалпы есептегі жағдайын жақсартып алды.
Алтыншы кезеңнен бастап Вингегорды өкшелеп келе жатқан словениялық Тадей Погачар («UAE Team Emirates») мәреге екінші болып жеткенімен, көшбасшыдан 1 минут 38 секундқа қалып қойды. Енді жалпы есепте екі спортшының арасын 1 минут 48 секунд бөліп тұр. Бұл кезеңде бельгиялық Ваут ван Арт («Jumbo-Visma») үздік үштіктен көрінді.
Өкінішке қарай, «Астана» өкілдері әлі де үздіктер қатарынан көріне алар емес. 16-кезеңде отандасымыз Алексей Луценко небәрі 16-орыннан көрінді.